Жамбылда 56 жас баспаналы болды
«Үйі жоқтың күйі жоқ». Жамбыл облысы бойынша 35 жасқа дейінгі 330 мыңға жуық жас болса, оның 7 мыңнан астамы баспана кезегінде тұр.
Бұл ретте Жамбылда жастарды баспанамен қамту бағытында өңірде екі жылдан бері «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, бірнеше жамбылдық жас жеңілдетілген несие алып, қоныс тойын тойлады. 5 жыл мерзімге жасалған жоба бойынша аталған бағдарлама шеңберінде биыл да «өз үйі – өлең төсегі» болатын жамбылдық жастардың қатары көбейе түсті. Осы орайда «Жамбылда жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеу керек?», «Бұл бағдарламаның шарапатын кімдер көре алады?» деген сұрақтарға Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жауап берді.
- Жаңа бағдарламаны Жамбыл облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп жүзеге асыруда. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының мамандары, журналистер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан, яғни 1 жылдан кем болмауы қажет. Әлбетте, табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектесіп отыр.
Жамбыл облысының жастарына жеңілдетілген тәртіпте несие берудің 2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Атап айтқанда, 1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» АҚ тарапынан. Жобамен биыл 130-дан аса жасты баспанамен қамту жоспарлануда.
Бағдарлама аясында қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге, несие беру уақыты – 19 жыл, пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 5% деп көзделген. Бағдарлама аясында өтінімдер e-jambyl.kz платформасы арқылы қабылдануда. Өтінім қабылдаудың 1,2-кезеңінде жалпы 499 өтінім қабылданған. Оның ішінде 155 өтінім бойынша комиссия шешіміне сәйкес жолдама берілді. 334 өтінім бойынша талаптарға сай келмеуіне байланысты бас тартылды. Жолдама алған 155 қатысушының ішінен 1 миллиард 609 миллион теңге көлеміндегі соммаға 111-і төлем қабілеттілігін растады.
Ал 33 азамат төлем қабілеттілігін растай алмаса, 11 азаматтың төлем қабілеттілігі тексерілу үстінде. Бүгінгі күнге 56 жас 840,0 миллион теңге көлеміндегі соммаға тұрғын үй алды. 769 миллион теңге көлеміндегі соммаға төлем қабілеттілігін растаған 55 азамат үй іздестіруде.
Қатысушылар санын толықтыру және резерв тізімін қалыптастыру мақсатында 5-15 қазан аралығында өтінім қабылдаудың үшінші кезеңі жүргізілді. Жалпы келіп түскен 76 өтінім бойынша сұрыптау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі, төлем қабілеттілігін тексеріп жатқан 11 азаматтан бөлек, тағы 11 қатысушының баспаналы болу мүмкіндігі мол», – дейді Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ж. Зұлпыхар.
Бұл ретте айта өтерлігі, қоныс тойын тойлаушы жамбылдық 56 жас отбасының қатарында 6 журналист бар. Әулиеаталық жас әріптестерге қоныстарыңыз құтты болсын демекпіз!
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы