спорт

WBO Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз жекпе-жегін өткізуге міндеттеді

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы супер орта салмақта WBO чемпионы Хамза Шираздың міндетті қарсыласы атанды.

Жәнібек Әлімханұлы

Ұйым екі боксшының командасына жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 күн уақыт берді. Егер тараптар ортақ келісімге келе алмаса, промоутерлік сауда өткізілуі мүмкін.

WBO бұл шешімді 19 беттен тұратын арнайы қаулыда жариялаған. Міндетті қарсылас мәртебесіне даниялық Джейкоб Бэнк те үміткер болғанымен, ұйым таңдауын қазақстандық боксшыға түсірді.

Бұған дейін орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген Жәнібек 168 фунтқа (76,2 кг) ауысатынын жариялап, WBO белбеуінен өз еркімен бас тартқан еді. Кейін ол жаңа салмақта ұйым рейтингінің екінші орнына көтерілді.

Сонымен қатар WBO Әлімханұлына салынған дисквалификацияны мерзімінен бұрын тоқтатты. Қазақстандық боксшыға 2025 жылғы желтоқсаннан бастап бір жылдық шектеу қойылған болатын. Ұйым Жәнібектің белгіленген талаптарды орындағанын ескеріп, дисквалификацияны 2026 жылғы 10 шілдеден бастап тоқтату туралы шешім шығарған. Осылайша ол қайтадан WBO аясындағы жекпе-жектерге қатыса алады.

27 жастағы Хамза Шираздың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 24 жеңіс, бір тең нәтиже, 19 нокаут. Ал Жәнібек Әлімханұлы 17 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 12-сін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Енді екі боксшының өкілдері жекпе-жектің өтетін орны, күні және қаржылық шарттары бойынша келіссөз жүргізеді. Сондықтан WBO жекпе-жекті міндеттегенімен, оның нақты күні әзірге белгіленген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз