ҰЛЫ ДАЛАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҚОЙЫЛЫМ
Шын шеберлікте шекара болмайды. Соңғы жылдары еліміздің киелі сахнасында Алтын Орда дәуірінен бергі Ұлы Дала тарихының тереңіне бойлап, мемлекеттіліктің іргесін қалаған тарихи тұлғалар тағдырына арналған тұтастай сахналық галерея легі қалыптасқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Яғни қазақ халқының сан ғасырлық күресі мен жеңіске толы алтын дәуірлерінің сахналық шежіресін жасаған талантты режиссер Болат Ұзақов пен қарымды қаламгер Думан Рамазанның қажырлы еңбектеріне ерекше тоқталып өткен жөн. Талантты тандем біраз жылдан бері қазақ театр өнерінде тарихи драма жанрын жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық тарихтың ең бетбұрысты кезеңдерін таңдап алып, ел тағдыры жолында ғибратты ғұмырларын арнаған ұлы хандардың образы арқылы қазақ халқының жүріп өткен тарихи жолының тынысын, рухани философиясын жан-жақты ашып көрсетуімен танылуда.
Осы ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасының бүкіл әлем үшін мән-маңызы зор екенін және түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет екенін айрықша атап өтті. Президент өз сөзінде «әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық. Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың сан ғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді. Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды» дей келе, халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы» деген берік тұжырымын жеткізді.

Олай болса, Алтын Орда тарихымен тікелей тамырласқан қазақ мемлекеттілігінің өсу, өркендеу жолдарын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың тарихи санасын жаңғыртуда өнер мен мәдениеттің атқаратын рөлі зор демекпіз. Әсіресе солардың ішінде, театрдың алар орны ерекше.
Қос өнер иесінің тарихи тақырыпқа қойған «Керей-Жәнібек» сахналық туындысында қазақ халқының нақ сол кезеңдегі өткен өмірінен, тарихынан сыр шертіледі. Спектакльдің басты кейіпкері – Халық. Онда «Қазақ» атауының шығу тарихына мән беріледі. Қойылымның қорытындылар тұсында дүниеге келген ұл балаға Асанқайғы абыздың «Қазақ» деген есім берілуі де көркемдік идеяны түйіндейді.

Сонымен бірге бұған дейін сахналаған «Абылай ханның арманы» спектаклінде күрделі геосаяси тартыстар кезеңінде қазақтың басын біріктірген тарихи тұлғаның көрегендігі мен стратегтік қыры сахнада шынайы көрініс табады. Режиссер ханның образын тек билеуші емес, ел болашағы үшін іштей арпалысқан біртуар қайраткер ретінде ашады.
Бұған қоса сахна саңлағының «Кенесары – Күнімжан» тарихи драмасы ұлт-азаттық қозғалыстың рухын көтерген, қазақтың соңғы ханы Кенесарының трагедияға толы тағдыры мен асқақ рухы көрерменнің жүрегіне от береді. Бұл қойылым азаттық жолындағы күрестің мәңгілік символын сипаттайды.
Болат Ұзақовтың режиссурасы ауқымдылығымен және психологиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Оның сахналық кеңістігіндегі әрбір деталь – ту, тақ, қару немесе дала мотивтерінің символдық мәні ерекше орын алады. Ол тарихи тұлғалардың бейнелерін жалаң пафосқа салдырмай, жаны мен жүрегі бар, елі үшін қабырғасы қайысқан нағыз қайраткер ретінде көрсете біледі. Осындай шеберлік шешімдері арқылы көрермен мен кейіпкер арасында үлкен рухани байланыс орнатады.

Әсіресе биыл Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың байқауына ұсынылып, жақында ақтық сынға жолдама алған «Жошы хан» қойылымына жеке-дара тоқталып өткеніміз абзал. Бұл спектакльде Алтын Орданың негізін қалаған ұлы бабамыздың мемлекетшілдік қасиеті мен тұлғалық болмысы сан қырынан айшықталып, дала империясының қуатты іргетасы, елдік пен тұтастық идеясы терең пәлсапалық астармен өріледі. «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұратын тарихи туындыда Шыңғыс хан мен Жошы арасындағы әке мен ұл ретіндегі байланыс қана емес, елдік мүдде тұрғысындағы тұғырлы байламдары мен қайраткерлік қарым-қатынастары терең бейнеленеді. Дәлірек айтқанда, сайын даланы билеген сансыз ұлыстарды біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен бабамыздың бүгінгі мемлекеттілігіміздің негізін қалап, Жошы хан дәрежесіне дейін көтерілу жолы көркемдік тәсілмен жеткізіледі.
Осы бірегей қойылымның премьерасына мемлекет басшысы арнайы соғып, «Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін, – деп лайықты бағасын бергені жұртшылыққа мәлім.

Театр сахнасы – тарихи фактілерді құрғақ ақпарат емес, тірі эмоция мен көркем бейне арқылы жеткізетін ең қуатты құрал. Талантты режиссер Болат Ұзақов пен көрнекті драматург Думан Рамазан сомдаған тарихи портреттер мемлекет басшысының Алтын Орда туралы тұжырымдамасындағы мемлекеттілік, заң үстемдігі, дипломатия, мәдени бірегейлік сияқты құндылықтарды жастардың санасына сахна өнерінің әлеуеті арқылы сіңіре беретін ақиқат. Сондықтан «Жошы хан» қойылымы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық туынды деген бағамызды беріп, алдағы ақтық бәсекеде бәйгенің алдына келуіне шынайы тілектестігімізді білдіреміз.
Қуат БОРАШ,
жазушы