Әлеумет

Украина Ресей бақылауындағы аумақтан 14 баланы қайтарды

Украина Ресей бақылауындағы Херсон облысының аумағынан тағы 14 баланы елдің бақылауындағы аумаққа қайтарды.

Украина балалары

Олардың арасында әскери есепке тұруға мәжбүр болған 16 жастағы жасөспірім де бар. Бұл туралы Херсон облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Прокудин мәлімдеді. 

Қайтарылғандардың төртеуі – ұл, оны – қыз. Олардың жасы 6 мен 17 аралығында. Сонымен бірге кезінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған бір кәмелетке толған адам да Украина бақылауындағы аумаққа жеткізілген. 

Прокудиннің айтуынша, 16 жастағы жасөспірімді Ресей билігі әскери есепке тұруға мәжбүрлеген. Ал қайтарылғандардың арасында Украина білім беру жүйесі бойынша оқуын жалғастыруға тырысқан 17 жастағы қыз және үйіне қайтуды қалаған 10 жастағы қыз бар. Бұл мәліметтерді тәуелсіз түрде тексеру мүмкіндігі шектеулі.

Балаларды қайтару Украина президентінің Bring Kids Back UA бастамасы аясында, Save Ukraine қайырымдылық ұйымының көмегімен жүзеге асқан. Қазір балалар мен олардың туыстары қауіпсіз жерде және оларға қажетті көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды.

Херсон облыстық әкімшілігінің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Ресей бақылауындағы Херсон облысының бөлігінен 204 бала қайтарылған. 

Украина Әділет министрлігінің 2026 жылғы қыркүйектегі ресми мәліметі бойынша, толық ауқымды соғыс кезінде украиналық балаларды депортациялау немесе мәжбүрлі түрде басқа жерге көшірудің 20 651 жағдайы расталған. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Ресейден және Ресей бақылауындағы Украина аумақтарынан 2 650 бала қайтарылған. Киев бұл деректердің түпкілікті емес екенін атап көрсетеді. Ресей депортацияланған немесе мәжбүрлі көшірілген украиналық балалардың жалпы саны туралы ресми статистика жарияламаған. 

2023 жылы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы украиналық балаларды заңсыз депортациялау және Ресейге көшіруге қатысты әскери қылмыстарға күдікпен қамауға алу жөнінде ордер берген. Мәскеу тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді. 

Тегтер: Херсон
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз