Әлеумет

Украина Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеу операциясын бастады – NYT

Украина Қырымға елеулі шығын келтіру арқылы Кремльді соғысты тоқтатуға келісуге мәжбүрлемек.

Мәскеу

Бұл туралы америкалық The New York Times басылымы жазды.

Басылымның жазуынша, 2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін Мәскеу түбекті Ресей құрамына жүйелі түрде кіріктіріп, оның дамуына қомақты қаржы құйып, оны өз саясатының басты символдарының біріне айналдырған. Алайда соңғы уақытта Украинаның логистикалық бағыттар мен маңызды инфрақұрылым нысандарына жасаған соққылары басып алынған аумақтағы жағдайды айтарлықтай күрделендірді.

Мақала авторларының айтуынша, тұрғындар үшін негізгі мәселелердің бірі – электр энергиясының ұзақ уақытқа өшуі, су жеткізудегі үзілістер және жанармайдың күрт тапшылығы. Электр қуатының жетіспеуіне байланысты балалардың жазғы лагерьлері эвакуацияланып, кейбір инфрақұрылым нысандары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Әсіресе жанармаймен қамтамасыз ету жағдайы күрт нашарлаған. Ресейдің оккупациялық билігі бастапқыда бензин сатуды нормалауға тырысқанымен, кейін іс жүзінде оны халыққа сатуды шектеп, қолдағы қорды коммуналдық және төтенше жағдай қызметтері үшін сақтап қалған.

Басылымның атап өтуінше, Мәскеу бақылауындағы Қырым әкімшілігінің өзі де проблемалардың ауқымын мойындап отыр.

«Жақын арада жанармайдың үлкен көлемі сатылымға шығарылмайды», – деді жуырда оккупациялық әкімшіліктің басшысы Сергей Аксенов.

Авторлар сондай-ақ Ресей мен Қырымды байланыстыратын негізгі көлік дәлізі саналатын Керч көпірінің маңызы бұрынғыдан да арта түскеніне назар аударған. Теңіз жолдары мен Херсон облысының басып алынған бөлігі арқылы өтетін құрлық дәлізіне бірнеше рет соққы жасалғаннан кейін, түбекті қамтамасыз етудің негізгі бағыты осы көпір болып қалды. Бұған дейін Украина көпірге бірнеше мәрте шабуыл жасаған, ал Ресей тарапы қауіпсіздік шараларын едәуір күшейткен болатын.

Мақалада Қырымның Ресей президенті Владимир Путин үшін тек әскери ғана емес, саяси әрі символдық тұрғыдан да ерекше маңызға ие екені еске салынған. Путин түбектің аннексиясын бірнеше рет өзінің басты жетістіктерінің бірі ретінде атап өткен. 2014 жылы ол Қырымның Ресей үшін айрықша маңызы бар екенін мәлімдеген еді.

Сонымен қатар, The New York Times соңғы уақытта Украинаның өз өндірісіндегі дрондар мен зымырандардың санын айтарлықтай арттырғанын жазады. Бұл Қырым мен Ресейдің өзге де өңірлеріне тұрақты түрде соққы жасауға мүмкіндік беріп отыр. Украина президенті Зеленський мұндай шабуылдарды «алыс қашықтықтағы санкциялар» деп атап, олардың ресейліктердің күнделікті өміріне барған сайын көбірек әсер етіп жатқанын айтқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз