Әлеумет

Украина Тверь облысы мен Ставрополь өлкесіндегі мұнай базаларына соққы жасады

Украина 9 шілдеге қараған түні Ресейдің Тверь облысы мен Ставрополь өлкесіндегі мұнай базаларына дрондармен шабуыл жасады.

Ресей

 Сондай-ақ Таганрог шығанағында тағы екі танкерге соққы берілгені хабарланды. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі бір түнде 73 дрон жойылғанын мәлімдеді.

Тверь облысының губернаторы Виталий Королевтің айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылын тойтару кезінде «Тверьнефтепродукт» мұнай базасындағы резервуарлардың бірі өртенген. Бұл кәсіпорын «Сургутнефтегаз» компаниясының құрамына кіреді.

Губернатордың мәліметінше, өрт оқшауланған, зардап шеккендер жоқ.

Astra басылымының хабарлауынша, Тверьдегі мұнай базасы дронға қарсы арнайы торлармен қорғалған болған. Басылым жүргізген ашық дереккөздерге (OSINT) негізделген талдау нәтижесінде кемінде бір мұнай резервуары жанып жатқаны анықталған.

Ставрополь өлкесінде де мұнай базасы өртенді

Ставрополь өлкесінің губернаторы Владимир Владимиров Шпаков ауданындағы Вязники ауылындағы өнеркәсіп нысанында өрт шыққанын хабарлады.

Алғашында тұрғын үйлерге қауіп жоқ деп мәлімделгенімен, кейін жалын жанармай сақталған резервуарларға жеткені белгілі болды. Соған байланысты жақын маңдағы көшенің тұрғындары эвакуацияланды.

Astra мәліметінше, өрт Вязникидегі мұнай базасында шыққан. Ол Михайловск қаласындағы «Лукойл-Югнефтепродукт» мұнай базасынан шамамен бір шақырым жерде орналасқан.

Сонымен қатар украиналық Supernova мониторингтік Telegram арнасы Ленинград облысындағы «Киришинефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауытына да шабуыл жасалғанын хабарлады.

Таганрог шығанағында тағы екі танкерге соққы жасалды

Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь Таганрог шығанағында екі танкерге дрон шабуылы жасалғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, соққы салдарынан кемелерде өрт шыққан. Танкерлердің біріндегі өрт толық сөндірілген. Экипаж мүшелері эвакуацияланған, зардап шеккендер жоқ.

Бұған дейін де Украина қарулы күштерінің шабуылынан Таганрог шығанағындағы Ресейдің «көлеңкелі флотының» бірнеше танкері зақымданғаны хабарланған болатын.

Ресей 73 дронды жойғанын мәлімдеді

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өткен түні Мәскеу, аннексияланған Қырым, Краснодар өлкесі, Белгород, Брянск, Калуга, Курск, Ленинград, Новгород, Орел, Ростов және Тверь облыстарының әуе кеңістігінде, сондай-ақ Азов теңізі үстінде барлығы 73 украиналық дрон атып түсірілген.

Тегтер: Украина Ресей
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз