Зеленский Ресей мен Беларусь тағы бір елге шабуылға дайындалып жатқанын мәлімдеді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей билігі Александр Лукашенкомен келіссөз жүргізіп, Беларусьті соғысқа тереңірек тартқысы келетінін мәлімдеді.
Ол бұл туралы өзінің Telegram-арнасында жазды. Зеленскийдің айтуынша, Ресей Беларусь аумағын пайдаланып, Украинаға немесе НАТО-ға мүше елдердің біріне қарсы шабуыл ұйымдастыруы мүмкін.
«Ресей мен Беларусь басшылығы не талқылап жатқанын жақсы түсінеміз. Соңғы уақытта ресейліктер Александр Лукашенкомен келіссөздерін күшейтті. Олар Беларусьті соғысқа бұрынғыдан да тереңірек тартып, дәл Беларусь аумағынан қосымша агрессиялық операциялар бастағысы келеді. Бұл Украинадағы Чернигов–Киев бағытына немесе Беларусьпен шектесетін НАТО елдерінің біріне қарсы бағытталуы мүмкін», – деді Зеленский.
Украина президенті қорғаныс және қауіпсіздік күштеріне Чернигов–Киев бағытын күшейтіп, жауап шараларының жоспарын әзірлеуді тапсырғанын айтты.
Сонымен қатар Зеленскийдің сөзінше, Украина серіктестері де жағдайдан хабардар. Ол Ресейде Киев пен басқа да украин қалаларындағы саяси және әскери нысандарға соққы жасау жоспарлары көрсетілген құжаттар бар екенін мәлімдеді.
«Олар бұл жоспарды ұзақ уақыт бойы дайындады. Енді Ираннан кейін қайта белсенді әрекет ете бастады. Бізді аңдып, қозғалысымызды бақылауға тырысып жатыр. Бұл Украина басшылығының басқа мүшелеріне, арнайы қызметтер мен арнайы бөлімшелерге де қатысты», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, Мәскеудегі кейбір күштер әлі күнге дейін украин халқы тәуелсіздігінен бас тартпайтынын түсінбейді.
Әзірге Ресей мен Беларусь билігі Зеленскийдің мәлімдемесіне ресми жауап берген жоқ.