Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеді.
33 жастағы былғары қолғап шебері бұл шешімді допинг дауына байланысты бір жылдық дисквалификация кезінде қабылдаған.
Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында орта салмақтағы кезеңін қорытындылап, енді жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.
«Біз орта салмақта үлкен із қалдырып, бірден екі әлем чемпионы белбеуін жеңіп алдық. Qazaq Style стилін әлемге таныттық. Бұл салмақта қарсыластарымыз үшін нағыз сынаққа айналдық. Осында талай қуанышты да, қиын сәттерді де бастан өткердік. Енді жолымызды екінші орта салмақта жалғастырамыз. Бұл дивизионда мықты әрі танымал боксшылар көп. Бұрын менімен бір салмақта жұдырықтасқан кейбір спортшылар қазір осы салмақта чемпион атанып жүр. Енді олардың да тынышын кетіреміз», – деп жазды боксшы.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы мансабын екінші орта салмақта жалғастырып, жаңа қарсыластармен чемпиондық белбеулер үшін сынға түспек.