Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:22, 23 Мамыр 2024

Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге мемориалдық тақтайша қойылды

в
Фото: из открытых источников

Алматыда белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге мемориалдық тақтайша қойылды, - деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

ZTB мәліметінше, ашылу рәсімін қоғам қайраткерінің бірінші жары Нұрбике Нұрқаділова және ұлы Қайрат Нұрқаділов бастап берген.

Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 90-жылдары тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі және Қазақстанның ең танымал саяси қайраткерлерінің бірі болды. Ол Алматының бірінші әкімі, кейін Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды. 2000 жылдардың басында Нұрқаділов оппозицияға өтіп, Назарбаев пен оның айналасындағыларды сынай бастады.

Ресейлік «Коммерсантъ» газеті сол жылдары Нұрқаділовтің Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты тергеу жөніндегі халықаралық бюроны ұйымдастырғанын және оның қолында президент Назарбаев пен оның көптеген серіктерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы орасан зор дәлелдемелері бар екенін бірнеше рет айтқанын жазады. Ол бұл айыптау айғақтарын шетелдік банктердің сейфтерінде сақтағанын айтып, дер кезінде жария етуге уәде берген, дейді басылым.

2005 жылы 12 қарашада Нұрқаділов Алматыдағы өз үйінде өлі күйінде табылды. Оның денесінен үш оқ табылды - біреуі басынан, екеуі кеудесінен тиген. Ал, өлімнің ресми себебі суицид болды. Алайда, саясаткердің серіктестері оған қастандық болғанын мәлімдеді. Іс 2006 жылдың қарашасында жабылды.

Ал, 2024 жылдың қаңтар айында саясаткердің 80 жылдығына орай, Алматыда ас беріліп, Құран бағышталды. Онда Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – делінген Президент хатында.

Фото: ZTB

Мөлдір Бақытжанқызы