Қоғам

Заң бұзғандарды видеоға түсіргендерге сыйақы төленеді

Түркістан облысында азаматтарды құқық бұзушылықтарды видеоға түсіріп, тиісті органдарға хабарлауға ынталандыратын жаңа тәртіп енгізіледі.

видеоға түсіру, бұзақылық, төбелес

Заң бұзушылық туралы ақпарат берген тұрғындарға 43 250 теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Мұндай жүйе бұған дейін Астанада енгізілген. Енді Түркістан облысының әкімдігі де осы тәжірибені бекітті.

Тиісті қаулыға 3 тамызда қол қойылып, 4 тамызда Әділет министрлігінде тіркелген. Құжат ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Алайда кез келген бейнежазба үшін сыйақы берілмейді. Алдымен видеода көрсетілген құқық бұзушылықтың болғаны ресми түрде расталуы қажет. Сонымен қатар аталған фактінің автоматты камералар, полиция қызметкерлері, лауазымды тұлғалар немесе басқа азаматтар тарапынан бұған дейін тіркелмегені тексеріледі. Бұдан бөлек, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулы заңды күшіне еніп, салынған айыппұл толық төленуі тиіс.

Осы талаптар орындалғаннан кейін ғана материалдар арнайы комиссияның қарауына жолданады. Яғни құқық бұзушылықты видеоға түсірудің өзі сыйақы алуға жеткіліксіз. Материал расталып, заңда белгіленген барлық талап орындалған жағдайда ғана азаматқа төлем жасалады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз