Қоғам

Үш елдің бірлескен операциясы: халықаралық қылмыстық топтың мүшелері қолға түсті

Қазақстанның құқық қорғау органдары халықаралық деңгейде ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті күшейтіп, бірқатар мемлекетпен жүргізілген бірлескен операциялардың нәтижесін жариялады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің Түркия, Грузия және Әзірбайжанға жасаған жұмыс кездесулерінен кейін ақпарат алмасу мен жедел әрекет ету тетіктері едәуір жетілдірілген.

Полиция

Осы ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелерінің бірі – Түркияның Ыстамбұл қаласында қаза тапқан Қазақстан азаматы Исмаиловқа қатысты істің қысқа мерзім ішінде ашылуы болды. Тергеу барысында үш мемлекеттің полиция қызметкерлері бірлесіп жұмыс жүргізіп, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады.

Жедел және тергеу шаралары барысында кісі өлтірудің жасалу себептері анықталып, оны ұйымдастырды әрі орындаушыларға тапсырма берді деген күдікке ілінген тұлғалардың жеке басы белгілі болған. Тергеушілердің мәліметінше, бұл адамдар халықаралық іздеуде жүрген және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың мүшелері саналады.

Аталған іс бойынша жиналған мәліметтер Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне елімізде бұған дейін жасалған бірқатар ауыр қылмыстың бетін ашуға мүмкіндік берген. Ведомствоның дерегіне сәйкес, бұл әрекеттер АҚШ-та журналистке жасалған қастандық ісі бойынша сотталған қылмыстық ортаның ықпалды өкілінің жетекшілігімен жұмыс істеген халықаралық қылмыстық желімен байланысты болуы мүмкін.

Тергеу барысында Алматы қаласында 2025 жылдың тамыз айында тұрғынға жасалған қарулы шабуылға қатысы бар деген күдікпен ұйымдасқан топтың мүшелерінің бірі қолға түсті. Одан қылмыс кезінде пайдаланылды деп есептелетін атыс қаруы тәркіленген. Қазіргі таңда осы эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сот қарауына жолданған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары арнайы жоспар негізінде бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық операция өткізген. Соның нәтижесінде қылмыстық топтың бірқатар мүшесі анықталып, ұсталған.Оның мәліметінше, Алматыда қолға түскен күдіктілерге атыс қаруын қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр.Тергеу нұсқасы бойынша, аталған топтың негізгі мақсаты – қылмыстық ықпалын пайдаланып, диаспора өкілдеріне тиесілі жекелеген кәсіпкерлерге қысым көрсету және олардың қызметіне бақылау орнату болған.

Сонымен қатар Грузия аумағында да осы қылмыстық желімен байланысы болуы мүмкін және ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген бірнеше адам ұсталды.ІІМ мәліметінше, қазіргі уақытта барлық қылмыстық эпизод бойынша дәлелдемелер жинау жалғасып жатыр. Тергеушілер іске қатысы болуы ықтимал өзге тұлғаларды анықтап, ұйымдастырушыны қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізуде.

Құқық қорғау органдарының бағалауынша, халықаралық әріптестік аясында жүзеге асқан бұл операциялар трансұлттық қылмыстық құрылымдардың қызметіне елеулі соққы беріп, олардың шетелден басқарылатын байланыс арналарына тосқауыл қоюға мүмкіндік жасаған. Сонымен бірге мұндай шаралар ел аумағында ауыр қылмыстардың алдын алып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Тегтер: қылмыс тергеу
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз