Қоғам

Жақсыбек Мұқышев, қаржыгер: Банктер мақсатсыз несиені азайтып, шағын және орта бизнесті қаржыландыру қажет

Қазір Қазақстанның қаржы секторын дамыту – өте өзекті. Осы орайда халықтың несиеге тәуелдігін азайту, цифрландыруды күшейту, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру, әлеуметтік жобаларды жетілдіру маңызды. Осы және өзге де реформалар төңірегінде біз қаржыгер Жақсыбек Мұқышевпен тілдесіп көрдік.

несие

– Бізде қазір «Қарызсыз қоғам» құру жайы жиі айтылады. Жалпы, сіздіңше, біз қарызданбайтын, борыштанбайтын қоғам құра аламыз ба?

– Бүгінгі таңда Қазақстанның қаржы секторы серпінді дамып, цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енуге талпынуда. Алайда бұл прогрестің көлеңкелі тұсы да бар. Халықтың несиеге тәуелділігі жыл санап артып келеді. Осы орайда «Қарызсыз қоғам» жобасы жай ғана әлеуметтік бастама емес, елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық бағытқа айналды. Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары заманауи финтех-өнімдерді енгізуде үлкен жетістіктерге жетті. Несиені бірнеше секунд ішінде мобильді қосымша арқылы алу мүмкіндігі тұтынушылық белсенділікті арттырғанымен, халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан жаппай қарызға бату мәселесін тудырды. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, елдегі миллиондаған азаматтың мойнында бірнеше несие бар, ал олардың бір бөлігі төлем мерзімін өткізіп алғандар. Бұл жағдай қаржы секторының тұрақтылығына ғана емес, жалпы ұлттық қауіпсіздікке де сын-қатер төндіруде. «Қарызсыз қоғам» жобасы – халықтың қаржылық мәдениетін түбегейлі өзгертуге бағытталған бірегей платформа. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтарды несие алудан толық тыю емес, оны саналы түрде, тек экономикалық қажеттілік туғанда ғана пайдалануға үйрету. Бұл жоба бойыншаөңірлерде мыңдаған азамат отбасылық бюджетті жоспарлауды, кіріс пен шығысты есептеуді және тиімсіз қарыздардан бас тартуды үйренуде. Сондықтан мұндай жобалар керек. Қаржылық сауатымыз артса, қарызданбаймыз дер едім.

– Бұл жоба аясында құқықтық және заңгерлік көмек көрсетіле ме?

– Мемлекеттік бағдарлама аясында несие мерзімі өтіп кеткен, банкроттық алдында тұрған азаматтарға заңгерлік кеңестер беріліп, қарыз жүктемесін жеңілдету тетіктері түсіндірілуде. Жобаның жанама әсері ретінде Қазақстанда тұтынушылық несие беру талаптары қатаңдатылды. Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мен екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемелеріне шектеу қойылып, табысы төмен азаматтарға несие беруге тыйым салатын тетіктер іске қосылды.

– Жобаны қаржы секторын тұрақты дамытудың жаңа моделі дей аламыз ба?

– Қаржы секторы тек тұтынушылық несие беру есебінен ғана өсім көрсетпеуі тиіс. Нағыз тұрақты экономика – банктердің қарапайым халықты қарызға батыруымен емес, нақты секторды, шағын және орта бизнесті (ШОБ) қаржыландыруымен өлшенеді. Банктер халыққа мақсатсыз несие үлестіруді азайтып, өндіріс, ауыл шаруашылығы және инновациялық жобаларды несиелеуді арттыруы қажет. Бұл елде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың нақты табысының өсуіне ықпал етеді. Қаржы секторы азаматтарға тек қарыз алу құралдарын емес, қаржыны сақтау және өсіру құралдарын белсенді ұсынуы тиіс. Қаржы институттары несие берер алдында қарыз алушының төлем қабілеттілігін мұқият бағалауға міндетті.

«Қарызсыз қоғам» құру – бұл тек үкіметтің немесе жекелеген ұйымдардың ғана міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның трансформациясы. Қаржы секторы халықтың табысын кемітетін емес, оны еселейтін құралға айналуы тиіс.

Тұтынушылық несиелердің үлесін азайтып, халықтың қаржылық сауатын көтеру және банктік капиталды нақты өндіріске бағыттау арқылы ғана Қазақстан тұрақты әрі қарызсыз экономикалық модельге қол жеткізе алады.

Жоғарыда айтқанымдай, қаржы секторының мобильді форматқа көшуі несие алу процесін тым жеңілдетіп жіберді. Бұл үрдіс әсіресе елдегі қауіпті әлеуметтік дерт – лудоманияның өршуіне түрткі болды. Букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың құрығына түскен жастар қаржылық сауаттың жоқтығынан бірнеше МҚҰ-дан қатар несие алып, отбасыларын тығырыққа тіреді. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында бүгінде мемлекет енгізген «Несие алудан ерікті түрде бас тарту» (eGov арқылы) қызметі маңызды құқықтық қорғанысқа айналды деп есептеймін. Мұндай жобалар бізге қажет. Жобаны қаржы секторын тұрақты дамытудың үлгісі ретінде қарастыруға әбден болады.

Қ. САЙЛАУОВА

Тегтер: несие
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз