Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:48, 14 Сәуір 2025

Жаңаөзендегі зауыттың экс-басшысы миллиондаған теңге жымқырғаны үшін сотталды

Болат Байшуақов
Болат Байшуақов. Фото: kmg.kz

Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауытының бұрынғы директоры Болат Байшуақов ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен сотталды. Ол кәсіпорын мүлкін заңсыз сатып, ақшаны жеке мақсатта пайдаланған.

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен аудандық соты «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Болат Байшуақовты кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Тергеу барысында анықталғандай, Байшуақов лауазымын пайдаланып, зауыттың кейбір құрал-жабдықтарын міндетті аукцион өткізбей сатқан. Бұл арқылы түскен қаражатты заңсыз иемденіп, жеке басының пайдасына жаратқан.

Айта кетейік, бұған дейін Болат Байшуақов 65 миллион теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Ол 2024 жылдың қысында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қатысты кадрлық ауыс-түйістерден кейін басталған ауқымды антикоррупциялық операция барысында қолға түскен.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енбеген.