Саясат

Зеленский Абрамович арқылы Путинге хабар жібергенін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский британдық Sky News телеарнасына берген сұхбатында ресейлік кәсіпкер Роман Абрамович арқылы Ресей президенті Владимир Путинге арнайы хабар жолдағанын растады.

Зелен

Зеленскийдің айтуынша, Абрамович Киевке Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мүмкіндіктерін және бейбіт келісім шарттарын талқылау үшін келген.

Украина президенті оның негізгі жолдауы Донбасс мәселесіне қатысты болғанын айтты.

– Мен оған Донбасс туралы айттым. Бұл ең маңызды хабар болды. Біз  жерімізді тастап шықпаймыз, сендерге оңай жеңіс сыйламаймыз, – деді Зеленский.

Оның сөзінше, Украина қандай да бір ымыраға келу мүмкіндігін де талқылаған. Бірақ кез келген келісімнің басты шарты – атысты тоқтату.

– Біз қандай да бір ымыра туралы сөйлестік. Мен оған кез келген ымыра тек оқ атуды тоқтатқаннан кейін ғана мүмкін екенін айттым. Ал атысты тоқтату – біздің тарапымыздан жасалатын ең үлкен ымыра, – деді Украина басшысы.

Путинмен кездесуге дайын

Зеленский сондай-ақ Путинмен жеке кездесуге дайын екенін тағы да мәлімдеді.

– Ертеңнен бастап кез келген күні, кез келген форматта кездесуге дайынмын. Бірақ Ресейде емес, Беларусьте емес, Минскіде емес. Бейтарап аумақта, – деді ол.

Украина президенті мұндай келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еуропа елдерінің өкілдері қатыса алатынын, қажет болса екіжақты кездесу де ұйымдастыруға болатынын айтты.

Абрамовичтің делдалдық рөлі

Бұған дейін Financial Times басылымы Зеленскийдің мамыр айында Абрамовичті Киевке шақырып, Путинге арнайы хабар жеткізуді сұрағанын жазған еді. Сонымен бірге Украина басшысы Ресейдің кең ауқымды басқыншылығы басталғалы бері алғаш рет Путинмен жеке кездесуге дайын екенін білдірген.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, Киев осылайша Ресеймен тікелей бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын екенін көрсеткісі келген.

Айта кетейік, Роман Абрамович Ресей мен Украина арасындағы делдалдық байланыстарға 2022 жылғы соғыстың алғашқы апталарынан бастап қатысып келеді. Ол Стамбұлдағы келіссөздерге, астық келісіміне және тұтқындар алмасуына қатысты келіссөздерде араағайындық жасаған тұлғалардың бірі саналады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз