Уығымыз мықты, шаңырағымыз биік болсын
Министрлер ауысты, уәде орындалмады Жер жүзіндегі әр отбасы өз мемлекетінің уығы меншаңырағы деуге болады.
Алайда дәл бүгінгі заманда сол биік шаңырақты шайқалтпайұстап тұратын отбасын құру оңай емес. Өйткені бүгінгі күні шаңырақ құруғакөптеген жастарымыздың жағдайы келе бермейді. Бұл ойымды жастардың барлығынабірдей қатысты пікір екен деп түсінбеңіздер.
Ауылдағы ағайын қолындағы бес-он тұяқ малын сатып,ұл-қызын ақылы оқу орындары болса да, оқытып әупіріммен диплом әперіп жатыр. Дипломалғандарға жұмыс бола ма, жоқ па деген мәселеге жоғары оқу орындары бас қатырмайды. Тіпті студенттердің көпшілігі нашар оқысада, «3» деген бағаны амалсыз қойып, диплом беріп құтылады. «Сендер түкбілмейсіңдер» деп, көпшілігін оқудан шығарып жіберсе, білім ордасының күніқараң. Себебі оқу орнының бүкіл шығыны сол ақша төлеп оқитын студенттердіңмойнында. Студенттердің көпшілігінің ақылы оқуға мүмкіндігі болмаса, оқу орны сөзсіз жабылады. Қорытындысында жеңілжолмен диплом алғандар қабілетсіз маманболып шығады.
Әрине, студенттердің арасында ерекше жақсы оқып, қызылдиплом алушылар да болады. Сондай ерекше жастарды декандар дипломды қолынаұстата салмай, ректордан бастап құрмет көрсетсе, есте қаларлық күн болар еді.
Мысалы, мен оқуға түскенде екі топта 80 студентболдық. Төртеуіміз қызыл дипломменбітірдік. Андрей, Володя, Бектұрсын және мен. Ректор Бекен Шерездиянов еңалдымен осы төртеуімізге ерекше салтанатты жағдайда диплом тапсырды. Қалған бітірушілерге ректордың біріншіорынбасары, Ұлы Отан соғысының ардагері Тамара Анушкина тапсырды. Осы күнді бізтек қуаныш күні емес, бізге көрсеткен үлкен құрметтің белгісі деп түсіндік.
Мен жабайы шөптей қаулаған сапасыз ақылы білім орындарынмүлдем қысқартуды, тіпті болмаса 80 пайыз қысқарту туралы білім және ғылымминистріне кіріп, жазбаша түрде хат тапсырған едім. Оның жауабы қысқа болды. «Бәрінжаба алмаймын, көпшілігі биліктікі, бірақ жазғаныңызды ескерем» деген. Оданкейін екі министр ауысты.
Көрпеге қарай көсілейік
Бүгінгі жастардың оқу бітіргені, оқи алмай қалғандарыбар, ол мейлі қалалық болсын, ауылдан келіп жүргендері болсын, қалайда үйленуікерек қой. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келіп, күтпеген оқиғаға тап болып,үйленуге мәжбүр болғандарды көріп жүрміз. Ауыл баласы бірінші кезекте әке-шешегехабарласады. Олардың қолынан келетіні – бар болса қорадағы малды сатып, банктенқосымша несие алады. Екі жасқа дүрілдетіп той жасайды. Одан әрі жастар пәтержағалайды. Үйленген жастың екеуі дежұмыссыз болуы әбден мүмкін. Екі жасбірдей базар жағалайды. Күндік нан табумен айналысады. Ай сайын төлейтін пәтерақысыбар. Төлемеген жағдайда пәтерден қуылады. Банктен алған несие де қысады. Аяғы банкпен сот-сойқан.
Тіпті осы Алматы қаласында үш бөлмелі пәтерін банкке несиегеқойып, баласына дүрілдетіп той жасап,соңында қарызға батқандарды да көрдік. Үш бөлмелі пәтерді банк заңды түрдетартып алды. Қазір әке-шеше де пәтер жағалап жүр. Бұл сұмдық нені айғақтайды?Бұл мақтаншақтық қазақтың «Көрпеңе қарай көсіл» деген аталы сөзін ескетүсіреді.
Ашкөздікалысқа апармайды
Біз, үлкен кісілер, отбасындағы сый-құрмет пенәдептілікке ерекше мән береміз. Жоғарыда жазып отырған оқудың қиындығы,үйленудің ауыртпашылығы жаңалық емес. Қазақ мұның бәріне көніп келеді. Қысқасы,жардың қабағында тұрмыз.
Жоғарыда отбасын құру кезіндегі қиыншылықты жазып отырғаным, кейінгі 10-15жылда осы ауыртпалық екі жастың ары қарай бірге өмір сүруіне кесірін тигізуде.Ажырасу көбейгенін білесіздер. Тұрақты жұмысы болса, басында үйі болса, ажырасып несі бар? Сондықтан еліміздіңбасшылары бар мүмкіндікті халық игілігіне жұмсаса дейміз. Жаңа шаңырақхалқымыздың басын көбейтетін, шырайлы да шуақты мекенжай болуы керек.
Мен жақсы танитын Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше медаль-ордендердіңиегері, марқұм Әкпержан аға қалалық әкімдіктен жеті сотық жер алған. Соныменқатар мүгедектігін ескерген қала әкімі «Ақсай» шағынауданынан әйелі екеуіне бірбөлмелі пәтер беріп қалады. Үй салу үшін алған «Думандағы» жеті сотық жерді үйсіз-күйсізжүрген немересіне қонақта бірге отырған кісілердің көзінше берген. «Кемпірекеумізге өкімет берген бір бөлмелі үй жетеді, сен үй салып ал», – дейді. Арадабір-екі жыл өткенде Әкпержан аға қайтысболды. Ал қарияның кемпірі немересінен «жерді қайтар немесе ақшасын төлесін»деп үлкен шу шығарады. Оның берер түгі жоқ, анадан-мынадан қарыз алып, үй салыпкіріп алған. Немереден ештеңе шықпаған соң, кемпір оны Медеу ауданының сотынабереді.
Немересі маған хабарласып: «Аға, атам солжерді көп қонақтың көзінше маған бергенде сіз де болып едіңіз ғой, апам менісотқа беріп, «жерімді қайтар немесе ақшасын төле» деп қыспаққа алып жатыр, неістерімді білмей, қысылып тұрмын», – деді. Сот қай күні, қай сағатта болатынынбіліп, алдымен Медеу аудандық сотының төрағасына кіріп, болған жайдытүсіндіріп, соңынан сот процесіне қатысып, өзімнің жерді қария немересіне бергендебірге болғанымды дәлелдеп, жылап жүргеннемересінің рақметіне ие болдым.
Менің таңғалғаным, сол сотқа куә ретінде жалғыз өзім бардым. Қонақта біргеболған бірде-бір адам шындықты айтуға жарамады. Міне, ағайын, бұл заманда естірқұлаққа ерсі жағдайлар жиілеп барады. Сыйластық пен әдептілікті халқымыздыңұмытқанына көп жыл болды. Үй құжатын жасау барысында әкесі мен баласына немесеағасы мен қарындасына жер бөліп беру кезінде 0,5 немесе асып кетсе 1 метр жердібөлісе алмай, соттасқандар да баршылық. Мұндай ашкөздік, әсіресе, 90-жылдары Алматықаласы, Талғар, Іле мен Қарасай аудандарында жиі кездесті. Сол жылдары жеркомитетінде қызмет істедім. Бәріне куә болдым.
Ағайын тату болсын
Тақырыбымыздың негізі сыйластық пен әдептілік болып отыр ғой. Отыз жыл азмерзім емес. Осы уақыт аралығында Қазақстан халқы адам танымастай өзгерді.Бұрынғы берекелі бірлікті, туыстай тұтастықты, уыздай ұйыған арақатынасты қазақұмытты. Бір-біріне деген сенімсіздік көбейді, опасыздық үдеді. Адамдардыңқарым-қатынасы нашарлады. Тіпті бірге туған ағайын-туыстың арнайы қонаққа шақырмаса,бір-бірімен араласуы сиреді. Қатынаспайды. Бұл жақсылықтың нышаны емес.Меймандос елдің салты тозды. Бір уыс талқан мен бір жапырақ нанды танымайтынадаммен бөлісе жейтін қазақтың ниеті бұзылды.
Қалада тұрып жатқан есіктес екі көршінің араласпайтындары да бар, тіптіамандаспайды да. Бұл нағыз жабайылық. Бұрынғы кездері осындай екі көршініңбіреуі курортқа немесе алыс сапарға кетерінде көршісіне үйінің кілтін тастапкететіні есімізде. Бұл бір-біріне сенгендік, сыйластық еді. Осының барлығы отызжылда жоғалды, бұл халықтық идеологияның тапшылығы мен жеке-дара биліктіңкесірінен болған қасірет.
Совет заманында әр республиканың орталық партия комитетінде, жалпы, халықүшін идеология майданын басқаратын әрі бюро мүшесі, секретарь болды. Идеологиясекретарының беделі, халық үшін жұмыс жүргізуінің деңгейі, ауыл шаруашылығын,ауыр және жеңіл өнеркәсіпті басқарып отырған салалық секретарьлардан жоғары болды.Идеология секретарына оқу-ағарту, ғылым саласы да қарайтын еді. Ойлап қарайықшы,осынша саланы бір президент дұрыс жолға қойып, қалай басқаруы мүмкін еді?!«Менен басқа адам сөйлемесін, басқару аппаратына келмесіннің» сорақы қорытындысыидеология саласын ақсатты. Үлкен ғылымакадемиясын жабу болашағымызға ғылымның керегі жоқ деген шешім болды.Академияны жабу – қылмыстың үлкені.
Ел басқарған азаматтар халыққа оңайлықпен ештеңе бермеуге, мұқтаж болыптұрған мәселесін шешпеуге ұмтылмауы керек. Керісінше, алдыңа келген адамныңөтінішін қалайда шешуге, көмектесуге тырысыңыз. Қалай дегенмен де, бастықбастықтың сөзін жерге тастамайды. Бұл жақсылығыңызды ол адам өле-өлгенше ұмытпайтынболады. Басшылар дәл осылай адал қызмет істесе, халқына сыйлы болып, шеругешығатындар да еді. Пара алу деген пәлені тоқтату керек.
Өмірдің мәні – сыйластықпен әдептілік
Адамдардың бір-бірімен сыйластық, әдептілікпен қатынасжасап, өмір сүруі үшін орта немесе жоғары оқу орнын бітірудің мүлде керегі жоқ.Әр адам есейе келе, өз мінез-құлқын отбасында, оқу орындарында, жұмыс істегенортасында бір қалыпқа келтірсе сол да жетеді. Осы жақында коронавирус деген дерт жер жүзіне тарағанкезде бұл біздің елімізге де жеңілтимегенін халық біліп отыр. Президентіміз Тоқаевтың ұсынысымен әрбір аудан әкімдерімүмкіндігіне қарай қартаң адамдар мен мүгедек азаматтарға азық-түлікпен және ақшалай көмеккөрсетілді. Мұның сыртында, жекелеген азаматтар да көмек қолын созды. Бұл істеқартаң адамдарға жастардың көңіл бөлуі, сыйлауының ар жағында адамгершілік пен әдептілік тұр.
Жалпы, жастарымызды осындай жомарттыққа баули беругеүлкендер аса көңіл бөлуіміз керек, тіпті міндеттіміз. «Е-е, қойшы» демеу керек.Меніңше, әр оқырман немесе өзгелер де осындай ой-пікірін газет-журналға жазып,бір-бірімізге насихаттауымыз керек. Ал биліктегілердің балалары тұрмақ,өздерінің де мұны ойына алмайтыны белгілі. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқбала аш болам деп ойламайды» деген рас екен.
Еліміздің тұрғындары берекесі мол, кең пейілді, тату еді. Сондықтан болар,әсіресе Ұлы Отан соғысы аяқталар кезде еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарғаәр ұлттың жетім қалған ұл-қыздарын әкеліп берген соң, оларды отбасындағыбалаларымен бірге тәрбиелеп, ержеткізді.Солардың бірі, Тамара деген орыс қызықой бағып жүрген әкемнің үйінде жеті жыл болып, кейін Талғарға ауысты. Екеумізұрсып-таласып жүріп атамның қарауындағы қойды баққанбыз. Ол қазақша, мен орысшасезбейміз. Алайда тату өстік.
Бұл жазылған сөздерде талай сыр, талай елдік, азаматтық қасиет бар. Кейбірадамдардан күдік пен сұмдықты баяндап тұрғандай суық түсті өгейлік, жылуы жоқкөңіл күй көрініп тұрады. Абайдың «Мұңлы көңілім сырласар сұрғылт тартқанбейуаққа» деген асыл сөзіне ұқсас көрініс.
Есте қалған ерекше шуақты сәттерді ойға алғанда, ең алдымен, адамгершілікпен сыйласып өткен және сыйласыпжүрген адамдарың көз алдыңа келіп тұрғандай болатыны бар. Сыйластық пенәдептілік әрқайсымыздың ақыл-ойымызды, парасаттылығымызды, руханиқұндылығымызды көрсетеді.
Менің өмірлік тәжірибем, қорытынды ойым – қандай қиын жағдай болса да,ешкімді ренжітпей, ешкіммен ренжіспей, сыйластық пен әдептілікті қатар ұстап,жүректің бойымен терең ойлайтын, ақыл мен ұстамдылықты пайдаланып өмір сүру.Сенің де өмірің мен тіршілігің өз қолыңда!
Бекен КӨКІШҰЛЫ,
еңбек ардагері