Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 15 Мамыр 2024

Жәмила Бақбергенова, әлем чемпионатының жүлдегері: Өкініш өзегімді әлі өртеп жүр

Жәмила Бақбергенова
Фото: ашық дереккөз

Жақында Ыстамбұлда (Түркия) аяқталған іріктеу турнирінің нәтижесі көңілімізді қатты түсірді: жарысқа қатысқан ешбір балуанымыз олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады.

 Еркін күрестен қалған үш жолдамаға таласқан балуандарымыз түгелдей бос қайтты. Шешуші белдесулерде Рахат Қалжан (57 келі) – қытайлық Ванхау Зудан, Адлан Асқаров (65 келі) – ресейлік Нүргүн Скрябиннен, Нұрқожа Қайпанов (74 келі) албаниялық Чермен Уәлиевтен жеңілді. 

Грек-рим күресінен Дінмұхамед Қошқар (67 келі) қола жүлде үшін египеттік Ибрагим ел-Сайедтен ұпайсыз ұтылды. Осы қарсыласын жолда қалдырса, оған Париж есігі ашылар еді. Юсуф Мациев (97 келі) алғашқы белдесуден кейін-ақ үміткерлер қатарынан шықты.

Ал әйелдер арасында тұңғыш рет отандастарымыз олимпиада кілемінде өнер көрсетпейді. Қайрат Сағадиевтің шәкірттері әлем чемпионатында да, одан кейінгі екі іріктеу турнирінде де ешқандай жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. Ыстамбұлда балуан қыздарымыздың ешбірі шешуші белдесулерге жете алмады. Сонымен, Париж олимпиадасында 7 қазақ балуаны өнер көрсетеді. Олар – еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі), Юсуп Батырмырзаев (125 келі), грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі). Ескере кететін жайт, күрес лицензиялары атаулы емес, олимпиада жақындағанда нақты құрам белгілі болады.

Ыстамбұл турнирі қарсаңында біз Жәмила Бақбергеновамен сұхбаттасып, Бішкекте өткен іріктеу кезеңіндегі сәтсіздігі туралы сөйлескен едік. Кейінгі Ыстамбұл іріктеуіне 76 келіде Эльмира Сыздықова қатысып, алғашқы қарсыласы Епп Мяеге (Эстония) есе жіберді.

Сәуір айында Бішкекте (Қырғызстан) өткен олимпиадаға іріктеу турнирінің шешуші белдесуінде қытай қызы Ван Жуанға есе жібердің. Ә дегенде 1:0 есебімен алда тұрдың. Екінші кезеңнің басында Ван есепті теңестірді. Белдесу соңына қарай шабуылға ұмтылып жүріп, қарсыласқа мол ұпай беріп қойдың. Қандай қате жібердің?

Париж олимпиадасына жолдама ала алмай қалғаным – өте үлкен өкінішім. Өкінсем де, енді ештеңе өзгермейді. Қате өзімнен. Ванмен бұрын Азия чемпионатында жолым түйісіп, басым түскенмін. Ол оған дейін де 76 келі салмақта күрескен, тәжірибесі бар. Ванның қолы өте тегеурінді. Бішкек кілемінде оның қолын ұстаймын деп көп күшімді де, уақытымды да жұмсап алдым. Яғни қарсыласымның күшті қолынан келетін қауіпті тойтарам деп жүріп уақытты ойламаппын. Мені сылбыр күресті деп төреші қарсыласымның пайдасына бір ұпай бергенде ғана таблоға көзім түсті. 27 секунд қана қалыпты.

Бапкерің Нұрсұлтан Теміров айғайлап ескертпеді ме?

Зал у-шу болып жатты, мүлде естімедім. Ванның аяғына ұмтылдым. Қолым жетті, бірақ толық орап үлгермедім. Мұнда да қатем бар, әдісті дұрыс істеуім керек еді. Асығып жүргенде қытай қызы ту сыртыма шығып кетіп, ұпайын тағы еселеді. Менің кінәм – бар ынтамды белдесуге арнағанымда. Айналаны ұмытып, қарсыластың қолын байлап жүре бермей, бір уақ таблоға көз тастап қоймағаным үшін де өзімді кешіре алмадым. Бір сәтте өзімді тоқтатып, сабырға келуім керек еді.

Олимпиада жолдамасына сынық сүйем жетпей тоқтадың...

Мен негізі «Париж олимпиадасына жолдама алмай қаламын» деп бір сәт те ойлаған емеспін. Бұл сәтсіздік маған ғана емес, бапкеріме де ауыр тиді. Нұрсұлтан аға маған барлық жағдай жасады: тамағымды толық қадағалады, спарринг-қарсыластан да кенде қылған жоқ. Бапкерімнен және құрама штабынан ешқандай қате жоқ. Ата-анам да сыртқа білдірмегенмен, қатты қиналды. Солардың сенімін ақтай алмағаным үшін әлі ұялып жүрмін.

2023 жылдың қыркүйек айына дейін 72 келіде өнер көрсеттің. Бұл олимпиялық салмақ дәрежесі болып саналмайды. Мақсатты түрде осы салмақта белдестің бе, әлде «бірте-бірте 76 келіге ауысамын» деген жоспар болды ма?

Өзіме ыңғайлы салмақ сол болды. Өйткені 68 келіге төмендесем, онда егізім Мәдина бар еді. Ал 76 келіге көтерілуге табиғи күш-қуатым жетіңкіремей жүрді. Ағзам да соған үйренген. Белградта (Сербия) өткен соңғы әлем чемпионатында топ жаруды ойладым. Бірақ жарыс қарсаңында сәл ауырып қалдым. Қазақ баспа дейді ғой, тамағымның безі ісіп, толыққанды жаттыға алмадым. Жартылай финалда моңғол балуаны Енх-Амарин Даваанасаннан 2:6 есебімен жеңілдім. Бұдан кейін босаңсымай, қола жүлде үшін белдесуде поляк балуаны Наталья Стржалканы жеңдім. Сөйтіп, үшінші әлем чемпионатынан жүлдемен қайттым. Араға он күн салып Азия ойындарына қатыстым. Осы сын қарсаңында бапкерім алдыма нақты мақсат қойды. «Азия ойындарында жақсы күрессең, 76 келіге тұрақтап қаласың. Ауыр соғып жатса, 72 келіде жүре бересің» деді.

Өзіңе қалай ыңғайлы: 68 келіге салмақ қуалағаның дұрыс па, әлде 76 келіге көтерілгенің жөн бе?

Ол өзіңе байланысты. Мысалы, дұрыс тамақтанып, дұрыс жаттығу жасап, бір салмақ дәрежесіне төмендеуге де болады. Бірақ жаттығу барысын әбден бақылаған бапкерім салмақты түсіру емес, керісінше, күш жинау дұрыс екенін айтты.

72 келіде әлем чемпионаттарында алтынға бір қадам жетпей тоқтап жүрсің. 2021 жылы Ослода (Норвегия) – жапон қызы Масако Фуруичи, 2023 жылы – америкалық Амит Елор жолыңды кесті. Биыл, жоғарыда айтып өткеніміздей, Даваанасаннан өте алмадың. Бұл қарсыластар шынында да мықты ма?

А.Елор – өте мықты қарсылас. Оның білек күші көп. 2022 жылғы финалда ол мені еркін жеңді. Ал былтыр Даваанасанмен жартылай финалдық белдесу алдында сәл ауырыңқырап тұрсам да, «бұл балуанды ұтамын» деп аса сенімді жүрдім. Неге екенін білмеймін, алдағы финалдық бәсекені ойлап кеттім. Яғни Елормен қалай күресетінімді пысықтай бастаппын. Бұл жерде тамағымның ауырғанын сылтауратпауым керек. Бәрі уақытынан бұрын ойлануымның кесірі деп білемін.

Тамағың ауырып жүрсе де, Азия ойындарында бақ сынауға қорықпадың ба?

Жоқ. Моңғол балуанынан жеңілгеннен кейін тамағым жайлап жазыла бастады. Бапкерім құрлық ойындарына дайындығымызды өте сәтті өткізді. Ара-арасында демалдырып та алды, кейбір күндері бар күшімді салып жаттықтырды. Азия ойындарында өте жақсы күрестім деп ойлаймын. Финалға дейінгі үш қарсыласымды да айқын басымдықпен жеңдім. Ақтық бәсекеде қырғыз балуаны Айпері Медетқызына қарсы жақсы мүмкіндігім болды: айқын басымдықпен жеңетін сәтте аяғымды дұрыс қоймай, қарсыласым сытылып кетті. Айпері 76 келіде ұзақ жылдан бері күресіп келеді, тәжірибесі өте мол. Оның үстіне Айперімен алғаш рет кездесуім. Қарсыласымның қыр-сырын толық зерттемегенім байқалды.

Қырғыз балуандар әйелдер күресінде де, ерлер күресінде де өте мықты болып тұр. Мұның себебі неде?

Бірге жаттығып жүрмеген соң, нақты айту қиын. Дегенмен Ақжол Махмұдов, Айсұлу Тыныбекова сияқты мықты балуандардың бір мезетте бой көрсетуі қырғыз күрес өнері үшін зор серпін болды. Бір ғана Айсұлу қаншама балуанға жігер берді. Одан кейін А.Медетқызы, М.Жұманазарова табысты жолды іліп әкетті.

Әйелдер күресінде жапон қыздары да өте мықты. Оның қандай себебі бар?

Олардың жеңіс дәстүрі әбден қалыптасты. Жапон спортшылары күрестен ғана емес, спорттың барлық түрінен әлемдегі кез келген мықты елмен таласа алады.

Сыңарың Мәдина іріктеу турнирлеріне жарақатына байланысты қатыса алмады. 68 келіде оның олимпиада жолдамасын алуға мүмкіндігі бар ма еді?

Маған Мәдинаның өзіндік стильмен күресетіні ұнайды. Ол қарсыласын айқын жеңуге тырысады. Және бір ерекшелігі – Мәдина күйіп-жанып кетпейді, аса сабырлы күреседі. Жарақаты болмағанда, ол Түркияда өткен соңғы іріктеу турниріне қатысатын еді. Өзім Мәдинаның үнемі қасымда жүргенін қалаймын. Жаттығу процесіне қатыса алмаса да, Бішкектегі турнир алдында ол маған қатты көмектесті.

76 келіде құрама көшбасшысы Эльмира Сыздықова екенін бәріміз білеміз. Ел чемпионатының финалында оны жеңгеннен кейін ендігі жүкті өзің көтереді деп сеніп едік.

Эльмира екеуміз кілемде осыған дейін алты рет жолықтық. Ол төрт рет жеңді, мен екі рет басым түстім. Екеуміз кілемде ғана қарсыласпыз, өмірде өте жылы сөйлесеміз. Кілем сыртында ол маған үнемі көмектеседі, қарсыластар жайлы білгенін жасырмайды. Қалай дегенде де, Эльмира – күрестен олимпиада жүлдесін жеңіп алған алғашқы қазақ қызы. Сонысымен-ақ ол ерекше құрметті. Бір салмақта бір емес, бірнеше спортшының мықты болуынан зардап шеккен команда бола қоймас, сірә. Эльмира Рио олимпиадасында қола жүлде иеленгенде біз қатты қуандық. Осы жетістігі арқылы ол бізді ерекше ширықтырды. Өз ортамыздан шығып, олимпиада жүлдесіне қол жеткізуі біздің де мақсат биігіне талмай, шаршамай ұмтылуға болатынын дәлелдеп берді.

Алғаш Мәдина екеуіңді спортқа бейімдегенде, қазіргідей табысқа жетемін деген мақсат болып па еді?

Ата-анам алғашқыда бізді дзюдоға бергісі келді. Дегенмен жолымыз әйелдер күресіне бұрылып тұр екен. Біз әу баста кәсіпқой спортшы болуды армандағанымыз жоқ, бәрі рет-ретімен, бірте-бірте келді. Әкем Науқан Бақбергенұлы үнемі қолдап отырды. Жарыстарға шектеусіз жіберіп жүрді. Сатылап өсіп, биіктерді біртіндеп бағындыруға шақырумен болды. Жасөспірімдер арасында үздік болсам, «енді жастарды ұтуың керек» деп қамшылады. Ересектер арасына да солай бейімдеді. Азия құрлығында жеңімпаз атанғанымда, ендігі меже – әлем чемпионатын жеңіп алу екенін санама сіңдірді. Үй жұмыстарын да істетті, төрт қабырғаға тығыла бермей, қимылдап, еңбек істеп жүргеннің маңызы зор екенін түсіндірді. Оны жаттығу деп қарастырды. Біз спортқа түбегейлі бет бұрғанда, әкем күрес спортының қыр-сырына мейлінше ден қойды. Өзі футбол бапкері ғой.

76 келі салмақта олимпиаданың басты фавориті кім?

Токио олимпиадасының күміс жүлдегері, бес дүркін әлем чемпионы Аделин Грей (АҚШ) өте мықты. Жапон қызы Юка Кагами бір жыл бұрын Сербиядағы әлем чемпионатында топ жарды, оны да ескермеуге болмайды. Айпері Медетқызы да оларға жақсы бәсекелес бола алады. Токио олимпиадасының қола жүлдегері Ясемин Адар да (Түркия) жолдама иеленді.

Париж олимпиадасының жолдамасы бұрымды балуандарымыздың ешбіріне бұйырмады. Өзің тағы бір олимпиялық циклда күресесің бе? Әлде басқа да жоспарларың бар ма?

Өзімнің күрескім келеді. Бұл мәселені ата-анаммен, бапкеріммен ақылдаса отырып шешемін. Олимпиадаға барамын деген сенімім әлі өшкен жоқ. Күндердің күні олимпиада кілемінде күресетін сияқты сезінемін. Оның үстіне әйелдер күресінен жүлдесіз қайту ұят. Бапкерлердің еңбегі ақталмай қалатындай. Міне, ешбір балуанымыз олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмай қалып еді, көкірегімізден ел көшкендей қысылып жүрміз. Бір сәтсіздіктің соңынан үлкен табыс келетін шығар. Соған сенейік.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы