Ұмытшақ Көшербаев және қар құрсауындағы ауылдар
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Марқакөл ауданына қар қалың жауып еді, қысқа дайындықтың шамалы екені белгілі болып қалды.
Бұл өңірде апталап жауған қар мен боран ауыл адамдарын да, әкімқараларды да қатты састырды. Жолды қардан тазалайтын техника тапшы, ауыл тұрғындары да қолға қарап қалған малға беретін жем-шөптің жеткіліксіздігін айтып жатыр. Былтырғы жылдың жазында ғана облысқа әкім болып тағайындалған Ермек Көшербаев шығысқа қар қалың жауатынын, біздің жақта қыс ұзақ екенін ұмытып қалған сияқты.
Қаңтардың 7-сінен бастап бір апта бойы толассыз жауған қардың кесірінен Марқакөл өңіріндегі бірнеше ауылға көлік қатынасы тоқтап қалды. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы тіпті екі метрден асып кетті. Көлік тұрмақ, ауыл тұрғындарының өзіне қарға адым жер басу мұң болды. Апта бойы жауған қар мен боранның кесірінен Қарой, Қарашілік, Бұғымүйіз, Төсқайың, Шанағаты, Қайнарлы, Балықтыбұлақ секілді ауылдар қалың қардың құрсауында қалып қойды. Сыртпен байланыс үзілді. Кейбір ауылдарда электр жарығы да өшіп қалған. Табиғаттың тосын мінезіне байланысты туындаған осынау күрделі жағдайға байланысты Күршім ауданы әкімдігі төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.
Жергілікті басылымдар мен телеарналар «ОблШығысЖол» ЖШС қар құрсауында қалған ауылдарға апарар жолды қардан тазалауға кіріскенін, облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасы қосымша техника жіберіп, барлығы 24 техника жол тазалау жұмысына жұмылдырылғанын жарыса жазып жатты. Қардың қалың болғаны сонша, төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жол талғамайтын көліктердің өзі жүре алмай қалған. Оның үстіне үздіксіз соққан боран жол тазалау жұмысына үлкен кедергі келтіріпті. Тіпті облыстық ТЖ департаментінің жоғары өтпелі техникасы да көмекке келіп жатыр, дегенмен Марқакөл өңіріндегі қар құрсауында қалған ауылдарға баратын жолды аршу оңай болмай тұр.
«Марқакөлден Төсқайың ауылына дейінгі жолды аршуға 12 күн кетті. Он екі күн бойы ауыл қар құрсауында болды. Халыққа қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақ арқылы жеткізілді. Бізден ары қарайғы Шанағаты, Балықтыбұлақ ауылдарына әлі жол ашылған жоқ», – дейді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Төртауов.
Көрдіңіз бе, бір ғана ауылға жолды он екі күн бойы аршып, тазалаған. Бұл жағдай көкірегі ояу адамға көп нәрседен хабар береді. Теректі ауылынан Төсқайыңға апаратын отыз шақырымдық жолды он екі күн дегенде әзер еңсеру «ОблШығысЖол» ЖШС мен облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының да әлеуетін көрсетеді. Яғни қар күреуге арналған арнайы техникаға мұқтаждық бар деген сөз.
Тікұшақ та жете алмаған ауыл
Қатынас тоқтағанда ең алдымен ауруы бар, қарты бар елге қиын. Мәселен, қар құрсауында қалған Төсқайың ауылының инфаркт алған 71 жастағы тұрғыны дер кезінде көмек көрсетілмеді. Іске облыс араласып, санавиация мамандары науқасты тікұшақпен Өскеменге жеткізгенімен, құтқару мүмкін болмаған.
«Өкінішке қарай, анамнан айырылып қалдым. Инсульт алып құлағаннан кейін үш күн үйде жатып қалды. Анам сырқаттанбай тұрғанда да халықтың қамын ойлап «төтенше жағдай жариялаңдар» деп, қанша шырылдадым. Мен айтпай-ақ өздері біліп жарияласа да болады ғой. Төтенше жағдай жариялау қажеттігі туралы қаңтардың 15-і күні кешкі сағат 4-ке таяу облыс әкімдігінің аппарат басшысына қоңырау шалып айтқанмын. «Көре, біле тұра неге төтенше жағдай жарияламай отырсыздар? Бүкіл Қазақстан естіп, біліп отыр. Ертең біреу қайтыс болып немесе бүкіл жылқы қырылып жатса, жағдай бұдан да қиын болады. Барлық жауапкершілік сіздердің мойындарыңызда» деп ескерттім. Осыдан кейін ғана кешкі сағат алтыға таман телефонға 112 құтқару қызметінен «Марқакөл-Төсқайың-Теректі» тас жолы жабық деген хабарлама келді. Әншейінде қала маңындағы жолдарды қар басып қалса, мұндай хабарламалардың нешеуі келіп жатады, ал қар қалың түсетін біздің жақтың адамдары мұндай хабарламаны өмірінде алғаш рет алды.
Жалпы ауданда жол қатынасы өте қиын. Тас жол жазда жаңбыр жауса езіледі, балшық, қыс болса, қар басып қалады. Аудан тұрғындары қатты қиналып кетті. Бір қызығы, бұл мәселе жылда қайталанады. Сол күні анам инсульт алып құлағанда облыстың денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар басқармаларына қоңырау шалып, шулаттым. Қаңтардың 14-і күні ауылға тікұшақ келуі керек еді, бірақ ауа райына байланысты ұша алмады. Жіберген жол талғамайтын көліктері Ұрынхай ауылына дейін жеткенімен, ары қарайғы 25 шақырымға бара алмады. Тек үшінші күн дегенде ғана санавиация анамды Өскеменге жеткізді. Облыстық ауруханада ота жасалып, енді жазылады деп үміттеніп отырғанымызда, қаңтардың 19-ы күні кешкі сағат 18:50-де кезекші дәрігер анамның өмірден өткенін хабарлады. Осылай анамнан көз жазып қалдым», – дейді Төсқайың ауылының тұрғыны, блогер, қоғам белсендісі Әділ Ғабитұлы.
Оның айтуынша, қазіргі күні Төсқайың ауылына апаратын жол ашылған. Бірақ оның арғы жағындағы Балықтыбұлақ пен Шанағаты ауылдары әлі қар құрсауында жатыр. Шанағаты ауылының тұрғындары қаңтардың 10-ынан бастап тоғыз күн жарықсыз отырған. Істен шыққан электр желісі тек қаңтардың 19-ы ғана жалғанған.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ жылқылар
Қар құрсауында қалған ауыл тұрғындарының тебінде жүрген жылқыға жетуі де мұң болған. Тіпті Ақжайлау ауылының тұрғындары түсірген бейнежазбаларда омбы қардың астында қалған жылқыларды көрудің өзі қорқынышты. Аштан бұратылған жылқылар бірінің жал-құйрығын бірі жеп, буаз биелер іш тастаған. Әлеуметтік желіге тараған бейнематериалдардан мал жүретін жолды күрекпен аршып жүрген тұрғындарды да көруге болады. Қалай десек те, қолдағы азғана мал мен тебіндегі жылқыларды аман алып қалуға ауыл тұрғындарының өздері білек сыбана кірісуде. Рас, қазір бұрынғыдай мемлекеттің малы деген жоқ. Жекеменшік малды аман алып қалу мал баққан шаруаның ғана міндеті секілді.
Қазіргі таңда қалың қардың құрсауында қалған жылқылар да шығарылған. Бірақ мал шығыны да жоқ емес. Әділ Ғабитұлының айтуынша, Төсқайың ауылында бір тай, Ақжайлау ауылында 5 бас жылқы өлген. Қазіргі таңда Төсқайың ауылының тұрғындары жылқыларды ауылға таяу жерге әкеліп алған екен.
«Аудан, облыс әкімдігі төтенше жағдайға дайын емес. Олардың жұмыстарына үш деген баға қоямын. Себебі аудан бойынша төтенше жағдай қаңтардың 15-інде жарияланғанымен, тракторлар небәрі 80 шақырым жерді қардан тазалау үшін он күннен астам уақыт жұмсады. Бір күні екі немесе бір трактор ғана жол тазалады. Оның өзі біресе істеді, біресе істемеді. Шынын айту керек, техника жеткілікті болған жоқ. Оның өзі ескі, жолды тазалағанынан сынып тұрғаны көп болды. Менің ойымша, төтенше жағдай жариялаған жағдайда бүкіл облыс бойынша техникалар жұмылдырылуы тиіс, ортақ іске азаматтық қорғаныс күштері, әскери құрылымдар, мамандандырылған авариялық-құтқару қызметтері қол үшін беруі қажет. Бәрі күш біріктірсе, ары кетсе жолды 3 күннің ішінде-ақ тазалап тастауға болатын еді. Бірақ олай болмады. Оның өзінде ауылдың ішіндегі орталық көшеден басқасы әлі ашылған жоқ. Өте қиын жағдай. Техниканы, оның ішінде жол тазалайтын арнайы техника санын арттырмаса болмайды. Біреудің қаңсығын емес, жаңа техника алған жөн. Қазақ «ескіні жамағанның есі шығады» дейді. Жалпы нәтиже көңіл көншітпейді. Сонда жол тазалаушылар күніне он шақырымды ғана еңсеріп отырған болып тұр ғой. Бұл дегеніңіз – масқара. Өзіңіз білесіз, Марқакөл, Күршім шекаралық өңір. Ертең іргемізден жау шықса, қайтеміз?
Біздікілер «қар жауды ма, қашан қар басылады» деп күтіп отырады. Ол дұрыс емес. Қар жауып тұрса да жол тазалайтын шағын тракторлар ары-бері жүріп, қарды күрей беруі тиіс. Сонда қалың қар жолды алмайды. Одан кейін жолды кеңейту жұмыстары жүргізілмейді. Бір машина сиятын ғана жол салған соң, не оңсын. Қар жауған соң, ол жол тарылып қалады. Жолды кеңейтіп, екі көлік сиятындай етіп жасау керек. Күнделікті тазартып отырса, онда жеңіл болады. Қазіргі таңда тазаланған жер туннель болып қалды», – дейді Әділ Ғабитұлы.
Малдың жыры қар құрсауынан шығарумен бітейін деп тұрған жоқ. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарында «жем-шөбіміз жетпей қалады-ау» деген уайым көп.
«Биылғы қыс ерекше. Қар қалың жауды. Бұрын жылқыларды наурыз айына дейін жайылымда ұстайтынбыз. Енді жағдайымыз не болады? Білмеймін. Рас, биыл ауыл тұрғындарының қысқа дайындығы нашар болды. Оған себеп, күздей жаңбыр бір толастамады. Далада шауып қойған шөбін де үйлеріне уақытында жеткізіп ала алмады. Біздің жақта қыс қарлы әрі ұзақ. Аудан, облыс басшылығы, кәсіпкерлер Марқакөл ауылының мал ұстаған тұрғындарына қол ұшын созбаса, жағдай қиын болайын деп тұр», – дейді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Төртауов.
Рас, марқакөлдіктерге қол ұшын созып жатқан кәсіпкерлер де бар. Мысалы, Өскемен қаласынан Ербол Әбдіхалықов деген азамат округ әкімінің өтініші бойынша 20 тонна жем жіберіпті. Қаладан жемді Бату Құмарбеков деген азамат өз көлігімен жеткізіп берген.
«Осындай жанашыр жандарға Алла разы болсын» дейді аудан тұрғыны Ришат Түкеев. Қаладан жеткізілген бұл жемді қар құсауынан шығарылған жылқыларға беруді жоспарлап отыр. Мысалы, Төсқайың ауылына 4 тонна жем бөлініпті.
«Шындап келгенде, бұл соншалықты көп қаржыны да талап етпейді. Арнайы қар тазалайтын шнекоротор секілді қуатты техникалардың бірі – Төсқайың ауылында, екіншісі – Ұранхайда, сосын Теректі ауылында болса, үш жүк тиегіш машина мен екі Белорусь тракторы болса жеткілікті. Кезінде БАТ деген алпыс тонналық мықты экскаватор болды. Күре жолды сол экскаватордың өзі-ақ таңертеңнен кешке дейін тазалап тастайтын. Жоқ дегенде сондай бір техника болса деймін. Бірақ соңғы кездері сол техникалар құрып кетті. Техниканың барлығы ескірген, қаңсыған. Сосын солярканы жеп қою секілді жемқорлықты тоқтату керек. Жеке басты ойламай, халықтың қамын ойлаған жөн. Марқакөл – шекаралық аймақ. Бұл өңірге облыс басшылығы, үкімет үлкен көңіл бөлмесе, болмайды. Жыл сайын мұз қалашығын салуға, жаңа жылдық шырша орнатуға миллиондап қаржы бөлеміз ғой, ал неге шекаралық аймақтағы күре жолды қалпына келтіруге, оны тазалап ұстауға жеткілікті қаржы бөлмейміз», – дейді Ә.Ғабитұлы.
Қоғам белсендісі жергілікті басылымдар мен телеарна тілшілері таратқан «қар тазалау жұмыстарына барлығы 24 техника жұмылдырылды» деген ақпаратқа күмәнмен қарайды.
«24 техника жұмылса, небәрі 84 шақырым жолды екі-үш күнде қардан аршып тастамай ма? 24 техника дегеннің ішіне өздері мініп жүрген «уазик», «нива» көліктерін де қосқан шығар. Теректі, Төсқайың жақтың жолын аршуға ең көп дегенде – 4 техника, ал Қарой, Қайнарлы жақты бір K-700 пен бір жүк тиегіш трактор тазалады. Халық бәрін көріп, біліп отыр ғой, халықты алдау мүмкін емес», – деп жауап берді қоғам белсендісі.
Қалай десек те, қар құрсауында қалған ауылдардың мәселесі біраз мәселенің бетін ашқандай. Өзі Мәскеуден келген (әкім болардан бұрын Ресейдегі Қазақстанның елшісі болған) жаңа әкім «бұл жақтың қысы мұндай қатты болатынын білмедім» деп ақталатындай емес, 2010-2014 жылдары осы облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болған. Одан бері үкіметте, елшілікте жүріп ұмытып қалған шығар, Марқакөлдегі негізгі мәселе – жол мен қар екенін есіне бір салып қойған дұрыс сияқты. Қиын уақытта арнайы келіп, елдің ішін бір көріп қайтса... Қолы тимей жатқан шығар. Кейін жол ашылып, қар көбесі сөгіліп, балшық құрғап, жадыраған жаз келгенде бір ыңғайы келер...
Ескерту: Материал дайындау барысында кейбір ауылдармен байланысу мүмкін болмады.
Мейрамтай Иманғали
Шығыс Қазақстан облысы