Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:32, 31 Қаңтар 2024

Жаһанды таңдандырған жирен қасқа

Кабирхан
Фото: из открытых источников

Дубайдағы «Әл-Мақтұм челленж» ұшқыр бәйгесіне мұқым қазақ көз тікті. Екі апта бұрын ғана осы «Мейданда» топ жарған жирен қасқа Кәбірхан бұл жолы да атсүйер қазақтың үмітін ала шапқан.

 Бұрынғы бұрынғы ма, ендігі қарсыластарының бәрі – атағы алысқа кеткен жүйріктер. Atletico El Kulano желтоқсан айында 1900 метрлік бәйгеде дара шықты. Сол жарыста одан бір кеуде артта қалған Military Law, үшінші келген Walk of Stars, мәреден бесінші ретпен өткен Everfast, екі апта бұрын «Мейдан» атшабарында үздік үштікке ілінген Celtic Prince пен Desert Wisdom да сөреде тұр. Ұшқыр байтал Mimi Kakushi-ден де қауіптену керек. Шымқай қара Made in Dubai 5 қаңтарда Әзизи Ривьера ортақ бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмаған. First Constitution, Clapton және Franz Strauss есімді сәйгүліктердің де атағы алысқа кеткен. Жиыны 12 қатысушы, оның ішінде жетеуі – азбан, төртеуі – айғыр, біреуі – байтал. Пэтт Доббс тізгіндеген Кәбірхан – қатысушылардың ең жасы, 4-те ғана.

Кәбірхан төртінші бокстан аттанды. Екі апта бұрынғы орта топтағыдай емес, бұл жолы бірден көшбасшылар қатарында болды. Ішкі траекториядан айнымай, кей сәттерде шарбаққа тақала шауып, жақсы қарқынды ұстады да отырды. Бірден алға шыққан First Constitution, Walk of Stars және Desert Wisdom ұзап кете алған жоқ, Кәбірхан оларды үнемі өкшеледі де отырды. Шабандоз Патрик Доббстың отырысы мығым, қарсыластарының ойында не барын күнібұрын білетіндей артық қимылға барған жоқ. Мәреге шамамен 1200 метр қалғанда Made in Dubai қатарласа берген, бірақ Доббс тақым қысып-ақ одан оза берді.

Мың метр қалғанда Franz Strauss-пен егеске түскен Кәбірхан бір кеуде алға шықты. «Тым ерте емес пе?» деген бір күдік бойымызды қуалап барып тыншыған. Жоқ, Кәбірхан сыр бермеді. 500 метр қашықтықта толық қара үзді. Екінші орындағы Franz Strauss күшін сарқып біткен екен, өзге жүйріктердің талауында қала берді. Доббс осы кезде ғана қамшы үйірсін! Онсыз да жұлдыздай ағып келе жатқан жирен қасқа жұртты таңдай қақтырып, мәреден жарқырап өте берді. Құдды Үсейін Болт сияқты қарсыластарынан анағұрлым ұзап барып, соңғы 100 метрде адымын кең тастап, сәл баяулағандай көрініп, жеке-дара келді. Доббс жамбасын шошайтып алыпты, аттың беліне салмақты мейлінше аз түсіруге тырысатыны көрініп-ақ тұр!

Міне, осылайша Қазақстанның сәйгүлігі Кәбірхан қаңтар айында «Мейдан» атшабарында қатарынан екі ұшқыр бәйгеде топ жарып, әлемнің элиталық клубына еркін қосылды. Жарыс статистикасы тіпті көз сүйсіндіреді: ол өзі қатысқан 12 жарыстың 11-інде жеңімпаз атанды!

Бұл жүйрік қайдан шықты? Иесі кім? Дубайдың даңқты бәйгесіне қалай қосылып жүр?

Кабирхан

California Chrome-ның тұқымы

Кәбірхан 2020 жылдың 3 ақпанында АҚШ-тың Кентукки штатындағы Kehner Thoroughbreds ат зауытында дүниеге келді. Таза қанды ағылшын арғымағы. Әкесі – әлемге әйгілі California Chrome, анасы – Кішкентай Emily. Олардың шыққан тегі де асыл. Калифория Хромның тегі Lucky Pulpit және Love the Chase деген жүйріктерден тарайды. Кішкентай Емили – Castledale мен Emily’s Charm-ның төлі. Одан әрі тереңдесеңіз, атағы жер жарған талай жүйріктің атына тірелесіз.

Кәбірхан жасқа толғанда, Kehner Thoroughbreds оны аукционға қойды. Қазақстандық сарапшы, белгілі атбегі Нәдір Хасанов тайды 12 мың долларға сатып алып, алматылық досына сыйлаған. Жанат есімді атбегі осылайша әлі дұрыс бастықпаған, жүйріктігін көп ешкім мойындай қоймаған тайға Кәбірхан деген ат қойды.

Батысқазақстандық атбегі Тілек Мұқанбетқалиев Кәбірханды 2 жасында, яки құнан кезінде осы Жанаттан сатып алған. Сауда құны қанша болғанын Тілек мырза ашып айтпайды, құпия ұстайды. Бұл да дұрыс. Өйткені Кәбірхан кейін көзге түсе бастағанда, бірден миллион доллар ұсынып, сатып алуға ниеттенгендер болған. Бірақ атбегінің мақсаты – жас жүйрікті қолдан-қолға ауыстырып, аз табысқа қанағаттану емес, әлемнің жүйріктерінің қатарынан көру еді.

Алматыда аты шықты, Ресейде мойындалды

Осы күні Тілек мырзаны төңіректеушілер тым көп. Бәрінің Кәбірхан туралы білгісі келеді. Бәрі де жеңіске шын көңілден қуанып жүр.

Ал Тілек осы жеңіске біраз жол жүріп жетті. Қазақстанда нағыз жүйрік аттарды сынауға ыңғайлы екі-ақ атшабар бар. Бірі – Алматыда, бірі – Астанада. Кәбірхан алдымен Алматыда бақ сынап көрді. Сол кездегі иесі Жанат мырза Кәбірханды Алматы атшабарындағы 3 ұшқыр бәйгеге қосты, үшеуінде де жас тұлпар дара келді. Тілек Мұқанбетқалиевтің де сатып алатыны – осы 2021 жылғы маусым аяқталған соң ғана.

Алайда Кәбірхан ә дегенде шадырлау көрінді. Оның ұшқырлығы бірден байқалған жоқ. Алматыдағы бәйгелерде Кәбірханға мініп шапқан шабандоз Руслан Юлдашевтің айтуынша, жас жүйрік бастапқыда тым үркек болған. Қара көрінсе тіксініп, бір басқан жерін екінші рет баспай, әбден кіді мінез байқатқан. Бастығуға біраз уақыт кетті.

Тілек Кәбірханның тегін жылқы емес екенін аңғарды. Қай атбегі болса да, алдымен жүйріктің шыққан тегіне қарайды. 2016 жылы Дубайдағы «Әл-Мақтұм Челленжді» жеңіп алған California Chrome Кәбірханның әкесі болса, анасы Кішкентай Emily болса, Кәбірхан тегін болсын ба?

Алматыда қала берсе, Кәбірханның бағы ашыла қоймайтынын Тілек жақсы сезінді. Сөйтіп, ресейлік белгілі сейіс, 32 жыл Еуропада ат баптаған, жақында Пятигорск қаласына оралған Арслангерей Шавуевке қолқа салған. Ноғай азаматы бірден келісе қоймады, алдымен Кәбірханның шабысы бар видеоларды сұрады, жүйріктің шыққан тегін әбден анықтады. Бәріне көз жеткізген соң ғана баптауға келісім берді.

Бір жақсысы, Ресейде ат спорты, оның ішінде бәйге түрлері жақсы жолға қойылған. Мұнда жоғары деңгейдегі 6 атшабар бар. Бәйгелерге «Газпром» сияқты алпауыт энергетика компаниясы демеушілік етеді. Демек, жүлделер де қомақты.

Шавуев Кәбірханды бір айға жуық сынады. Жемді қалай жейді, қалай ұйықтайды, қалай тынығады, денесі қалай қызады, бәйгенің алғашқы метрлерінде, соңында өзін қалай ұстайды, қамшыға сүйеніп алмай ма, үстіндегі шабандозды қалай сезінеді – осының бәрін зерттеді. Телефон соғып, үлкен бәйгелерге дайындауға ықыласты екенін айтқанда, Т.Мұқанбетқалиевтің үстінен ауыр жүк түскендей болған.

Шавуевтің баптауымен Кәбірхан алғашқы бәйгесіне 2023 жылдың мамыр айында қатысты. «Бізді ол кезде ешкім менсінген жоқ, – деп еске алады Тілек атбегі. – Олардың өз жүйрігі жетіп-артылатын еді. Иә, Америкада туса туған шығар, бірақ Қазақстанның атынан қатысатын Кәбірхан олардың үстінен құс ұшырмайтын арғымақтарына қарсылас болып жарытпайтын сияқты сезінді олар. Бірақ біздің өз есебіміз бар еді».

Бәрін айт та бірін айт, Кәбірхан 2023 жылы Ресейде 6 бәйгеге қатысып, бесеуінде топ жарды. Атақты Пятигорск (23 шілде), Нальчик (6 тамыз) дербилерінде шашасына шаң жұқтырмады. 2 қыркүйекте Краснодарда өткен «Дон бойы бақшалары» дәстүрлі дербиінде Хироу Моны алға жіберіп, мәреге екінші болып жетті.

"Мұның да себебі бар", – дейді Тілек мырза. – Кәбірхан шаршаңқырап қалды. Екі бәйгенің арасы жақын болып, біздің жүйрік толық тынығып үлгерген жоқ. Мұны достарым да айтты.

Қалай дегенде де, Ресейдегі атышулы дербилерден озып шыққан соң, Кәбірхан талайдың назарын аударды. «Конный мир» телеарнасы Кәбірханға арнап 30 минуттық фильм түсірді. Дегенмен мұның бәрі биылғы жеңістердің алғышарты ғана екен.

Кабирхан

«Дубай сыны талайдан бергі арманым еді»

Краснодар дербиінен кейін Т.Мұқанбетқалиев Кәбірханды Еуропа кубогына қатыстыруды көздеді. Бұл сын 24 қыркүйекте өтетін еді. Бірақ талайдан бері көкірегін тербеп жүрген арман Тілекті ұйықтатпай қойды. Тіркеліп тұрған жерінен атын тізімнен шығарып, Тілек енді Дубайдағы даңқты ұшқыр бәйгелерге қосуға әрекеттенбек болды. Арсланбек ағамен, кейінгі жарыстарда шабандоз болған Мырзабек Капушевпен ақылдаса отырып, әйгілі бапкер Дуг Уотсонға сөз салды. Оның үстіне Еуропада жүйріктер негізінен шөп үстінде шабады. Ал Кәбірхан қатысып жүрген бәйгелердің дені құмда өткен. Қазақстанның жүйрігі осы төсеніш үстінде тұяғын кесек тастайды.

Уотсон да Кәбірханды әбден зерттеді. Алматыдағы, Пятигорскідегі, Нальчиктегі, Краснодардағы бәйгелердің жазбасын мұқият таразылады. Жүйріктің шыққан тегіне үңілді. Қалай дегенде де, Уотсон Дубайда 30 жылдан бері бекер жүйрік баптап жүрген жоқ.

Он күн ойланып барып мақұлдағанда, Тілектің төбесі көкке бір елі жетпей қалған-ды. Дубайдағы шабыс маусымы қараша-наурыз айлары аралығында өтеді. Кәбірханның қағаздарын дайындау да оңай болған жоқ. Ақыры түрлі тараптың рұқсатын алып, құжаттарды реттегенде қараша айы туып еді. Тілек Кәбірханды Дубайға Мәскеу арқылы алып ұшты.

Дуг Уотсон алдына келген жүйрікті тағы біраз зерттеді. Шабандозды да өзі таңдады. Патрик Доббс сол Уотсонның атбегілік клубында штаттағы шабандоз санатында екен. Кәбірханмен ол да тез табысты. Жиыны екі айға жуық дайындықтан өтіп, жергілікті климатқа әбден бейімделіп, Кәбірхан қаңтарда сақадай сай тұрды.

12 қаңтарда «Мейдан» атшабарында өткен ұшқыр бәйге гандикап санатында еді. Яғни бұл сынға орта деңгейдегі жүйріктер қатыса алатын. Олардың жасына, жетістігіне қатты мән беріле қоймайды. «Дубай Айлендс Гандикап» деп аталатын бәйгеге Кәбірханнан басқа баяғы Хироу Мо (АҚШ), Лахреш (Ұлыбритания), Селтик Принс (Ұлыбритания), Гөу Солдиер Гоу (АҚШ), Симжангуи Годокс (Оңтүстік Корея), т.б. тұлпарлар қатысты. Жеңімпазға 35 мың АҚШ доллары беріледі. Міне, осы сында алғаш топ жарып, Кәбірхан атын айдай әлемге танытты. Бокстан кешірек шығып, әуелі сырттап шапқанмен, соңғы метрлерде қарсыластарының апшысын қуырып-ақ жіберген.

Осы сын «Әл Мақтұм Челленжге» жол ашты. Бұл бәйге 1 топ жарысы, яғни кіл жеңімпаздар бәйгесі болып саналады. Ең бастысы, мұнда топ жарған жүйрік 30 наурызда өтетін Дубай финалына жолдама алатын-ды. Кәбірхан жанкүйерлерінің сенімін ақтады, айран қасқасын жарқыратып, мәреден бірінші өтті. 1 миллион доллар сыйақы иеленді. Ең қызығы, бәйге қарсаңында букмекерлер түрлі ақпаратты саралай келіп, әуелі Кәбірханды үздік үштікке кіреді деп санаған. Демек, біздің жүйрік күткен үдеден де асып түскені ғой.

Ең бастысы, бұған дейін ешбір жүйрік халықаралық сындарда Қазақстан атын осынша асқақтатпаған еді.

Кабирхан

Ендігі меже – Дубай финалы

Дубай финалы аса жоғары санатты финал болып саналады. «Әл Мақтұм Челленждегі» жеңісі Кәбірханды рейтингте қатты жоғарылатты. Қазір оны «жүз жылда бір туатын жүйрік» деп айдарлап жатқандар көп. Тілек атбегі мұның бәріне салқынқанды қарайды. Жүйрігінің мүмкіндігі зор екенін айғайлап айта беруге ықыласты емес. Бәрін уақыт көрсетеді.

Реті келсе, Тілек Кәбірханға қазақ ұланын мінгізіп шаптыруды көздеп жүр. Германияның, Чехияның бірнеше дүркін чемпионы, кербұлақтық Бауыржан Мырзабаевтың шабандоз болғанын қалайды. Уотсон бапкер келісіп жатса, алдағы уақытта Кәбірхан мен Мырзабаев тандемінің жеңістерін де көріп қалармыз.

Әзірше Доббс та шеберлігіне сын келтіріп жүрген жоқ. Тілектің қалауымен оның киген киімі де – Қазақстан туы түстес. Бас киіміндегі KAZ деген жазу да алыстан көзге ұрады. Жеңімпаз Кәбірханның тұсында таблода USA деп тұрғанына да шамданудың қажеті жоқ. Онда жүйріктің туған жері бірінші көрсетіледі екен.

Кәбірхан қазақ ұландарын әлемдік бәйге өнерінің элитасына оралтқан сияқты. Қадамы оңынан болғай!

Есей Жеңісұлы