Саясат

Жалған демократия жамылған

Қазақстан билігі қашанға дейін Ресейдің жетегінде жүрмек?

Жалған демократия жамылған

Бұрынғы КСРО кеңістігіндегі қазіргі шындықтың бірі сол – өз саясатындағы ресейшіл бағытынан бас тартып жатқан елдердің қатары жыл санап көбейіп келеді.

       Күні кеше Молдовада президент сайлауы өтті. Сайлаудың бірінші турының нәтижелеріне қарасақ, экс-премьер Майя Санду мен қазіргі президент Игорь Додонның арасындағы алшақтық өсіп келеді: Санду 36,12 пайыз дауыс алса, Додонның алғаны – 32,64 пайыз. Ешкім 50 пайыздан артық дауыс жинай алмағандықтан, енді сайлаудың екінші туры өтеді. Бірақ онда жеңіске Майя Санду жететініне сарапшылардың сенімі мол.

     Майя Санду деген  кім десеңіз, ол – талай жылдан бері Ресейге қарсы саясат жүргізу қажеттігін насихаттап жүрген саясаткер. 2014 жылы ол ағарту министрі болған тұста мектептерде орыс тіліне шет тілі деген мәртебе бере салуды ұсынған. Осы сайлауда да ол Игорь Додонды ресейшіл саясат жүргізетіні үшін айыптап, соның салдарынан Молдованың қалған әлеммен қарым-қатынасы тоқтап қалды деп мәлімдеді. Санду енді Еуроодақпен терең интеграция орнатуды ұсынып отыр, өйткені, оның сөзінше, «Ресей елдің дамуына ешқандай техникалық қолдау көрсете алмайды».

     Өткенде, мәселен, Грузияда парламенттік сайлау өтті. Онда биліктің «Грузинская мечта» партиясы 48 пайыз дауыспен жеңіске жетті, ал екінші орынды бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің «Сила в Единстве» партиясы (27 пайыз) иеленді. Бұл екі партияның арасында көптеген ұсақ қайшылықтар бар екеніне қарамастан, екеуін аса маңызды бір ұстаным біріктіреді – екеуі де антиресейшіл бағыттағы партия.

     Биліктің «Грузинская мечта» партиясын кезінде Грузиядан шыққан ресейлік бизнесмен Бидзина Иванишвили құрған болатын. Бірақ Грузияның қазіргі президенті, аталған партияның өкілі Саломе Зурабишвили 2018 жылғы сайлаудан кейін Ресейді Грузияның жауы деп санайтынын және Ресеймен арада кез келген әріптестік орнатудан бас тартатыны туралы мәлімдеген.

      Бұл жағдайда Қазақстан үкіметінің қай жаққа қарай «қисаятыны» қызық болып тұр. Әзірге біздің билік ешкіммен тікелей теке-тіресуге бармай отыр. Декларациялық құжаттары бойынша Қазақстан Республикасы өзін батысшыл, демократиялық жолдағы мемлекет етіп көрсеткенімен, техникалық тұрғыда Ресей үкіметінің жетегінде еріп келеді. Тіпті солтүстік көршісімен дос болғаны үшін өзінің экономикасын да құрбандыққа шалып келеді. Бірақ мемлекеттің қазығын құрайтын қазақ ұлтының, жалпы алғанда, Ресейге деген көзқарасы теріс екені рас. Қашанға дейін бұлай жалғаса беретінін уақыт көрсете жатар.

Тегтер: Без Тега
Әділ Ақылбай
Әділ Ақылбай Әділ Ақылбай

Оқыңыз