Ватиканда кардиналдар жаңа Рим Папасын сайлай алмады

7 мамыр күні Ватиканда өткен конклавтың алғашқы күнінде кардиналдар Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысын сайлай алмады. Бұл туралы Сикстин капелласы шатыры үстінен көтерілген қара түтін дәлел бола алады. Енді дауыс беру 8 мамырда жалғасады.
Конклавқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген 133 кардинал қатысып отыр. Бұл — Рим-католик шіркеуінің тарихындағы ең ауқымды конклавтардың бірі саналады. Дауыс берудің алғашқы нәтижесін Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған он мыңдаған адам тікелей бақылап отырды, деп хабарлайды AFP агенттігі.
Сайлау процесі басталар алдында кардиналдар дауыс беру барысын құпия ұстауға ант берген болатын. Олар 21 сәуірде қайтыс болған Рим Папасы Францисктің орнына жаңа понтифик сайланғанша, қоғамнан оқшауланған күйде болады.
Жаңа Папа болып сайлану үшін үміткер кем дегенде үштен екі дауыс алуы керек, яғни 133 кардиналдың 89-ы қолдауы тиіс. Әр дауыс беру кезеңінен кейін арнайы түтін шығатын мұржа арқылы нәтижені білуге болады: қара түтін — Папа әлі сайланбағанын, ал ақ түтін — жаңа понтифик таңдалғанын білдіреді.