Үндістан Қытайды басып озып, Ресей мұнайының ең ірі сатып алушысына айналды
Маусым айында Ресейдің теңіз арқылы экспорттаған мұнайының 59 пайызы Үндістанға жөнелтілген.
Ал Қытай Ресей мұнайын сатып алу көлемін қысқартуды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Vortexa аналитикалық компаниясының маусым айындағы есебінде айтылды.
Сарапшылардың бағалауынша, маусымда Ресейдің теңіз арқылы мұнай экспорты тәулігіне 4,2 миллион баррельге жеткен. Бұл – 2026 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экспорттың басым бөлігі Үндістанға бағытталған.
Vortexa мәліметінше, Қытайдың мұнай өңдеу зауыттары Таяу Шығыстан жеткізілетін арзанырақ мұнай сұрыптарына ауыса бастаған. Соның нәтижесінде маусымда Қытайдың тәуекелі жоғары мұнай импорты 25 пайызға азайды. Ал Шаньдун провинциясындағы тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттары өндірістік қуатты қысқартып, сатып алу көлемін 26 пайызға төмендеткен. Бұл өңір Қытайдағы Ресей, Иран және Венесуэла мұнайын өңдейтін негізгі орталық болып саналады.
Сонымен қатар, Үндістан Ресейдің шикі мұнайын сатып алуды арттыруды жалғастырып келеді. Мамыр айымен салыстырғанда жеткізілім көлемі тағы 27 пайызға өскен.
7 шілдеде Reuters агенттігі Үндістан порттарында Ресейдің Urals маркалы мұнайына берілетін жеңілдік эталондық Brent сұрпына қатысты бір барреліне 10 доллардан асқанын хабарлады. Бұл өткен жаздағы көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Ол кезде Urals мұнайы Brent-тен бар болғаны 1–3 долларға ғана арзан сатылған еді.
Мұндай өзгеріске Үндістандағы мұнай өңдеу компаниялары тарапынан сұраныстың төмендеуі және балама мұнай жеткізілімдерінің көбеюі себеп болған. Ал наурыз-маусым аралығында, керісінше, Үндістан мен Қытайда Urals мұнайы Brent-тен қымбат бағада сатылған болатын.
Бұл жағдай Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан мұнай жеткізілімінің үзілуімен байланысты еді. Кейін өңір елдері, соның ішінде Иран мұнай экспортын қайта қалпына келтіргеннен кейін нарықтағы ахуал өзгерді. Азиядағы мұнай өңдеу зауыттарының таңдау мүмкіндігі артып, соның нәтижесінде Ресей мұнайына деген сұраныс төмендеген.