Сараптама

Үлкен қателіктерден құтылғымыз келеді

«Жас Алаш» газетінің №47 (16.

Үлкен қателіктерден құтылғымыз келеді

06.2020) санында жарияланған «Көрдемшелер азайып, жезөкшелік жойылсын!» деген қазыналы қарияларымыздың мәні терең үндеуіне құлағы керең,  қатыгезденген, қатынданған қоғам қынқ етпеді.  Жүз жылға жүк болатын үлкен қателіктерден үндемей құтылғымыз келеді.  Ұлтымыздың болашағына қатысты кез келген мәселеге мұқият қарамасақ, бейбастақ еркіндік түбі бізді жарға жығатынын түсінуіміз керек. Біздің жеке отауларымыздың босағасын қаншалықты  берік ұстап отырғанымызға  тұтас Отан тағдыры тікелей байланысты. Бүгінгі аяқ алысымыздан аңғарылатындай, біз екі оттың ортасында қалып қойғандаймыз: «Мұхаммедтің үмбеті, мұсылманбыз»  дегенімізбен, шариғат  шарттарына мойынсынбаймыз; атадан қалған асыл мұра – салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтаудың орнына мойындамаймыз. «Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім – күн емес» (Абай)  дегендей, біздің алған бағытымыз қай жаққа ауып барады? Айтып көрейік.

      Әлем елдерінің алдын орап кетеміз деп асығып, аптығып жүріп қалай аласарып бара жатқанымызды байқамай қалдық. Аласарғанымыз сол – рухы биік, ата дәстүріне берік, ержеткен ұлын өзге үйден тойдырмайтын, бойжеткен қызын бөтен үйге қондырмайтын, ұрпақ тәрбиесіне ұқыпты, аса сақтықпен қарайтын қазақтың бүгінгі отбасылық институты  құндылықтары құлдырап, кері кеткенін көріп жүрміз. Бұл «қарағай басын шортан шалған» қилы заманның қасіретінен бір де кем емес.  Ұлттық тәрбиеден қол үзіп, ата дәстүрден аттап кетуден қорықпайтын халге жеттік. Өйткені жемқор, желөкпе, жезөкше, мақтаншақ, қонарын сай білетін қаңбақ адамдардың қатары көбейді. «Ата-ананың берген саналы тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі» деген тәлімді сөзді қаперімізге  алмаймыз.   Балаларға  жақсы тәрбие беруіміз керек деп, жаны ашығансып улап-шулағанымызбен, көңіл көншітерлік нәтиже байқалмайды.  Сондықтан тәрбиені балалардан бұрын, үлкендерден бастау керек  деген сөзге имандай сену  ғана қалды. 

      Ұлт болашағына қырын қарамайтын қазыналы қарияларымыздың жанайқайын  жай түсініп қою аздық етеді, бетімізге күйе қылып жағып алуымыз керек.  Қарияларымыздың айтып отырғандарын  азды-көпті білуші едік.  Қайта еске салғанда  қабырғамызға қанжардай қадалды.  Сұмдық сорақылық демеске  лаж жоқ.  Бұл әл-әзірше ұлт дидарына түскен  алабажақ даққа ұқсайды. Бара-бара жазылмайтын жараға, дауасы жоқ дертке  айналу қаупі бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

      «Үй болу қиын»  екенін білгенімен,  ұл-қыздарымыз үйленуін қоймайды.  Жөн-ақ делік. Бірақ шаңырақ көтергендердің жартысына жуығы некелерін бұзып, ажырасып тынады екен.  Нәтижесі белгілі:  әкесіз – жарты жетімдер мен анасыз – тас жетімдер өмірге келеді.  Сәбидің обалын ойлап, болашағына алаңдамайды.  Күйеуін тірідей жерге көміп,  байдан шыққан желөкпе әйел тайраңдап жүріп тәтті өмір сүргісі келеді,  жылы-жұмсақ пен жайлы-жұмақ жер іздейді.  Ақыр соңы қазақ ертегілеріндей  сәтті аяқталса мейлі ғой,  жоқ, жезөкшелердің қатарын қаптатып жібереді. Біздің елді басқалардан бөле-жара қарауға тура келеді. Айталық, көршілес елдердегі жастардың ажырасуының аз болатын себебі,  біріншіден, оларда салт-дәстүр қатаң сақталады;  екіншіден, оларда бір емшек ембеген туыстар үйлене береді.  Ағайынды ғой, қалай ажырассын.

      Кешегі Кеңес өкіметін  жата-жастанып жамандағанымызбен, обалы нешік,  отбасы институтына, неке саясатына  аса зор мән беретін.  Әйелімен ажырасқандарды  аямайтын. Моральдық тұрғыдан азғындаған адам деп, қатаң жазалайтын. Жезөкшелерді жеті қырдың астына қуып тығатын.  Адамдар заң мен тәртіптен аяқ тартатын. Қысқасын айтқанда, компартия ұрпақ тәрбиесін уыста ұстап, үлкендерден бастайтын.  Бұл өте дұрыс шешім болатын. Ал біз бәрін бетімен жіберіп отырмыз. «Құлайтын империяның заңдары көп болады» деп қытайлықтар айтатындай,  заң шығаратын  жалғыз «зауытымыз» тоқтаусыз,  үздіксіз заң «өнімдерін»  шығарып жанталасып жатқанымен,  олардың бірде-біреуі  көрдемшелердің қатарын көбейтпеуге, жезөкшелердің көзін жоюға бағытталмаған. Қайта әйелдердің кешірімінен гөрі әйелдерге деген  кешірімге басымдық беріп отыр.

       Біз бүгінгі таңда шетелден азық-түлік т.б. тауарлардан басқа, түрлі заңдар мен нұсқаулықтарды, ережелерді  көзсіз импорттап отырған елміз.   Салт-дәстүрімізге сай келе ме, келмей ме, санасып жатқан ешкім жоқ.  «Біз   қазақ деген елміз, Құдайдан кейін дәстүр бұзушылықтан қорқамыз» (А.Байтұрсынұлы),  өз дәстүріміз, өз жолымыз бар демейді.  Сол баяғы жоқ демократияны  жалаулатып, жапатармағай жарыққа ұмтылатын шіркей тәрізді экономикасы озып кеткен, мәдениеті тозып біткен елдердің аузына қарап, қолданыстағы заңдарын көшіріп аламыз. Қазыналы қарияларымыздың хатқа түсірген сөздерінде «Ал қазіргі заң  күйеуінің жазығы бар ма, жоқ па, әйелді қорғайды. Сол баланы әйелге алып беріп, күйеуінен алимент өндіреді» дейді. Әділетсіздік   емей немене, әйел мен еркек құқықтары бірдей деп сайрайтын соттарымыздың өзі жеме-жемге келгенде әйелдерге көп артықшылық беріп, еркектердің есін шығарып,  есінен таңдырғаннан арыға бармайды. Бұл жаһанданған заманның, қатынданған қоғамның жыртысын жыртқаннан басқа ештеңе де  емес. «Отбасы туралы» заңда ұлттық салт-дәстүріміздің бірде-бір элементі ескерілмеген. Осыдан қазаққа қызмет етпейтін заңның керегі бар ма деген ой туады.

      Ажырасудың астарында арзан махаббаттың азабы жатады.  Жолы қысқа жоспарлы махаббат та жоқ емес.  Есеп-қисапқа құрылатындары  қаншама. Өз ерінен ажырасқан әйел басқа ерге бақыт сыйлай алмайтынын білгенімен, өзінің ішкі қотыр есебін дұрыс санайды.  Жезөкшелердің ойлағаны ертеңгі күн емес,  етегінің құны болып тұр.  Фамилиясыз бала тапқан қыз қаріп танитын қаншыққа ұқсайды.  Біздің айтайын дегеніміз,  «Отбасы туралы» заңды қайта қарап,  толықтырулар мен түзетулер енгізіп,  ажырасуға себеп болған жағдайды толық анықтап,  әйел демей, еркек демей, ешқайсысына басымдық бермей, кінәларын мойнына қойып, екеуінің бірін жазалап, әділ шешімді қолдарына ұстатып жіберу  керек сияқты.  Заңның күші салт-дәстүрімізбен сабақтасып жатса, қанеки.  Еркек «Қатын жолда, бала белде» демесін.  Ал әйел «Мырқымбай күйеуімнен басқа еркек құрып қалып па?» демесін.  Үйленіп, үй болған соң, жанұя жауапкершілігі мың-миллион есеге артатынын білсін. Отан – отбасынан басталатынын түсінсін, ұлттық құндылықтарымызды құрметтесін.

      Әйелді ұяттың ұясы, ұлттың анасы деп әспеттегенімізді  қайтейік,  ақшаға арбалған «аруларымыз»  бен ауы ашық «азаматтарымыздың»  қатары көбейіп кетсе… Сондықтан ата-аналарымыз, үлкендеріміз «ұят болып жатыр» деп ойланулары керек.  Орыс тарихшысы В.Ключевский: «Үкімет  халықты тәрбиелей де, бүлдіре де алмайды. Халық та оны ұнатуы  немесе ұнатпауы ғана мүмкін. Халықты тәрбиелеу – зиялылардың ісі», – дейді.  Бүгінгі қоғамның қауіпті қасіретіне біздің зиялы қауым өкілдері өре түрегеліп,  үкіметіміз де үнсіз қалмай, нақты қадам жасайтын уақыт жетті деп ойлаймыз.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы

Жетісай ауданы

Түркістан облысы

Тегтер: Без Тега
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз