Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: сот "жыныстық зорлық" болғанын есепке алмаған
Қазақстан әскери сотының апелляция алқасы "шекара бекетінде асылып өлген" сарбаз қазасына бір әскери қызметкерді кінәлі деп тапты, деп жазды Zhasalash.kz.
Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бекетіндегі іске қатысты сотталған әскери қызметкердің адвокаты Сержан Пірәлиев жаңа деректерді мәлімдеді.
2022 жылы тамызда Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бекетінде қаза болған қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың өліміне қатысты істің апелляциясын әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қараған. Алайда сот "жыныстық зорлық" болғанын есепке алмаған.
Сот алқасы сарбаз өліміне қатысты іске сержант Айбек Нұртаевты "билігін асыра пайдаланды" деген айыппен 7 жылға соттады. Сот "жыныстық зорлық болғаны туралы және сол қылмыс телефонға түсірілгені жайлы факті дәлелін таппады" деп шешкен.
Ал сотталушының сержанттың адвокаты Сержан Пірәлиев қаза болған сарбаздың аузынан, киімдерінен табылған бірнеше ер адамның шәуеті биологиялық сараптамада дәлелденгенін айтты.