Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров елде сайлау өткізу қажет екенін мәлімдеді
Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров видеоүндеу жариялап, соғыс ұзаққа созылған жағдайда да елде сайлауды қайта өткізуге мүмкіндік беретін «заңды, қауіпсіз және шынайы механизм» табу қажет екенін айтты.
«Егер соғыс тағы бір, екі немесе үш жылға созылса, Ресей украиналықтардың өз билігін қашан қайта сайлайтынын іс жүзінде анықтау құқығына ие болуы керек пе? Меніңше, жоқ. Демократия Ресейдің кепілінде болмауы тиіс. Біз еркін еуропалық мемлекет болып қалғымыз келгендіктен соғысып жатырмыз. Сондықтан соғыс ұзаққа созылған күннің өзінде Украинада толыққанды демократиялық процесті қалпына келтіруге мүмкіндік беретін заңды, қауіпсіз әрі шынайы механизм табуымыз керек», – деді Федоров.
Федоровтың бұл мәлімдемесі Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы Радаға Евгений Хмараны қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы ұсыныс енгізгеннен кейін жарияланды.
Федоровтың отставкасынан кейін наразылықтар болған
35 жастағы Михаил Федоровтың отставкаға кететіні 15 шілдеде белгілі болды. Ол Украина Қорғаныс министрлігін небәрі жарты жыл басқарған.
Қызметінен кеткеннен кейін Федоров Украина Қарулы күштерінің сол кездегі бас қолбасшысы Александр Сырскийді қатаң сынға алды. Екеуінің арасында әскери стратегияға, соның ішінде дрондарды кеңінен пайдалану мәселесіне қатысты келіспеушілік болған. Федоровтың айтуынша, оның отставкаға кетуін талап еткендердің бірі Сырский болған.
Федоров қызметінен кеткеннен кейін Украинада жаппай наразылық акциялары өтіп, оның соңы Сырскийдің отставкасына алып келген.
Қазір Украинада әскери жағдай режиміне байланысты президенттік, парламенттік және жергілікті сайлаулар өткізуге тыйым салынған. Елдегі соңғы жалпыұлттық сайлау 2019 жылы өткен.
Михаил Федоров бұған дейін IT саласындағы кәсіпкер ретінде танылған. Владимир Зеленскийдің сайлауалды штабында цифрлық бағытқа жетекшілік етіп, кейін Украина үкіметінде цифрлық трансформация мен инновацияға жауапты вице-премьер қызметін атқарды.