Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 25 Сәуір 2024

Жамбылдың бюджеті қарыз жабуға кетеді

Қарашөкеев
Фото:

Оған әкім Қарашөкеев те, орынбасары Тамабек те кінәлі емес,бәріне отыз жыл кінәлі

Аграрлы өңір Жамбылға президент тек сол саланы басқарған министр, я болмаса ауыл шаруашылығы саласының мамандарын әкім етіп жіберсе де, мұндағы шаруалардың мәселесі шешілер емес. Мәселесі шешілгенің не, қарыздан қарыз жамалып, қазіргі таңда Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласы 12,5 миллиард теңгеге қарызға белшеден батқан. Яғни Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға биылға бөлінген 19 миллиард теңгенің 12,5 миллиард теңгесі өткен жылдың өтпелі қарыздарын жабуға жұмсалмақшы. Қаржының бәрін қарызға жұмсап тастап, Қарашөкеев шаруаларға қандай жағдай жасамақ? Бұл қаржы негізінен қажетті техника, құрал-жабдықтар мен су үнемдеу технологияларын алуға жоспарланған емес пе еді? Жамбылда биылға белгіленген 9,8 мың га қант қызылшасын орналастыру нормативіне сәйкес өндірілетін 346 мың тонна өнім көлеміне қажетті қаражат 8,6 млрд теңге, ал бұл бағытқа 2,0 млрд теңге ғана жоспарланған. Оған қосымша, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға қажетті 3,1 млрд теңгенің қарастырылмағаны тағы бар. Жамбыл облысындағы осы келеңсіз жайтты айтып, сенат депутаты Сәкен Арубаев өткен аптада премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған. 2023 жылы Жамбыл облысына «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында 30,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 мыңнан астам шаруаларға қолдау көрсетіліпті. Бұл бағдарлама көлемінде негізгі шешілуі тиіс мәселенің бірі – тракторлар мен комбайндарды 10,0 пайызға жеткізу болатын. Бұл әлі шешімін таппаған мәселелердің қатарында тұр. Одан бөлек, осы жылға мал шаруашылығын дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінгенімен, өткен жылдан қалған қарыз 2,6 млрд теңгені құрап, мал шаруашылығының да мазасы қашып тұр. Бір сала емес, тұтас ауыл шаруашылығының уайымына айналған қарыздан облыс әкімі Қарашөкеев көз ашпай тұр десек те болады. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасының да жағдайы осы. Биылға бөлінген 6,7 млрд теңге қаржының 91% тағы өтпелі қарызға бағытталмақ. Сонда жоғарыда айтқанымыздай, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген 19,0 млрд теңгенің 12,5 млрд теңгесі өткен жылдың қарыздарын жабуға жұмсалайын деп тұр. Осының салдарынан биылғы жылға жоспарланған қант қызылшасы алқабын ұлғайту, жеткілікті көлемде тыңайтқыш және қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бағытындағы шаруашылықтардың сұранысын толық қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Қарызға белшеден батқан өңірдегі шаруалардың тағы бір мәселесі – пияз болып тұр. Былтыр пияз бағасының күрт төмендеуі мен алымсалықтың болмауынан шаруалар өнімдерін қоймада көктем шыққанға дейін сақтап күткенімен, өткізер жер табылмаған. Нәтижесінде, тонна-тонна пияздары бүлініп, жарамсыз болып қалды. Кейбір шаруалар бүліне бастағаннан-ақ елге тегін таратуға мәжбүр болса, кейбірі әбден бүлінген кезінде тау жаққа тау-тау қылып, төгуіне тура келді. Ал Жамбылға ауыл шаруашылығы министрі қызметінен ауысып келген әкім Ербол Қарашөкеев шаруалардың мәселелерін шешуде қауқарсыз болып шықты.
Құрғақшылық та болмайды, молшылық та болмайды. Біз өңіріміздің ауыл шаруашылығы бойынша белшеден батқан қарызы және басқа да көкейде жүрген сауалдарды Жамбыл облысы әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Әбілхайыр Тамабекке қойдық. 

– Жыл сайын ауыл шаруашылығына тиісті қаржы бөлініп отыр. Неге қарыз көбейіп кеткен? 

– Жалпы, субсидия бөлінгелі бері жыл сайын қарыздың үстіне қарыз жамалумен келеді. Айталық, мал шаруашылығына жоспарланған қаржыны алсақ, оны бюджеттік өтінімге берген кезде республикалық бюджеттен қаржының тапшылығына байланысты толық бермейді. Былтыр өзім ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген кезімде еліміз бойынша субсидияның қарызын есептегенде 155 миллиард теңге болды. Ол кезде премьер-министр Әлихан Смайылов субсидия қаржысын толық жабамыз деді. Сөйтті де 1-ші траншпен 30 миллиард теңге бөлінді. Ол қаржы 40 миллиардтан астам қарызы бар өсімдік шаруашылығының қарызын жабуға жұмсалды. 2-ші траншпен мал шаруашылығына 30 миллиард теңге үкіметтің резервінен қаржы бөлу туралы қаулы шықты да, бірақ қаржының болмауына байланысты ақша бөлінбей қалды. Инвестициялық субсидияға да 30 миллиард теңге қаулы жобасы дайындалды да, ақшаның болмауына байланысты оны да тоқтатып тастады. Сонымен 155 миллиард теңгеден 30 миллиард теңге ғана қарыз жабылды. Енді қосымша қажеттілік пайда болды да, ол тағы қарыздың үстіне қарыз болып қосылмақ. Енді өзімізге келсек, биыл Жамбыл облысына 19 миллиард теңге бөлініп отыр, ал қажеттілік 35 миллиард теңге. Яғни 16 миллиард теңге жетпейді, оған былтырдан қалған 12 миллиардтан астам қаржыны қосқанда 28,8 миллиард теңге қосымша қаржы қажет. Біз бірінші кезекте 12,5 миллиард теңге өтпелі қарызды жабамыз.

 – Қаржының негізгі бөлігі қарызды жабуға жұмсалса, шаруалардың жайы не болмақ?

 – Біз қарызды жабудан қалған 7 миллиард теңгені бірінші кезекте техникаға жұмсаймыз. Өйткені техника паркі тозған. 80 пайыздан астам ескі техника. Оны 10 пайызға болса да жаңартуымыз керек. Сосын 22 пайызбен несие алған шаруалардың 16 пайыздық мөлшерлеме субсидиясын біз төлейтін боламыз. Шаруалардың несиесі 3 ай төленбесе, бірден қара тізімге енеді. Енді 28,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім тастап қойдық. Оны республикалық бюджет қолдау керек. Себебі облыстық бюджетте ондай қаржы жоқ. Одан бөлек, күзде қосымша қаржы қаралады, сол кезде өтінімімізді қорғайтын боламыз.

– Жамбылда қазір пияз дауы ушығып тұр. Шіріген, жарамсыз болған, бүліне бастаған тонна-тонна пиязды қажеттілікке жаратуға неге ертерек қам жасалмады? 

– 1 наурыздағы есеп бойынша 138 мың тонна пияз жамбылдық шаруалардың қоймасында болды. Олар көктемде баға көтеріледі деп күткен. Сосын біз шұғыл әрекетке көшіп, министрлікпен келісіп, фитосанитарлық құжаттарды 3 сағатта беруге қол жеткіздік. Нәтижесінде, 15 сәуірдегі есеп бойынша 73 мың тонна пияз 11 мемлекетке Пәкістан, Иран, Ирак, Ауғанстан, Грузия, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталды. Сосын шаруаларға ертең босқа бүлініп, қоқысқа тастауға мәжбүр боласыздар, одан да су басқан 7 облысқа гуманитарлық көмек ретінде берейік деп, жөнелттік. Ішкі нарықта сатылып жатыр, ірі сауда орындарымен келісім жасадық. Қазіргі таңда 34 мың тонна пияз шаруалардың қолында бар. Ары қарай да экспортпен жұмыс істейміз. Ал бүлінген пияздарды арнайы қоқыс тастайтын, белгіленген жерлерге апарып тастап жатыр. Ал жасырын түрде тауға төгіп кеткендер, экологияға зиян келтіргендер болса, оларды құзырлы орындар тауып, айыппұл төлейтін болады.

– Газетіміздің 5 наурыздағы нөмірінде «Қарашөкеевтің абсурды: Суды 1000 гектарға береді, егінді 4000 гектарға ектіреді» мақаласы жарияланды. Бұл мақалада шалғайдағы мойынқұмдық шаруалардың мәселесін жазған едік. Бұл мәселе бойынша не дейсіз?

– Иә, мақалаларыңызды оқып тұрамын. Бұл жерде мәселе былай: Тасөткел магистральды каналының жоғарғы жағында отырған шаруалар насостар қойып тастаған. Соның салдарынан төменгі жақтағы мойынқұмдық шаруаларға су жетпей қалады. Биыл «ҚазСуШар-ға» берілген бірінші тапсырма суды шалғайдағы Мойынқұмға жеткізу.

Екінші – Шудың төменгі сағасындағы ауылдар Далақайнар, Қонаев ауылдарына су апару. Одан кейін барып Тасөткелдің басындағы ауылдарға су беру. Содан соң тәлімдік алқаптарға егістік еккендерге су бермеуді қатаң қадағалау. Бірінші кезекте суармалы жерлер су ішу керек. Осы кезге дейін судың басында отырғандар суға қарық болып, төменге жетпей келген болса, биыл біз төменнен жоғары қарай су жеткіземіз деп отырмыз. Төмендегі ауылдардың жазығы жоқ қой. Жоғарыдағылардың заңсыздығынан шалғайдағы шаруалар зиян шекпеу керек деген ұстаныммен осындай қадамға барып отырмыз. Биыл міндетті түрде Мойынқұмға су барады деп сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда су қоймаларында судың жиналуы 15 пайызға көп. 26 сәуір күні Қырғызстан астанасы Бішкекте су бөлу мәселесі бойынша үкіметаралық отырыс болады. Сол жерде біз өзімізге 450 млн куб су сұрап отырмыз. Сол суды алатын болсақ, өңірде былтырғыдай құрғақшылық, күйіп кету болмайды. Бірақ басын ашып айту керек, суға қарық та болмаймыз.

– Енді бір сұрақ – ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық өтіріктер. Қайбір күні сіз бір жиында осы уақытқа дейін өңірімізде өтірік мәлімет беріліп келген дедіңіз. Бұған кім жауап береді? Алдыңғы облыс әкімі немесе сізге дейін осы салаға жауапты болған орынбасар ма? Ләм-мим деген ешкім болмады. Әсілінде, біреу жауап беру керек шығар.

– Оған жауап беру деген енді... 30 жыл бойы жинақталған нәрсе ғой. Басынан басталған өтірікті бірінен кейін екіншісі жалғастырып, бүгінге дейін жеткен ғой. Ол бойынша соңғысын ұстап жазалау дұрыс емес шығар. Мүмкін саясат сондай болды ма...

Біз қазір аудан әкімдіктеріне «өтірік мәлімет беруді тоқтатыңыздар» деп тапсырма беріп жатырмыз.Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жауапкершілігі туралы бір ауыз айтпаған әкім орынбасары Әбілхайыр Тамабек, ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бойынша да жауапкершілікті мойнына алғысы келмеді. Бұл күндері қандай да бір саланың былықтарын өткен отыз жылға жабу – сол жауапкершіліктен қашу сияқты көрінеді де тұрады. Тоқаев президент болғалы да бес жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде түгел республиканың болмаса да, тегіс облыстың қыруар шаруасын айтпағанның өзінде, бір ғана ауыл шаруашылығының мәселесін шешуге болмас па еді? Екі жыл ауыл шаруашылығы министрлігін басқарып келіп, облысқа әкім болған Ербол Қарашөкеевке де өңірдің бұл мәселесі таңсық болмаса керек еді. Енді айналып келгенде, жамбылдық шаруалардың қиындыққа тап болғанына өткен отыз жыл жазықты болып шықты. 

Нұрболат ӘЛДИБЕК

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ