WBO президенті: Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақта бірден чемпиондық жекпе-жекке үміткер бола алады
Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының жаңа салмақта алғашқы жекпе-жегін-ақ чемпиондық титул үшін өткізуге мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Бұл туралы The Ring журналына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, жеңіліс көрмеген бұрынғы әлем чемпионы ретіндегі мәртебесі Жәнібекке жоғары салмақ дәрежесінде міндетті үміткер мәртебесін сұрауға құқық береді.
«Теориялық тұрғыдан Жәнібек жеңіліс көрмеген бұрынғы әлем чемпионы ретіндегі мәртебесіне сүйеніп, жоғары салмақта міндетті үміткер болуды сұрай алады. Енді комитет бұл өтінішті қарап, оған Хамза Ширазға қарсы міндетті үміткер мәртебесін бере ме, жоқ па – соны күту керек», – деді Густаво Оливьери.
Еске салайық, 33 жастағы Жәнібек Әлімханұлының қанынан тыйым салынған зат табылып, ол уақытша жарыстардан шеттетілген болатын.
Жанжалға дейін қазақстандық боксшы орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған еді. Кейін допингке қатысты іс расталған соң, IBF оның чемпиондық белбеуін қайтарып алды. Ал WBO титулды сақтап қалды.
Жәнібектің дисквалификациясы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Осыған дейін оның командасы боксшының екінші орта салмаққа (super middleweight) ауысуына байланысты WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартатынын мәлімдеген.
Менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, бұрынғы әлем чемпионы болғандықтан, Әлімханұлы жаңа салмақта бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуға мүмкіндік алуы мүмкін.
Қазір екінші орта салмақта Сауль «Канело» Альварес, Хамза Шираз, Эдгар Берланга, Хайме Мунгия сынды танымал боксшылар өнер көрсетіп жүр.