Әлеумет

Зеленский АҚШ және Ресеймен Әзербайжанда келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский 2019 жылдан бері алғаш рет Әзербайжанға барып, ел басшысы Ильхам Алиевпен кездесті.

Зеленский мен Әлиев

Кездесу барысында ол АҚШ және Ресей қатысатын үшжақты келіссөздерді Әзербайжанда өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

25 сәуір, сенбі күні журналистермен кездесуде Зеленский:

«Біз үшжақты келіссөздерге дайынбыз. Бұған дейін Түркияда және Швейцарияда америкалық серіктестерімізбен осындай форматта кездесулер өтті. Егер Ресей дипломатияға дайын болса, Әзербайжанда жақын арада келіссөз өткізуге әзірміз», – деді.

Алты келісімге қол қойылды

Кездесу қорытындысы бойынша Украина мен Әзербайжан қауіпсіздік және сауда-экономикалық бағытта алты келісімге қол қойды. Сонымен қатар тараптар энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады.

Келіссөздер алдымен екіжақты (жеке) форматта, кейін кеңейтілген құрамда өтті.

Украина келіссөз процесін жандандыруға тырысып жатыр

Зеленский сапар барысында Украина сарапшылар тобымен де кездескен. Бұл топ әуе қорғанысын күшейту тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Президенттің Telegram-арнасында олардың жұмысы үш бағытта жүргізіліп жатқаны айтылған:

Таяу Шығыс және Парсы шығанағы өңірі;

Еуропалық Одақ;

Әзербайжанмен нақты әріптестік.

Келіссөздер неге тоқтап қалды?

АҚШ, Ресей және Украина арасындағы үшжақты келіссөздер 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан кейін іс жүзінде тоқтап қалған.

Бұған бірнеше себеп бар:

АҚШ-тың негізгі назары Иранмен қақтығысқа ауысуы;

Украина бойынша келіссөз жүргізушілер – Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер – Иранмен келіссөздерге тартылуы;

Таяу Шығыстағы жалпы геосаяси шиеленістің күшеюі.

Бейбіт келісім жақындауы мүмкін бе?

Украина делегациясының мүшесі, президент кеңсесінің басшысы Кирилл Будановнің айтуынша, Киев пен Мәскеу бейбіт келісімге біртіндеп жақындап келеді.

Ол сәуір айының басында тараптар бұрынғыдай «максималистік» ұстанымда болғанымен, алдағы уақытта компромиске келуі мүмкін екенін айтқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз