Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 03 Сәуір 2024

Зейнеткер Бишімбаевтың бизнесмен әйелі

Уәлихан Бишімбаев, Әлмира Нұрлыбекова
Фото: из открытых источников

Былтыр 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

 Кейіннен оған кісі өлтіру бойынша айып тағылып, үстінен іс қозғалды. Қазіргі күнде экс-министрге қатысы бірнеше сот отырыс өтті және өтіп жатыр. Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Салтанат Нүкенованың өлімі қоғам арасында резонанс тудырып, жұрт пікірінің екіге жарылуына әкелді. Бишімбаевтар әулеті ұлын ақтау үшін бірнеше журналист пен блогер жалдады деген де ақпарат тарады. Бұған жауап ретінде Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев БАҚ-қа берген сұхбатында өздерінің ақшасы жоқ екенін айтып: «Мұның бәрі жала. Екеуміз де зейнеттеміз (әйелі екеуі – ред)» деген еді.

Сонымен, экс-министрдің ата-анасы өздері айтқандай шынымен ақшасы жоқ зейнеткер ме? «Жас Алаш» газетінің тілшісі олардың қандай бизнестерге қатысы барын тексеріп көрді. 

Уәлихан Бишімбаев
Уәлихан Бишімбаев

Уәлихан Бишімбаев шынымен де зейнеткер...

Әулеттің басшысы Уәлихан Бишімбаев – елімізге белгілі ұстаз. Бірнеше жылдар әртүрлі жоғары оқу орнында ректор болған. 2006 және 2007 жылдары «Жоғары оқу орындарының үздік ректоры» атанған. Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1994-1996 жылдары – Қызылорда облыстық мәслихатының, 2003-2012 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, 2012-2016 жылдары парламент мәжілісінің депутаты болған. Уәлихан Бишімбаев атында ешқандай бизнес тіркелмеген. Бұл әулеттің кәсібін экс-министрдің анасы Әлмира Нұрлыбекова басқарады. Оның атында ресми 6 компания бар.

 Әлмира Нұрлыбекова
Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекова

Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың компаниялары

«Техникалық лицей» жеке мекемесі

Шымкент қаласының әділет департаменті 2002 жылғы 15 тамызда тіркеуден өткен. Директоры Есиркепов Ержан Жанысбаевич (бұдан кейін компания қызметкерлерінің аты-жөні құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред). Құрылтайшысы – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Мекеме білім беру қызмет түрімен айналысады. Мекен-жайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. 2023 жылғы ақша айналымы 1 990 363 487 теңге. Былтыр 40 619 663 теңге салық төлеген. Мемлекеттен 2021 жылы 174 618 862 теңгеге бес, 2022 жылы 104 944 344 теңгеге бір келісімшарт алып орындаған.

Alawwal Partners Ltd. Жеке компаниясы

Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Компания экономиканың әртүрлі салаларында және инвестициялық қызметте қаржылық қызмет көрсетеді. Мекенжайы – Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 55/21. Директоры – Ибраев Канат Болатбекович. Құрылтайшылары – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Тулеушин Каныш Аманбаевич, «Documentolog» ЖШС бас директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Мадиев Сержан Нураханович және экс-министрдің анасы Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы 57 628 116 теңге. Былтыр 1 176 084 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Success ABN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасы 2021 жылғы 25 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Байжанов Бахытжан Амирханович. Құрылтайшылары арасында Қуандық Бишімбаевтың анасы Нурлыбекова Альмира Балтабаевна, онымен бірге қамауға алынған ағасы Байжанов Бахытжан Амирханович және Жасузаков Нурлан Кулжанович бар. Мекенжайы – Астана қаласы, Айнакөл көшесі, 60. Кәсіпорынның былтырғы ақша айналымы 100 121 631 теңге. Төлеген салығы – 1 902 311 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

«Наубет-ІІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2003 жылы 27 мамырда, кейіннен 2011 жылы 30 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Құрылтайшысы да өзі. Мекенжайы – Түркістан облысы, Шұбарсу ауылы, Агросад алабы-1. Кәсіпорын дәнді дақылдарды өсірумен, оның ішінде тұқым шаруашылығымен айналысады. 2022 жылы кәсіпорын мемлекет қазынасына 14 645 теңге салық төлеген. Одан кейінгі компанияның ақша айналымы және мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.

«Оңтүстік Қазақстан сапа ұйым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2005 жылы 21 қазанда тіркеуден өткен. Директоры әрі құрылтайшысы – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметпен айналысады. Мекенжайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. Фармацевтикалық өндіріспен айналысқан. Қазіргі күнде компания қызметін тоқтатқан болу керек, 7 жылдан бері салық төлемеген. Тек 2017 жылы ғана 42 750 теңге мемлекет қазынасына аударыпты. Алған келісімшарттары да жоқ.

«Немецкий дом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 

Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2006 жылғы 16 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Нурлыбекова Альмира Балтабаевна. Құрылтайшысы жоқ. Мекенжайы – Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы, Қазыбек би көшесі, 33. Компания қызметін тоқтатқан. Оның ақша айналымы, төлеген салығы туралы мәліметтер кездеспейді. Әлмира Нұрлыбекованың жоғарыдағы компаниялардан бөлек тағы 2 ЖШС-ға қатысы болған.

 ezy park

Олар: «EZy Park» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2019 жылы 23 желтоқсанда алғаш рет, кейіннен 2024 жылы 14 наурызда қайта тіркеуден өткен. Директоры – Ибраев Канат Болатбекович. Құрылтайшылары –Мадиев Сержан Нураханович; Ахметжанов Азамат Бирлесович, Абдуллин Тасболат Аманжолович, Малик Кайрат Камилулы, Оспанов Алий Маратович. Құрылтайшыларының арасында экс-министрдің анасы болған. Бірақ БАҚ-тағы кейбір мәліметтерге қарағанда Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін Нұрлыбекова Әлмира құрылтай мүшелігінен шығып кеткен. Мекенжайы – Астана қаласы, Достық көшесі, 16 П. Кәсіпорынның 2023 жылғы ақша айналымы 1 903 723 010 теңге. Төлеген салығы – 38 851 890 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Дәл осы ЖШС-ға тиесілі «Гастроцентрде» Салтанат Нүкенова қаза тапқан BAU мейрамханасы орналасқан.

SAPA Logistics

Бұдан бөлек, экс-министрдің анасы SAPA Logistics жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де құрылтай мүшесі болған. Кейінгі тіркеуде бұл компания құрылтай мүшелігінен шығып кеткен. Бірақ бәрібір кәсіпорын Бишімбаевтарға тиесілі. Себебі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2024 жылы 2 ақпанда соңғы рет тіркеуден өткен компанияның директоры Досмагамбетов Арман Сагингалиевич. Құрылтайшылары – экс-министрдің нағашысы Сұлтан Нұрлыбектің жұбайы Адилова Карлыгаш Канатбековна және оның туысы Адилов Ерсаин Канатбекович. Осы жерде айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2017 жылы ірі көлемде пара алды деп сотталғанда онымен бірге 22 адам кінәлі деп табылған еді. Соның ішінде кәсіпкер Сұлтан Нұрлыбек те 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал енді SAPA Logistics-тің өзіне қайта оралсақ, құрамында 100-ге жуық адам жұмыс істейтін компания қоймаларды жалға береді. Кәсіпорын бірнеше жылдан бері қарқынды дамып келеді. Мысалы, 2023 жылғы ақша айналымы 7 815 253 736 теңге. Төлеген салығы – 148 489 821 теңге. 3 жыл бойы қатарынан 150 млн теңгеге жуық салық төлеп келеді. Жалпы төлеген салығы – 745 399 504 теңге. 
Бұдан бөлек, 2019 жылы Шымкенттегі New Astana сауда орталығының ғимараты Әлмира Нұрлыбекованың атына тіркелген екен. Бұл жерде ломбард, киім-кешек және тұрмыстық техника дүкендері, сондай-ақ шахмат мектебі бар. Қазіргі сауда орнына экс-министрдің анасының ресми түрде қатысы жоқ.

Экс-министрдің қарындасы Аружан Бишімбаеваның компаниясы

Bek Trade Development жауапкершілігі шектеулі шеріктестігі Тараз қаласында 2012 жылы 10 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Тлебаева Саида Муратовна. Құрылтайшылары – Бишимбаева Аружан Валихановна, Тлебаева Саида Муратовна. Мекенжайы – Тараз қаласы, Абай даңғылы, 130. Кәсіпорын көтерме саудамен айналысқан. Қазіргі күнде аталмыш компания қызметін тоқтатқан. Экс-министрдің қарындасының атына ресми түрде тіркелген басқа компаниялар жоқ.

Қуандық Бишімбаевтың нағашысы Санжар Алтаевтың компаниялары

Санжар Алтаев болашақтың түлегі, Лондонда IT саласында білім алған. Ол сонымен бірге кәсіпкер, AlmaCloud компаниясының негізін қалаушы және бас директоры (2016 жылы оның ақша айналымы 229 624 143 теңге болған), ARTAConsulting компаниясының құрылтайшысы және бас директоры. Бұрын «Қазақтелеком» ұлттық компаниясында, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінде жұмыс істеген. Санжар Алтаев 2022 жылы өз атын Санжар-Абдаллах Асқаров етіп өзгерткен. Оның атында жоғарыдағы екі компаниядан бөлек ресми түрде төрт компания тіркелген.

China Gold Almaty

China Gold Almaty жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 

Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасы соңғы рет 2024 жылы 26 наурызда тіркеуден өткен. Директоры және құрылтайшысы Аскаров Абдаллах-Санжар. Мекенжайы – Алматы қаласы, Улжан-2, Бесшатыр көшесі, 32. Ақпарат саласындағы қызмет түрлерімен айналысатын компанияның былтырғы ақша айналымы – 426 971 526 теңге. 2023 жылы 8 млн-нан аса салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

Sinfo жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 

Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2021 жылы 24 қарашада тіркеуден өткен. Директоры әрі құрылтайшысы Алтаев Санжар Аскарович. Мекенжайы – Алматы қаласы, Егізбаев көшесі, 9. Қаржылық қызмет түрлерімен айналысатын компанияның 2023 жылғы ақша айналымы 18 355 939 теңге, төлеген салығы 374 611 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.

Adal Partners Central Asia жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 

Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасы соңғы рет 2022 жылы 26 сәуірде тіркеуден өткен. Директоры – Алтаев Санжар Аскарович және құрылтайшысы да өзі. Компания Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 51 мекенжайында орналасқан. Бағдарламалаумен айналысады. Оның жылдық ақша айналымы, мемлекеттен алған келісімшарттары мен төлеген салығы туралы мәлімет кездеспейді.

SVOE Taxi Ltd. Жеке компаниясы

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінде 2022 жылы 26 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Аскаров Абдаллах-Санжар. Мекенжайы – Астана қаласы, Тұран даңғылы, 57, 7. Қолданбалы бағдарламалар қызмет түрімен айналысатын компанияның қаржылық жағдайы туралы мәлімет жоқ.

Санжар Алтаевтың аталған компаниялардан бөлек SANZHAR.RULIT дейтін ЖШС-сы болған. Қазіргі күнде бұл кәсіпорын оған тиесілі емес. Аты BRF Logistics and Trade Co жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгерген кәсіпорын Биктимиров Ринат Фатиховичке тиесілі.

Одан бөлек, тағы оның Алтаев Санжар Аскаровичдейтін ЖК-сы бар. Жеке компанияның 2022 жылғы ақша айналымы 46 273 689 теңге. Сол жылы төлеген салығы 1 млн теңгеге жуық.

P.S. Бишімбаевтар әулетінде экс-министрдің ағасы Әуезхан Бишімбаевтың жеке компаниясы бар және ол Шымкентте бірнеше жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Сол сияқты тағы бір ағасы Әзімхан Бишімбаевтың да жеке компаниясы бар. Бірақ жоғарыда біз тізіп кеткен миллиардтаған қаржы айналымы бар компаниялар қасында бұлардың ақшасы тиын-тебен болғандықтан, тәптіштеп жазуды жөн көрмедік. 

Тұрсынбек БАШАР