Жақсылық Қазымұратұлы. Шора
Шора – қарапайым журналист. Олкісімен өткен жылы «Мінбер» жастар газетіне жұмысқа келгенімде таныстым.
Кептелісте қалып қоймайын деп үйден ертерек шығып едім, жұмысқа тез жеттім.Редакцияға әлі ешкім келмепті. Жарты сағаттай күттім. Бір кезде ұзын бойлы сарыкісі баспалдақты тасырлатып жоғары көтерілді де, мен күзетіп тұрған есікті сүзетоқтады. Сипалап жүріп кілтін тауып, құлыпты ашты. Мені әлі байқамаған секілді,ішке кіруге ыңғайланды. Өтірік жөткірініп белгі бердім. «Не болды?» дегендейбұрылып қарады. Жүзінен ешқандай белгі білінбейді. Басымды изеп, амандастым. Сәлемімдісалқын қабылдады, қолын созды да, жылдам тартып алды. Саусағының ұшын ұстапүлгердім, тершіп тұр екен.
– Аға, есімім – Жомарт,«Мінбер» газетіне жұмысқа келіп жатырмын, – дедім, сасқалақтағанда аузыма басқа сөз түспей.
Жартылай ашылған есікті қайтажапты да, басымнан аяғыма дейін көз қыдыртып қарап, танауының ұшына ілініптұрған көзілдірігін сәл көтеріп:
– Стажировкаға ма? – деді.
– Жоқ, толық штатқа, – дедім.Басын жеңіл шайқаған кейпі ішке кірді. Соңынан баспалап мен де кірдім. Іштеныстық ауа лап ете қалды, ескі ғимараттардан шығатын жағымсыз сыздың иісі мүңкіптұр. Шора ештеңені сезбегендей жайбарақат орнына келіп отырды. Артына бұрылыпбосағада қаздиып тұрған маған:
– Кел, мына компьютер бос,осында отыра тұр, – деді. Шора айтқан орынға жайғастым, көзімнің қиығымен оғанқарағыштай беремін.
Үстелінің тартпасынан шағынпульт алып шығып, бұрышта тұрған желдеткішті қосты.
– Бөлме ыстық, кондиционерістемейді, – деп терезенің үстіне орнатылған беті жоқ кондиционерге қарапқойып, кеудесіне су болып жабысып қалған жейдесін тартқылап, мойнын тұқырыпбір-екі рет үрледі.
Күнқағары ұзын, түсі оңыпкеткен ескілеу сұр кепкісін шешіп қол созым жердегі ілгішке ілді. Әрі ағарып,әрі сиреп қалған шашының арасынан шыпшып шыққан терді алақанымен басып-басыпқойды. Бас киімінің астында қамалып тұрған тер онысына көнбей бейберекет ағажөнелді. Самайынан құлдилап құйылған ірі тамшылар тықырлап қырылған сақалыныңорнына келгенде сәл кібіртіктеп барып, ары қарай ағып жейдесінің жағасына сіңіпкетті. Бет орамалын алып терін сүртті.
Әлгінде орындығына сүйеп қоя салған үлкен сұрсөмкесін алдына өңгеріп, сыдырмасын ағытты. Кеудесін жауып қалған сөмкеніңішіне мойнын созып үңіліп, қолына ілінгенін алып, үстелінің үстіне қоя бастады.Пластмасс ыдысқа салынған екі түрлі тамақ, сыртын целлофанмен ораған екі тілімнан, кішкентай әйнек құтыдағы кофе. Үлкен ыдыстағы тамақтың үстіне бір тілімнанды қойып, тоңазытқышқа апарып салды, асықпай қимылдап кіші ыдыстағы тамағынжылытты, іші әбден қақтанып, қарайып қалған күрішкесіне қою етіп кофе құйды.
Желдеткіш бөлменісалқындатпағанымен, сырылдаған дауысы қатты естіліп тұр. Шора ыдысының бетінгазетпен қалқалап алып сорпасын сораптап ішіп отыр. Менің бар-жоғыма онша мәнбермейді. Бір кезде тамағын ішіп болды да, ыдысына шайнектен ыстық су құйыпалып, шайқап-шайқап терезені ашып сыртқа шашып жіберді. Мен тіксіне бетінеқарадым:
– Асқазаным нашар, таңертеңтамақ іше алмаймын, бір-екі сағат қимылдаған соң ғана тәбетім ашылады, – деді.Мені жұмысқа келіп тамақ ішкеніне таңданып отыр деп ойласа керек.
Тамағын ішіп болған соңпротезін шешіп алып асықпай тазалады. Одан кейін сөмкесінен газет алып шығып әрпарағына үңіліп қарады. Сосын шыпшыған маңдайын алақанымен сүртті де,қабырғадағы сағатқа бір, қолындағы сағатқа бір үңіліп, компьютерін қосыпжұмысына кірісті.
Сәлден соң басқа журналистер декеле бастады. 6-7 адам бір кабинетте бір-бірінеқарама-қарсы отырады екен. Мен редакциядағылардың әрқайсысымен жеке-жеке танысып,оны-мұны айтып біраз уақыт өткіздім. Бұл кезде Шора компьютерден бас алмайжұмыс істеп жатты. Екі сұқ саусағы клавиатураның бетінде тынбай жорғалапматериал жазып отыр. Арагідік басын көтеріп сәл ойланады да, қайтаданжалғастырады. Жейдесінің тері кепкен жауырын тұсы тұзды су төгілгендей ақ сорышығып дақтанып қалыпты. Андыз-андыз шашының түбі әлі тершіп тұр.
Шора редакцияда көп ешкімменсөйлеспейді екен. Суыртпақтап әңгімеге тартсаң да, тым ашыла қоймайды. Сұрағыңақысқа қайырып нақты жауап береді де, жұмысын жалғастыра түседі. Тек әр екі сағат сайын аз-аздан тамақ ішеді,сыртқа шығып темекі тартады. Түскі үзілісте орындығына бір қырымен қисайып10-15 минут мызғап алады. Кейде қырылдап, қаттырақ қорылдай бастайды да,онысынан өзі селт етіп оянып, аузының суын сүртіп сәл ыңғайсызданып қалады.
Редакцияда Қасым дейтін жігіт қанаШорамен қалжыңдасады. Бір күні көзі енді іліне бергенде құлағының түбіне таяп келіп«Шора аға» деп айғай салды. Шора шошып оянып орындығынан ұшып түсті.Бұрыш-бұрыштан әртүрлі күлкі көтеріліп барып басылды. Жығылған орнынансасқалақтап әрең тұрды да, ыржалақтаған Қасымға көзін бір алартып, сыртқа шығыпкетті. Осыдан соң Шора орындыққа қисайып ұйықтауын сиретті. Түскі үзіліскезінде жарты сағаттай жоғалып кетеді. Сөйтсек, төмендегі күзетші ұйғыр шалғаайтып, соның қараңғылау бөлмесіндегі кішкентай темір төсекке жатып тынығыпжүріпті, мұны да Қасым біліп күлкі қылып айтып келді.
Шора туралы сөз бола қалса,әркім әр жаққа тартады. Қасым әдетіне басып күлкіге айналдырса, қыздар дамылалмай тамақ ішетінін жақтырмай, «жұрттың көзінше протезін тазалап отырады» дептыжырынады. Ондайда Рымбек дейтін аға ғана:
– Е, сендер Шораның жас кезінкөрмедіңдер ғой, – деп бір әңгіменің ұшығын шығарады. Біз жан-жақтан «қандайжігіт болды?» деп жамыраймыз. Қасым «қыздарға қырғидай тиген шығар» депмысқылдайды.
Рымбек аға сәл ойланып аладыда:
– Шораның негізгі мамандығыпедагог, ұзақ жыл ауылында ұстаздық етті, мектеп директоры да болды. Бірақкейіннен жайлы жұмысын қалдырып Алматыға келді. Журналистикаға араласты. 20жылдан бері саяси журналистикада тынбай еңбек етіп келеді. Бірнеше саясипартиялардың басы-қасында болды. Талай рет митингке шығып қамалды. Шетелге қашыпкеткен саясаткер Әжігелдиевтің «Дабыл» газетін шығарды, кейіннен оппозициялықбасылымдардың бәрі қудаланып, жабылып, өрісі тарылған соң, амалсыз осында істепжүр, – деді. Мұның шет-жағасын білетіндер Рымбек ағаны қостап бастарын изеді.Ал Қасым екеуміз секілді ештеңеден хабары жоқтар бір-бірімізге қарапиықтарымызды қозғадық.
– Біраз жыл бұрын Шора қаттыауырды, шашы, тісі сол кезде түсіп қалды. Жаны сірі ғой оның, сонда дамойымады, ақыры ауруды жеңіп шықты, – деді Рымбек аға сөзін тұжырып. Редакциядатыныштық орнады. Дәл сол кезде сұхбат алуға кеткен Шора сырттан кіріп келді.Қораланып отырған біздерге үрке қарап, «Қасым тағы бірдеңе айта ма?» дегендейкібіртіктеп, бөгеліп қалды. Бұл жолы ешкім ештеңе деген жоқ.
***
Жаз келгелі Шораның мазасы кетебастады. Ұясынан қарыс жер көтеріле сала, жер дүниенің апшысын қуыратын күнніңыстығы онсыз да тершең адамды әбден әуреледі. Жұмысқа жейдесі сығып алардай суболып жетеді. Бір-екі рет сүртінген соң бет орамалы да шылқып шыға келеді.Самайынан саулаған терді тия алмай қатты әбігерленеді. Желдеткішті қосады.Терезені ашады, терезенің үстінде тұрған ескі кондиционерді қосылып қаламадеген үмітпен ары-бері шұқылап көреді. Қайта-қайта дәретханаға барып салқынсумен жуынады. Бірақ андыз-андыз шашының түбінен бастаудың көзі құсап бұрқылдапшыққан тер кабинетке келгенше қайтадан бетін жуып үлгереді. Әбден мазасы кеткенШора бір күні үйінен матасы қалың, үлкендеу сүлгі алып келді. Рахаттанып отырыпбетін, мойнын сүртіп терін дегдітеді, содан соң сүлгіні ұзынынан екі бүктеп,жейдесінің жағасын көмкеріп мойнына іліп алады. Анда-санда көзілдірігін шешіп,тер құйылған екі көзін сүлгісінің ұшымен сүртеді. Кейде тұқырып отырған күйі,не маған, не өзіне өзі айтқаны белгісіз:
– Биыл жылдағыдан көптерлеймін, аздап жүрегім де шаншып ауырады, – дейді.
Шора әр күні таңертең «Дабыл»газетін сатып алады. Бұрын өзі істеген соң жанына жақын ба, әлде саясиоқиғаларды оқи ма, әйтеу газеттің әр парағына шұқшиып қарап шығады. Кейбіржерін қарындашпен сызады, кейбір жерлерінің ашықтау тұсына орысшалапбірдеңелерді сүйкектеп жазады. Керек жерлерін қиып алады да, қалған парақтарынтартпасына салып қояды. Дәретханаға барарда айналасына ақырын көз тастап алып,әлгі газеттің бір парағын жыртып қалтасына сүңгітеді. Қалған парақтарымен тамақішкенде ыдысының бетін қалқалап жауып отырады. Бір күні шетелдегі саясаткерӘжігелдиевтің «Дабыл» газетіне сұхбаты шықты. Мұны біреулер аузының суы құрыпмақтады, енді біреулер жерден алып, жерге салып жамандады. Шорадан шет-жағасынсұрап едік, жарытып ештеңе айтпады.
Түс кезі болатын. Шораәдеттегідей ыдысының бетін газетпен қалқалап тамағын ішіп отыр. Бір кезде сәлкідіріп, мойнындағы сүлгісін алып терін сүртті. Кенет тамақтың бетін жапқангазетке көзім түсе кетті. Әжігелдиевтің сұхбаты шыққан «Дабыл» газетініңбірінші беті. Бет-аузы жылмақтай Әжігелдиев, қайратты қою шашын қайыра тарап,жымия күліп отыр. Шора мұны байқамаған секілді, әйтпесе дәмдес болған кісініңсуреті басылған газетпен сорпаның бетін қалқалай ма?! Міне, Әжігелдиевтіңбетіне, мұрнының ұшына бір екі тамшы шашырапты. Шора терін сүртті де, тамағын ішудіжалғастыра берді. Әжігелдиевтің табақтай беті ыдыстың ернеуіне төне түсті, біршетін ақырын көтеріп, сорпаны қасықпен іліп алып ішіп отыр. Тамағын ішіп болдыда, ыдысын жууға орнынан тұрып, газеттің кесеге қараған бетін ашып үстеліне қоясалды. Әжігелдиевтің бетінің сау жері жоқ, танауы, қасы, маңдайына шейін сорпашашыраған, тіпті көженің бір-екі қоюы да жұғыпты. Шора кейде шынымен деештеңені байқамайтын секілді, газетті алдына тартты да, протезін шешіптазалауға кірісті. Содан соң оны бүктеп сыдырмасына салып қойды.
***
Мен жұмысқа келгелі редакцияныңесігін Шорадан бұрын ашып жүрдім. Бұған ол кәдімгідей намыстанатын. Есіктенкіріп келіп мені көргенде өңі өзгеріп сала береді. Заттарын қойып, жайғасыпболған соң «қашан келдің?» деп сұрайды. Сонан соң қабырғадағы сағатқа бір,қолындағы сағатқа бір қарап, сазарып сәл үнсіз отырады да, жұмысына кіріседі.
Қыс басталса да Алматыға әліқар жаумаған кез. Қара суық сүйекті қарып жалаңдап тұр. Бір күні жұмысқакүндегіден де ертерек келдім, сырт киімімді шешіп орныма отырғаным сол еді,есіктің құлпы сытырлап біреу қозғағандай болды. Шора екенін білдім, ол есіктіңашық тұрғанына әлі сенбегендей жұлқа тартты да, өз екпінінен өзі шегіншектепаңырып тұрып қалды. Маған зілдене қарады. Сәлемімді күндегіден де жөнсалдауалып, орнына келіп, гүрс етіп отыра кетті.
Ертесі қалың қар жауды. Автобусбіткен тасбақаша жыбырлап жұмысқа күндегіден кешірек жеттім. Есік ашық екен,Шораның жүзінде көп байқала бермейтін күлкі ойнап тұр.
– Ә, бала кешіктің бе?! – дедісөзін нығыздап, қолын менен бұрын ұсынып, бұл жолы алақанына дейін қарпыпұстадым. Сұп-суық екен, соған қарағанда келгеніне көп болмаған секілді. Шайнекте ысылдап енді қайнай бастапты.
– Біз Совет әскерінің қатарындаболдық, Сібірдің суығында шынықтық, оны-мұны аязыңды елемейміз, – деді, түзутұрған жейдесінің жағасын қозғап-қозғап. Өзі сондай ширақ, өте көңілді.Әңгімесін ары қарай жалғай түсіп:
– Ол кезде Совет әскерініңкүшіне жер бетінде ешкім тең келе алмайтын! – дегенде жанарынан бір от жарқ етеқалды.
– Мен тәртіпті, қалай өмірсүруді әскерде үйрендім. Арақты да сол кезде іштім. Колбасаның түр-түрін жедік,қазіргідей харам, халал деп бөлінбейтін, – деп, тағы да бірдеңе айтқысы келіпжеңіл жұтынды.
Шораның осынша ашылып, желпініпсөйлегеніне таңғалдым. Әсіресе, әскердегі кезін айтқанда маған қарай тебінетүсіп, еденді бір-екі рет теуіп алды.
– Сен әскерге бардың ба? –деді.
– Жоқ, ерте үйлендім, екі ұлымболған соң шақырмады, – дедім ақтала сөйлеп. Шора қуанып кетті. Жайындай ерні одан бетержайылып, қасыма тақай түсті:
– Ә, онда әлі баласың, ештеңекөрген жоқсың. Міне, бір күн қар жауып еді, жұмыстан кешіктің, – деді, миығынанкүліп. Ештеңе айтпадым. «Әрине, ештеңе айта алмайсың» дегендей бетіме сәл қараптұрды да, бұрылып кетті.
Шора сол күні өте көңілдіжүрді. Түскі үзілісте редакциядағыларға «мен әскерде жүргенде» деп басталатын ұзақәңгімесін айтты. Түсінгенім – Сібір жақта екі жыл әскери борышын өтеген.Командирі өте қатал кісі екен, бірақ Шораны айрықша жақсы көріпті. Командирініңбұйрық берген сөзін орысшалап айтқанда дауысы қатқыл шықты. Ал өзінің жауабынайтарда кеудесін көтеріп, оң қолын шекесіне қойып, әр қимылын соншалықтыыждағатпен көрсетті. Тіпті, қозғалақтап орнынан тұрып кетуге шақ қалып әреңотыр.
Шораның бұл әңгімесіне көпешкім ұйи қоймады. Ақырындап әркім өз орындарына жылжыды. «Сөзінен бір іліктаба қоям ба?» дегендей Қасым қулана қарап отыр. Тек Рымбек аға ғана: «Менәскери борышымды шығыста өтедім, шет елге жібермеді», – деп әңгімеге тамыздықтастап қояды. Бір кезде Қасым:
– Ой, Шора аға, қойыңызшы, қазір Совет әскерітұрмақ Совет үкіметінің өзі де жоқ. Оны неге қоңырсытып айтып отырсыз? – деді.Дәл осы кезде Рымбек ағаның өңі оқыс сұрлана қалды. Бұрын байқамаппын, ашуланғандасәл тұтығып сөйлейді екен:
– Қа-а-а-сым, сен бұлай беталдысөйлеме. Біздің жас кезіміз, ғұмырымыздың ең мәнді шағы Совет үкіметі кезіндеөтті. Соны еске алсақ, әскерге барғанымызды айтсақ, оның несі оғаш?! – деді.Қысыңқы көз шанағынан суырылып шыққан уытты ызғардан бәріміз именіп қалдық.Қасым енді бірдеңе десе, Рымбек ағаның өзіне төне түсетінін білді де, үндемейқұтылды. Бірақ Рымбек аға Совет әскеріне тіл тигізгеніміз үшін кеш батқаншатүнеріп, ұрынарға қара таппай қабарып жүрді.
***
Шораның арақ ішетінін бұрыннанбілетінмін. Кей күні таңертең бөлмеге кіріп келгенде, спирттің ащы иісі Шораданбұрын ішке қарай лап беретін. Онысына өзі де қысылады. Делдиген танауынқатты-қатты уқалап, мойнын теріс бұрып түшкіріп алып, айналасына «кешіріңдерші»дегендей мүлие қарайды. Сәлден кейін қылқынып кекіреді, беті бір уыс болып,алақанының сыртымен аузын басып қиналады. Түске дейін екі жауырыны қусырылып,көздері кіртиіп ештеңеге тәбеті болмайды, тамағын да ішпейді, күн ұзақ үйіненалып келген салқын суын дамылсыз жұтумен болады.
Шора арақ ішкен күннің ертесіжұмыстағылардан да маза кетеді. Әсіресе қыздар есікті жұлқып жауып, қайта-қайтатерезені ашып, жақтырмағандарын анық байқатады. Шораның өзі мұндайда қырынанқысылып, сыртқа жиі шығып, темекі тартады, әр шыққан сайын андыз-андыз шашынадейін сулап, жуынып келеді. Бір жолы мені бүйірімнен ақырын түртті.Көзілдірігінің арғы жағындағы кішкентай көзі одан бетер шөңетке сіңіп,өлеусіреп жылтырайды, ақшыл кірпігін ақырын қозғап:
– «Сағыз шайнаса иіс шықпайды»деген рас па? – деді, аузынан ащы иіс мүңкіп.
– Иә, сәл тежейді, – дедім. Шораорнынан ұшып тұрып, сыртқа беттеді. Сәлден соң езуін қайшылай шайнап ішке кірді. Сағыз сатып алыпты. Біраз уақытсағызбен әлектенді. Біресе ұртына салады, біресе азуына басады, енді бірдеқасқа тісімен қарпып-қарпып шайнайды. Ақыры шаршады ма, сағызды шайнауынтоқтатып:
– Протезіме күш түскен сайынқызыл иегім шыдатпай сыздап барады, – деді көзі жәудіреп, бірақ бұдан кейін деШораның қиналып сағыз шайнап отырғанын бірнеше рет көзім шалып қалды.
Бір жолы Шора жұмысқа бәрімізденкеш келді. Жүрісі сылбыр. Еріне басып орнына әрең жетті. Кенет үстінен жұмсақәрі қышқылтым иіс бұрқырай жөнелді. Әтір сеуіп алғанын сездім, бірақ әдеттегіәтірлерге ұқсамайды, тәтті иіс танауды қытықтап, қолқаны қауып барады. Кәдімгінамаз оқитын жігіттер себетін әтірдің иісі. Шораға қарадым, өзі де жағасын,кеудесін иіскелеп әлденеге жіп таға алмай аңырып отыр. Тым тәтті иіс жүрегінайнытты ма, оқыс кекіріп қалды, қылқына қиналған дауысы қатты естілді. Арақтыңащы иісі аузынан бұрқ ете түсті. Көзі суланып, жапақтап маған қарады, ақырынқұлағыма аузын тақап:
– Таңертең үлкен ұлымныңваннада тұрған әтірін себе салып едім, ана құрғырдың иісі басыла ма деп, ендіжүрегімді айнытып барады, – деді сөзін бөліп-бөліп, бір-екі рет ықылық атып.Сөйтті де, сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Өңі қуарып қайтып келді. Онан соң дабайыз тауып отыра алмады. Біресе оң жамбасына, біресе сол жамбасына салмағынсалады, кекіреді, жұтынады, түшкіреді. Аузынан шыққан арақтың ащы иісінеәтірдің тәтті иісі қосылып жанын әбден қинады.
– Балаңыз намаз оқи ма? –дедім, құлағына сыбырлап.
– Иә, – деді үрке қарап.
– Әтірін бекер-ақ сепкенсіз.Ондай иіссулар тым тәтті, сеуіп үйренбеген кісінің жүрегін айнытады, – дедім. «Менқайдан білейін» дегендей, өңі қуарып үнсіз отырып қалды. Жүрегі шаншып ауырдыма, кеуде тұсын оң қолымен шеңбектей ұстап, оң жамбасына қарай қисайып, тереңтыныс алды.
***
«Жалақы қысқарады екен» дегенжайсыз хабар дүңк ете түсті. Мұны таңертең кәріс бухгалтер келіншек айтты. Онсызда еңбекақымыз мардымсыз болатын, мына хабарға бәріміз абдырап қалдық. Қыздаржағы «былтыр ғана қысқартты ғой, жылда-жылда жұлмалап қия берсе несі қалады?» деп күңкілдеді. Жігіттер іштен тындық.Шораға қарасам, өңі бұзылып кетіпті. Ерні жыбырлап бірдеңе деп күбірлегендейболды. Суланған езуін сылп еткізіп сүртті де, темекі тартуға сыртқа шығыпкетті.
Кешке қарай жалақы түсті.Жұмыстан соң банкоматқа бардым. Шора сол жерде кезек күтіп тұр екен. Мені көріп«ә, келдің бе?» дегендей иегін қозғап қойды. Айнала қарауытып көз байланабастағанда Шораның кезегі келді. Ол шұқыланып ұзақ тұрды. Артындағы адамдардыңтыпыршып мазасы кете бастады. Бір кезде ақша емес, ұзын чек алып шетке шықты.Сәлден соң менің де кезегім келді. Өзім ойлағандай көп қысқартпапты, «оған дашүкір» деп тездетіп ақшамды алып орнымды босаттым. Шора әлі қайтпапты, мені күтіптұр екен:
– Көп қысқартып па? – деді,көңілсіздеу. Көше шырағының әлсіз жарығынан жүзін анық көре алмадым. «Көп емес»,– дедім, мен де көңілсіздеу кейіп танытып. «Менен көп қысқартыпты», – деді,қолындағы чекті жарыққа қарай созып, тағы да қарап: «иә, көп қысқартқан», – дедіқайталап. Ештеңе айтпадым, екеуміз аяңдап аялдамаға келдік. Шора жүргелі тұрғанавтобусқа мінуге қамданып жатып: «Бәлкім, басқа бір жұмыс іздейтін шығармын», – деді. Мен басымды изедім. Осы уақытқадейін Шораның дәл бұлай үміті үзіліп, сүлкіні түскенін көрмеппін, ішім алай-дүлей,оны біртүрлі аяп кеттім. Біраздан соң мен күткен автобус та келді, ентелегенадамдардың арасынан қыстырылып ішке әрең кірдім. Жол бойы Шораның әлсіз шырақастында чекке үмітсіздене қарап тұрған кескіні көз алдымнан кетпей қойды. «Айлықтыңқысқарғанын үйдегілерге қалай айтсам болар екен?» – деп уайымдап бара жатқандайсезілді.
Шора ертесі жұмысқа менен кейінкелді, бірақ онысына еш қысылған жоқ. Түрінен аз жалақыға көнген, неге болса дабекінген кейіп байқалады. Әңгімені өзі бастады:
– Басқа жұмыс іздемеймін, жартыжыл шыдасам зейнетке шығамын.
– Оныңыз да дұрыс, зейнеткешығып демалыңыз, – дедім, көңілін аулап.
– Жоқ, демалуға әлі ерте, Құдайғашүкір, денсаулығым жақсы, інімнің құдасы күзетшілердің начальнигі, соған айтыпқойдым, бір компанияға күзетші етіп жұмысқа алатын болды, айлығы да жаман емес,– деді. Мен басымды изеп құптаған сыңай таныттым, сәл де болса көңілініңсерпілгеніне қуандым. Бірақ түске қарай бәрі өзгерді.
– Естідің бе? – деді көзішарасынан шығып, суланған ернін сүртуге де шамасы келмей, – мемлекет зейнетақықорындағы ақшаны пайдаланғалы жатқан көрінеді. Алаңдағаны соншалық, менің жауабымдыкүтпей сөзін жалғастырып: – егер шынымен солай болса, бұл дегеніңіз – қылмыс.Халықтың зейнетақыға жинаған ақшасын мемлекет басқа бірдеңеге жұмсап жіберсе,біз далада қаламыз, – деді, дымданған көзілдірігінің арғы жағынан суланғанжанары қозғалақтап.
Шораның сөзінен соң интернеттіақтарыстырып қарадым, шынымен де зейнетақыға қатысты сөз желдей еседі.Қайсысына сенеріңізді білмейсің, бірақ осы хабардың бәрі Шораның арқасынааяздай батты. Біреулерге хабарласып ұзақ-ұзақ сөйлесті, сыртқа шығып темекітартты. Дегбірі кеткені соншалық, түрі кешегіден бетер топырақ тартып бозарып,байыз тауып отыра алмады. Бір кезде «ұлымды шақырттым, зейнетақы қорындағыақшаны интернеттен тіркеліп тексеруге болады екен, қазір келіп соны үйретеді»,– деді. Сәлден кейін орта бойлы, қаңылтақтай сары жігіт келді. Бәрімізбен жылыамандасты. Компьютерді ұзақ шұқылаған ұлының желкесінен Шора мойнын созыпшыдамсыздана қарап тұрды. Арасында бір рет темекі тартып келді. Ақыры зейнетақықорының сайтына тіркеліп, жинаған ақшасының аман тұрғанын көріп көңілі орнықты.Осыдан соң Шораның жұмыс тәртібі сәл өзгерді. Таңертең жұмысқа келе салып,компьютерін қосып, алдымен зейнетақысын тексереді. Содан соң сорпасын ішіп,кофесін демдеп алып жұмысына кіріседі. Жұмыстан кетерде тағы бір рет тексереді.Жалақы түскен сайын қосылған ақшасын жазып отырады. Сонда да үрейі сейілмегенсекілді. Газетке «халық зейнетақысыз қала ма?» деген тақырыпта көлемді мақалажазды. Әр жолы зейнетақысын тексерерде оң жақ иығымен клавиатураны қалқалап,ұлы орнатып берген құпия санды қолы дірілдеп тереді. «Сонша жыл жинаған ақшамжоқ болып кетсе қайтемін?!» деген үрей көз ұяшығында кілкіп тұрады. Зейнетақытуралы бір жаңалық жылт ете қалса, бар шаруасын жинап қойып, соны оқиды. Кейдеқамыға күрсінеді.
***
Жұмыстан кетуге жиналып жатыредім:
– Ертең митингке шығасың ба? –деді, Шора құлағыма сыбырлап. Күні бойы «заңсыз митингке шықпаңдар» дегенхабарды оқығандықтан ба, Шораның сұрағына селк ете қалып:
– Жоқ, – дедім ойланбастан. Осынша тез жауапбергеніме іштей таңғалдым.
– Жарайды, – деді көңілсіздеуыңыранып, «барайық, неге шықпайсың?» деп қыстамады.
Ертесі Шора жұмысқа түстенкейін келді. «Саяси тұтқындарға бостандық» деп аталатын белсенділердіңмитингісіне барыпты. Сол жерде арнайы жасақ бас салып ұстап, автобусқа салыпполиция бөлімшесіне апарыпты. Екі сағат тергеп, түсініктеме жаздыртыпбосатыпты.
– Полицейлер әбден тыңдаусызкеткен. Адамның құқығы деген ұғым миларына да кірмейді. Оларға бұйрық орындалсаболды. Автобустан түскенім сол еді, алдымнан беті-аузы тұмшаланған екі жасақшыға келіп, бұлтаруға мұрса бермей аяқ-қолымнан ұстап сүйрей жөнелді. Сәлқарсыласып көріп едім, жұлқа тартып күшке басты, туфлиімнің сыңары шешіліпқалды, оған да қаратпады. Кәдімгі қылмыскер секілді екі сағат тергеп әреңжіберді. «15 күнге қамаласың, айыппұл саламыз» деп қорқытады. Аяқ киімімніңсыңарын сұрап едім, «басың аман тұрғанда қараңды батыр» деп қарқылдап күлгенібар ма?! Содан соң ұлыма хабарласып басқа аяқ киім алдырттым. Туфлиім жаңа еді,обал болды, – деді түтігіп. Мен:
– Митингіге шығып қайтесіз,одан ештеңе өзгермейді, босқа әуре боласыз, – дедім, дауысымды барыншажұмсартып, жаным ашып айтқанымды білдіртіп.
Бетіме бұрылып қарады. Ағы менқарасы онша білінбейтін сұрғылттау жанары соншалық сұсты. Жұқалау астыңғы ернінжымыра тістеп алыпты. Айтарымды айтып алсам да, көзіне тіке қарай алмадым, олда ештеңе демеді. Ары қарай редакциядағылардың «митингке шығу керек, шықпаукерек» деген әңгімелеріне құлақ түрместен, митингі туралы материал жазуғакірісіп кетті. Шораның саяси материалдарын редакторлар қырнап-жонып, барыншажұмсартып, қысқартып газетке береді. Бірақ оған бола ренжімейді.
Шораны жұмысқа әртүрлі адамдаріздеп келеді. Көбісі шаршаған, қаусаған үлкен кісілер. Шора олардыңәрқайсысымен қуана амандасады. Кофе құйып береді, бірақ ұзақ әңгімелеспейді.Келген бұйымтайын сұрайды да, «материал жазып жатыр едім» деп жағдайын айтыпжылы қоштасады. Тек өзін «саясаткермін» деп таныстыратын Мәлік дейтін ұзынбойлы атаға ғана сәл бөгелетіні бар. Шораның асығып тұрғанын білсе де, ол кісінің айылын жия қоятын кезін көрмедім.Ортадағы үстелдің шетіне сүйеніп тұрып ұзақ сөйлейді. Оң қолындағы таяғынасалмағын салса, сол жақ тізесі тынымсыз дірілдейді. Сол қолыменүстелге сүйенсе, таяқ ұстаған қолы оң тізесіне қосылып қалтырайды. Мәлік атасонда да әңгімесін үзбейді. Бір кезде дауысы өшіп, демігіп барып тоқтайды. Осыкезде ғана неге келгені есіне түсіп, үстелдің үстіне қойған, шеті ағарып тозғанқара папкасын ашып, қолмен жазылған екі парақты алып Шораға береді:
– Мына мақаланы газетіңежарияла, қазіргі саяси жағдайды бүге-шүгесіне дейін қалдырмай түгел жаздым.Мұны менен басқа ешкім дәл бұлай жаза алмайды, – дейді. Шора Мәлік атанықостағандай басын изеп, шығарып салады, бірақ әлгі екі параққа көз қырын дасалмайды.
Кейде Шораны тыртиған арық қаракемпір іздеп келеді. Үнемі үстіне көлбіретіп кең мол көйлек, аяғына аппақ крассовкикиіп жүреді. Иығына асынған оқушылардың кішлеу сөмкесін алып, Шораның үстелінеқояды да, ішінен бірнеше орысша, қазақша газет алып шығады. Көбісін Шорағақалдырып кетеді. Шора оған кофе де, шай да ұсынбайды. Өзі де ұзақ аялдамайды. Амандасқалыкелгенін айтып, қоштасып жолына түседі. «Шора, абайла, ауырма!» – дейді кетіпбара жатып. Ондайда Шора басын изеп жеңіл жымиып қала береді.
***
Шораның бүгін мазасы болмады.Қайта-қайта кекіріп, түшкіріп қиналды. Бірақ арақтың иісі сезілмеді. Тершігенмаңдайын жиі сүртіп, орнында отыра алмай тыпыршыды. Бір кезде қалтырап,дірілдеп тоңа бастады. Орындықтың жақтауынан мықтап ұстап, мойнын тұқырып азотырды. Басын ақырын көтерді. Көзі жоғары тартып аларып барады.
– Шора, сізге не болды? – депқолтығынан ұстай алдым. Маған қарай сәл қисайды да, қайтадан еңкейіп лоқсыпқұсып жіберді. Анадай жерде тұрған Рымбек аға жүгіріп келіп екінші қолтығынан сүйеді.Шора қылқынып қара су құсып жатыр.
– Жүрегі ұстап қалған секілді.Жедел жәрдем шақырыңдар – деді, жанұшыра сөйлеген Рымбек аға, сөйтті де, –қолтығынан көтер, ашықтау жерге түзеп жатқызайық, – деді. Демеп апарып жергежатқызып, басына сөмкесін жастадық. Көзі жоғары тартып ес-түссіз жатыр.Анда-санда аяғын ақырын қозғайды. Рымбек аға қалтасынан кішкентай құты алыпшығып, өзі ішіп жүретін жүректің дәрісінен бір талын Шораның тілінің астына салды.Жүрелеп отырып, басын көтеріп тізесіне қойды. Қылқына жөтелген Шора сәл есінжинағандай болып, біраздан соң қайта талықсып кетті.
Жарты сағат өткенде жеделжәрдем келді. Ірі денелі семіз жігіт қинала қозғалып, Шораның ары жақ, беріжағына шығып тексерді. Қасындағы арықтау қара жігіт асығыс қағаз толтыруғакірісті. Семіз жігіт тізерлеп отырып укол салды. Қолының тамырын ұстап көрді.Көзінің астын тартып қарады. Содан соң «5 минут қозғамаңдар» деді де Шораныңүстінен аттап өтіп, сыртқа шығып кетті. Арық қара жігіт қыздардан бірдеңе сұрапәлі қағаз толтырып отыр. Жерде жатқан Шораға мойын бұрып та қарамайды. Тағатқылмай сыртқа шықтым. Семіз жігіт дәліздің басында темекі тартып тұр. Қасынабардым. Терезені ашып қойыпты. «Жүрегі ұстап қалған, сәл есін жинаса алыпкетеміз», – деді. Темекісін бір-екі рет құшырлана сорды да, бұрышта жапсырулытұрған «темекі шегуге болмайды, айыппұл 10 мың теңге!» деген жазуы бар қағаздыңетек тұсына мыжғылап өшіріп, терезеден лақтырып жіберді. Ауыр денесін ақырынқозғап ішке кірді, соңынан ілесіп мен де кірдім.
Шора әлі есін жимапты, тек анда-сандатебін тыржың еткізіп, аяғын қозғап қояды. Көтеріп зәмбілге салдық. Екі дәрігерзәмбілдің алдын, Рымбек аға екеуміз артын көтеріп төменге түстік. Көліккеәкеліп сала бергенімізде Шора аяғын сермеп қатты бұлқынды. Иық тұсым жып-жылыболып, тер сияқты бірдеңе мойныма қарай құйылды. Оған қарайтын шама жоқ,қаумалап көтеріп, көліктің ішіне орнықтырып қойдық. Борбайына дейін тұтасжайылған су балағынан әлі тырс-тырс тамып тұр. Көлік көшені басына көтере бебеулепорнынан қозғалды.
Кешке Шораның қайтыс болғанынестідік. Ертесі сағат 10:00-де жаназасы оқылады екен.
Шораның үйін адасып жүріп әреңтаптық. Ертеректе салынған төрт қабатты ескі үйлер. Ауланың шаңын аспанғашығарып құрылыс жүріп жатыр. Енді есіме түсті, осыдан шамамен бір ай бұрын Шораөзі тұратын ауланың жөндеу жұмыстары бір жылдың алдында басталса да, әліаяқтамағанын айтып әкімдікке арыз жазып жүретін. Ол туралы газетке мақала дажазған, кейін бір сұрағанымда «менің мақаламнан соң құрылыс жұмысы қайта жүрді,бірақ өте баяу» деген еді. Сол құрылыс жұмыстары әлі аяқталмапты.
Жаназаға адам көп жиналды.Сүйекті үйден шығарарда әйелдер шулап жылап сыртқа дейін еріп шықты. Шорағакеліп жүретін тыртиған арық қара кемпірді көзім шалды, солқылдап жылаптұр.
Ауланың ортасындағы футболалаңына кебінге оралған сүйекті әкеліп қойды. Жаназа оқылатынын естіртіп, сапқатұруымызды ескерткен молда аз-кем сөйледі де, жаназа оқуға кірісті. Барыншаимамға ұюға тырыстым, бірақ ойым бөліне берді. Қарсыдағы үйдің балконындажартылай жалаңаш орыс жігіт бізге қарап темекі шегіп тұр. Оның астындағыбалконда орыс кемпір мелшиіп қарап қалыпты, жылап тұрса керек, қайта-қайтакөзін сүрте береді. Бір кезде тура қасымыздан шыққан болгарканың ащы дауысымолданың мақамды үнін көміп кетті. Анадай жерде бірнеше жігіт темір кесіпәбігерленіп жатыр.
Жаназа аяқталып, сүйектіқабірге қарай алып жүрдік. Сол күні қатты ыстық болды. Қабірге 3-4 күректопырақ тастасаң, жонарқаң шыпшып шыға келеді. Жігіттер жылдам қимылдап,кезектесіп топырақ тастап, лезде төмпешік пайда болды. Молда құран оқыды.Адамдар дабырлап жан-жаққа тарай бастады. Қабірдің басында жалғыз тұрған Мәлікатаны көрдім. Таяғын қолтығына қысып, бетін сипап дұға жасады. Тізесі дірілдепбір шымшым топырақ алып, қолының ұшымен майдалап қабірге қайта шашты. Қимайқарап сәл тұрды да, елдің соңын ала жолға беттеді.
Жүрегімді бойлап жып-жылы ағынжүгіріп өтті. Шораның қайтыс болғанына көзім енді жеткендей, жанарыма ып-ыстық жасүйірілді. Жаның жаннатта болсын, Шора!