Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:25, 21 Мамыр 2024

Үш рет әкім, бір рет министр болған «екі сөйлейтін» Ноғаев

Ноғаев

Каспий жағалауындағы кадрлық тазарту

Өткен апта Маңғыстау облысының ірі шенділеріне бір «нәубет» төнді. Сатыр-сұтыр, алақ-жұлақ орнынан кетіп жатты. Ол аздай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кетті.

Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев орнын Сағындық Аяғановға босатып берді. Ол бұған дейін Павлодар облысы полиция департаментінің басшысының орынбасары болған. Ал Дүйсембаев есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Атырау облысының полициясын басқарып отырғанда басы екі рет дауға қалған. Алдымен, 2018 жылы желіде оның казинода жүрген видеосы тарады. Бұл аздай, 2019 жылы біреулер оған «ат мінгізіп, шапан жапқан», осы үшін ол қызметінен қуылды.

Дүйсембаевтан кейін облыстың бас прокуроры Руфат Құттықов пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытжан Валениязов креслосын босатты.

2022 жылы шілдеден бері Маңғыстау прокуратурасын басқарған Құттықовтың орнын Айдос Майлыбаев басты. Ол бұған дейін 4 жылдан аса уақыт Ақмола облысының прокуроры болған.

Ал ҰҚК департаментінің басшысы қызметін енді полковник Серік Әміров атқарады. Ол бұл қызметке Атырау облысынан ауысып келді. Онда облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары болған.

Өңірдің қауіпсіздігін қорғап, тыныштығын сақтауға міндетті үш органның басшысы бір мезгілде жұмыстан кетіп, ел арасында облыста «кадрлық тазарту» жүріп жатыр деген әңгіме тарады. Кей сарапшы бұған облыстағы мұнай өнеркәсібі саласындағы «былық» себеп болды деп санайды.

Біз жоғарыда мұнайлы өлке шенділерінің қатарына Мырзағалиевті осы үшін қостық. Бейресми ақпарат бойынша, мұнай-газ жұмысшыларының жиі ереуілге шығуына кәсіпорын басшыларының қатысы бар. Олар тендерді тең бөлу үшін жұмысшылардың қолтығына су бүркіп отыр-мыс. Басқаша айтқанда, жауапты шенділер аймақтағы талас-тартысты тізгіндей алмаған. Сол үшін экс-энергетика министрімен бірге облыстағы қауіпсіздік блогының «серкелері» де жұмыстан кеткен сияқты.

Қызметінен кеткен Ноғаев неге премьер болмады?

Каспий жағалауындағы «кадрлық тазарту» облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты да шарпыды. Өңірді 3 жылға жуық басқарған Ноғаев 16 мамырда қызметімен қоштасты. Ноғаев лауазымынан босайтыны жайлы ақпарат 15 мамырда шыққан. Бірақ әкімдік өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, «облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс орнында» деп шыр-пыр болған. Алайда әкім жұмыс орнында болмай шықты.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысын 2021 жылғы қыркүйектен бастап басқарды. Оған дейін 2012-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысында, 2016-2019 жылдары Атырау облысында әкім болған. Яғни батыстағы 3 облыстың бәрінде басшы болды. 2019 жылдың желтоқсанынан 2021 жылы қыркүйекке дейін энергетика министрі қызметін атқарды.

Мұнай-газ саласында 10 жылдан аса еңбек еткен Ноғаев 2006 жылы мемлекеттік қызметке аяқ басты. Мемлекеттік қызметке кешігіп (39 жаста) келгенімен, кейбіреулер сияқты қатардағы маман болып, босаға жақта жүрмей, бірден энергетика министрлігінде департамент директоры болған. Астанада бірер жыл ғана аялдаған ол Батыс Қазақстан облысына әкім орынбасары болып барды. Содан бастап тасы өрге домалап, 3 облыс пен 1 министрлікті басқарды.

Ноғаев әкім кезінде де, министр болғанда да жарқылдап жұрт көзіне түскен жоқ. Әрине, көлеңкесінен қорқып, көпшіліктен қашып жүретін көп шендіге қарағанда халықпен тіл табысуға тырысқанын айта кеткеніміз жөн. Бірақ көбінде әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жасауға әуес болды. Видео жолдауларында жұртты сабырға шақырып, проблеманы шешуге уәде беретін. Бірақ мұнысы халықшыл әкімнің емес, жақсы көрінгісі келетін пиаршыл әкімнің әрекетіне көбірек ұқсайтын.

Иә, көпшілік алдына тікелей шыққан кездері де бар. Бірақ мұндай «батыл» қадамы оған абырой әперген емес. Мысалы, 2016 жылы үкімет шетелдіктерге жерді жалға бермек болып, тұтас халықтың қарсылығына ұшырағаны есімізде. Сол кезде Атыраудағы митингтің ортасына барған Ноғаев ешкімді қудаламауға ант берген. Бірақ кейін екі белсенді – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Сол кезде жұрт оны «әкімнің екі сөйлегені – өлгені» деп сынаған.

Екіншісі, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде болды. Газ бағасының шарықтап кеткеніне наразы болған Жаңаөзен жұрты 2 қаңтарда ереуілге шыққан. 3 қаңтарда Маңғыстау әкімі Ноғаев наразы топпен кездесуге барды. Бірақ жиналған жұрт оның уәдесіне сенбей, «шаруа шешпейтін әкімнің керегі жоқ. Кетіңіз!» деп қуып жіберген.

Нұрлан Ноғаев уәдешіл әкім болды. Батыстағы 3 облысты бірінен кейін бірін басқарып жүргенде осы әдетінен танған жоқ. Биыл сәуірде президентпен кездесуде Ноғаев 2022 жылдан бері облыста 134 еңбек дауы болды, оның 117-сі шешілді деп есеп берген. Бірақ ол өңірдегі жұмыссыз тұрғындар Астанаға барып, арыз айтып жүргенін, мұнайшылар жиі ереуілге шығып, айлап далада тұрғанын жасырып қалды.

Осыған қарамастан Ноғаевты премьер-министр лауазымына ұсынып жүргендер бар. Былтыр күзде Әлихан Смайылов үкіметі ауыр сынға қалып, оның отставкаға кететіні жайлы болжам көбейді. Сол кезде бірқатар отандық БАҚ Смайыловтың орнын Ноғаев басады деп сәуегейлік танытты. Ал биыл ақпанда Смайылов шынымен орнынан кеткенде Маңғыстау әкімінің аты тағы аталды. Бірер депутат үкімет басшысы лауазымына Ерболат Досаев пен Нұрлан Ноғаевтан лайық ешкім жоқ деп шыққан. Бірақ премьер креслосы бұларға бұйырған жоқ.

Біздің шенділер халыққа жақындауды емес, керісінше, саяси амбициясын жасыру үшін қоғамнан алшақ жүруге тырысады. Ноғаев та осы қатардағы көп шенеуніктің бірі. Ол әлдекімдер айтып жүргендей, «елі сүйген есіл ер» де, «елге еңбегі сіңген әкім» де емес. Маңдайына жазылған мансап жолына сай әр өңірге бір дамылдап, дәуір желімен жарысып жүрген жай қызметкер ғана болды. Енді ол басқа қызметке барса да, бармаса да келіп-кетер ештеңе жоқ.

Жаңа әкім кім?

Ноғаевтан қалған креслоға бұған дейін «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры болған Нұрдәулет Қилыбай жайғасты. Жаңа әкім осы өңірдің тумасы, Бейнеуде дүниеге келген. Еңбек жолын әке мұрасын жалғап, теміржолшы болып бастаған. Ол темір жол саласында біраз жыл жұмыс істеді, мемлекеттік қызметтегі мансабын да осы салаға қатысы бар көлік министрлігінде бастаған.

Мұнай компаниясының басшысы облысты қалай басқарады деп таңғалмаңыз. Қилыбай мемлекеттік қызметтің маңында жүрген адам, бұған дейін мұнайлы өлке әкімінің орынбасары және Ақтау қаласының әкімі болған. Кейінгі бірер жылда «ӨзенМұнайГазды» басқарғаны оның дәрежесін түсірмей, керісінше, резюмесіне «мұнайшылардың жайын біледі» деген артықшылық қосты. Осы анықтаманың өзі оның Маңғыстау әкімі атануына көп септігін тигізген болуы мүмкін. Әйтпесе, әу баста инсайдерлер Ноғаевтың орнын Мағзұм Мырзағалиев басады деп болжаған. Бірақ күтпеген жерден «ҚазМұнайГаз» басшысының жолын «ӨзенМұнайГаз» басшысы кесіп кетті.

Сонымен, Ноғаев кетіп, Қилыбай келді. Бірақ бұдан бірдеңе өзгеріп кете қояды деу қиын. Өйткені біздің шенділер инкубатордан шыққан балапандай, бір-бірінен аумайды. Бәрінің еңбек жолы да, жеткен жетістігі де бірдей. Тіпті «бәрін қатырамыз» деп уәде беретіні де, сол уәдені орындамай жатып басқа жұмысқа ауысып кететіні де өте ұқсас. Ғайыптан тайып, бір ғажап болмаса, маңғыстаулықтар 2-3 жылдан кейін Ноғаев сияқты Қилыбаймен де қиыла қоштасып, шығарып салатын шығар.

Өйткені Қазақстанда шенділер бір қызметте уақытша отырып, басы дауға қалмай, басқа жылы орынға ауысып кетуді ғана ойлайды. Сол үшін бірер жылға ғана жоспар жасайды. Ешбір әкім 5 немесе 10 жылдық кешенді жоспар құрып, әуреге түскен емес. Әкім-министрлер өзіне жауапкершілік алғысы келмейді, өзінен үлкен бастықтың жолын кеспей, берілген қызметті аман-есен атқарып шықса болғаны.

Ноғаев қайда барады?

Әділін айту керек, Ноғаев Қаңтар оқиғасы кезінде өзге әкімдермен салыстырғанда біршама жақсы жұмыс істеді. Қиын сәтте кей өңірдің басшысы қызмет орнынан қашып кетті, ал Ноғаев ереуілдің бел ортасынан табылуға тырысты. Жаңаөзендегі жұртпен кездесуі сәтсіз болғанымен, Ақтауда да халықпен диалогқа шығуға күш салды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Маңғыстауда адам шығыны болған жоқ. Нысандарға да үлкен зиян келмеді. Бұған облыс әкімінің жиналған жұрт алдына шығып, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырғаны оң әсер еткен болуы мүмкін. Осы еңбегі ескерілгені шығар, Ноғаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдерінің рейтингінде көш бастады. Бірақ 2024 жылғы рейтингте төртінші орынға бір-ақ сырғыды. Бұған өңірдегі жұмыссыздық, мұнайшылар наразылығы, су тапшылығы сынды проблемалар әсер еткені анық.

Батыс облыстарды басқарғыш әкім енді қандай қызметке баратыны белгісіз. Маңғыстау прокуроры, ҰҚКД мен полиция басшысы бір мезгілде ауысқанда былайғы жұрт облыста тосын оқиға болды ма деп күдіктенген. Мұның бәрі Мырзағалиевтің қызметтен кетуімен қатысты деп болжағандар да табылды. Егер мұның бәрі бос сөз болып, Маңғыстауда бәрі тыныш болса, Ноғаев жұмыссыз қалмайды. Осы күні орнынан кеткен шенеунікті бұл қай Қазақстанның өкілі деп қарайтын әдет пайда болды ғой, Ноғаев Ескі Қазақстанға да жаққан, Жаңа Қазақстан билігімен де тіл табысқандай көрінетін «қос мекенділердің» бірі. Алда-жалда абайсыз отбасып қалып жатса жақын арада естиміз, егер ондай жаман ат болмаса, жақын арада басқа бір креслодан көріп қалармыз.

Экс-әкім енді «ҚазМұнайГазды» басқаруы мүмкін деген болжам бар. Мырзағалиев кеткен соң ұлттық компания басшысының міндетін атқарушы болып Асхат Хасенов тағайындалды. Демек, бұл орын әлі бос деген сөз, екі жыл энергетика министрі болған Ноғаев бұл қызметке барып жатса, таңғалудың қажеті жоқ.

Қуаныш Қаппас