Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:41, 16 Қараша 2023

Жарақат жасытпайды, жаниды

Зайнутдинов
Фото: из открытых источников

Шешуші ойындар қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасы жайсыз жағдайға тап болды: нәтижелі жартылай қорғаушы Бақтияр Зайнутдинов Түркия суперлигасында ауыр жарақат алып қалды.

«Бесіктас» – «Ыстамбұл Башакшеһир» (1:0) матчының 38 минутында қонақтардың ойыншысы Жером Опоку қолын оқыс сілтеп, ту сыртында келе жатқан отандасымыздың бетін қатты ұрды. Нәтижеде Бақтиярдың мұрын сүйегі, көз тостағанының сүйегі сынғаны анықталды. Қазір оған ота жасалды. Бірақ алаңға оралу үшін кемі бір айға жуық емделетін сияқты...

Ал 22 қазан күні Қазақстан премьер-лигасының 25 туры аясындағы «Ордабасы» – «Шахтер» кездесуінде ұлттық құрама капитаны Асқат Тағыбергеннің табан сүйегін сындырып алғаны анықталған еді. Капитан бір айдан астам уақыт қатардан шықты. Жақында басталған құрама жиынына ол балдақпен келді. Әрине, алаңға шықпайтыны анық, бірақ көшбасшының футболшылар арасында болуының өзі де медет екені сөзсіз.

Қазақстан құрамасы Euro-2024 іріктеу кезеңін екі матчпен аяқтайды: 17 қарашада «Астана Аренада» – Сан-Мариномен, 20 қарашада сырт алаңда Словениямен ойнайды. Екі кездесу де өте маңызды.

Өткен турда отандастарымыз сырт алаңда Финляндия құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатына үміткерлер санын бір командаға қысқартты. Енді көш басындағы Словения мен Дания, сосын біздің құрама алдағы екі ойында тағдыршешті қадам жасайды. Алдымен Дания өз алаңында Словенияны қабылдайды. Бұл матчтың нәтижесіне өте көп нәрсе байланысты. Екі қарсыласта да 19 ұпайдан бар. Екеуінің доп айырмасы да шамалас: 17:6 және 17:7. Екеуінің 19 маусымдағы өзара кездесуі 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Демек, қарымта кездесуде Дания жеңсе, Н тобынан алғашқы жолдамаға күмәнсіз иелік етеді. Ойын 0:0 немесе 1:1 есебімен тең аяқталса, соңғы турдағы Словения – Қазақстан кездесуі аса шешуші мәнге ие болады. Сондықтан Қазақстан құрамасы алдағы екі кездесуде өзінің ғана емес, қарсыластарының да тағдырына тікелей әсер етпек.

Сан-Марино және Словения құрамаларына қарсы ойындарға ұлттық құрама бас бапкері Магомед Әдиев алдымен 40-қа жуық футболшы шақырды. Астанада өткен жиынның бір қайырымында Роман Асыранқұлов, Бейбіт Ғалым, Самат Жарынбетов («Тобыл»), Әділет Сәдібеков, Дамир Қасаболат, Егор Ткаченко («Қайрат»), Рамазан Кәрімов, Әділхан Добай («Мақтаарал»), Максим Федин, Сұлтанбек Астанов («Ордабасы»), Бақдәулет Зұлфықаров («Қайсар»), Александр Заруцкий, Владислав Прокопенко («Астана») сияқты футболшылардың соңғы тізімге енбейтіні анықталды. Бұл 13 футболшының ешбірі құраманың биылғы 8 матчына қатысқан жоқ. Демек, Әдиев мырза оларға құрама бапкерлерінің назарында жүргенін нақты ұқтырды деп санаймыз. Р.Кәрімов, Р.Асыранқұлов сияқты футболшылардың өз командаларының негізгі ойыншылары екенін де жақсы білеміз. Олар алдағы уақытта құрама міндетті түрде көмектеседі, оған күмәніміз жоқ.
Кеше кешке Қазақстан футбол федерациясы да, бапкер М.Әдиев те Зайнутдиновтың алдағы ойындарға қатыса алмайтынын мәлімдеді, бірақ оның орнына басқа футболшы шақырылатыны туралы ештеңе айтқан жоқ. Ал қолда бар футболшылар арасында орталық шепте Еркін Тапалов, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев сияқты футболшылар ойнай алады. Тіпті Арман Кеңесов пен Темірлан Ерлановты да шегіндіре пайдалануға болады. Дегенмен біздің пайымдауымызша, осы екі ойында негізгі күш Бейсебеков пен Дарабаевқа түсетін сияқты. Өйткені Сан-Мариномен кездесуге Қуат қатыса алмайды, ол бұған дейін 3 ескерту алып үлгерді. Ал орталық шеп күшті көп қажет етеді. Былай оңай көрінгенмен, Сан-Марино құрамасы да Астанада барын салып ойнайтыны анық. Ал олардың 11 адамнан тұратын қорғанысын сөгу үшін біздің жартылай қорғаушылар аз күш жұмсамайды.

Бәрі Әдиевтің бапкерлік білігіне байланысты. Сан-Мариноға қарсы Максим Самородов та (оның да 3 сары қағазы бар) шыға алмайды. Мұндайда негізінен оң қапталдан шабуылдайтын Рамазан Оразовқа, қапталдағы шабуыл мен қорғанысқа қатар жауапты болатын Ян Вороговский, Бағдат Қайыров, Тимур Досмағамбетов, Лев Скворцов сияқты футболшылар иненің көзінен өтердей жылдам, самдағай болуға тиіс. Тіпті осы жолы бас бапкер Сербия чемпионатында ойнайтын Александр Зуевке де (ИМТ) мүмкіндік беруі ықтимал. Зуев биыл Ресей азаматтығынан бас тартты, Ресей чемпионатынан кетті, құрамаға алғаш келгенде жарақат алып қалды, Финляндиямен қарымта кездесуде алаңға шығатыны белгілі болып тұрып, соңғы сәтте ғана кері шегіндірілді. Демек, осындай креативі бар, ылдым-жылдым ойыншы біздің күтпеген көзіріміз болуы ықтимал.

Бұл жолы шабуылшылар санаулы ғана. Абат Әйімбетов тұрақты ойнап жүр. Самородов айыпталғандықтан, Сан-Мариноға қарсы Абат алғашқы минуттан алаңға шығуы мүмкін. Бірақ бапкер оны екінші ойынға көбірек сақтап, әуелгі кездесуде құрама дебютанттары Вячеслав Швыревті немесе Иван Свиридовты негізгі құрамға қосса да жаңалық деуге келмес. Қалай дегенде де, осы төрт футболшы аса маңызды қос кездесуде құраманың қоржынын голмен толтыруға «басымен жауап береді».

Қалай дегенде де, ең алдымен Сан-Маринодан толыққанды 3 ұпай алған жағдайда ғана біз Еуро жолдамасынан үміттене аламыз. Сондықтан әлем футболының аутсайдері саналатын бұл құрамаға төбеден қарап, мұрын шүйіруден аулақ болуға тиіспіз.

Биыл «Тобыл» сапында жақсы көзге түскен Ислам Чесноков та Зайнутдиновтың жарақатынан кейін негізгі футболшы сипатында көрінеді. Бірақ Ислам негізінен екінші таймда алаңға шықса, құрама ойынына қарқын қосатыны байқалып жүр. Қалай дегенде де, Әдиев бас қатыратын мәселе аз емес.

Қазақстан құрамасы осы іріктеу кезеңін өз алаңында Словениямен бастап, 1:2 есебімен жеңілді. Одан кейін Данияны естен тандырғанымыз, сырт алаңда Сан-Марино мен Солтүстік Ирландияны тізерлетіп, көшбасшылар қатарына қосылғанымыз да күні кеше. Одан кейін шаруамыз сәл шатқаяқтап, өз алаңымызда Финляндияға есе жіберіп алдық та (0:1), артынша қайтадан көшімізді түзедік. Солтүстік Ирландияны тағы жеңдік (1:0), сырт алаңда Даниядан жеңілгенмен (1:3), Финляндияны тізе бүктіріп (2:1) қайттық. Қарап тұрсақ, осы жолғы бес қарсыластың ішінде біз ұпай алмаған жалғыз Словения екен. Демек, қос көшбасшысы болмаса да, Қазақстан құрамасы ер қайратына мініп, ерлік жасап қайтуымыз керек. Айту оңай, бірақ бір іріктеу кезеңі аясында осынша ерлік жасап, сан рекордтарды жаңарта тұрып, мәре көрінгенде кері шегінсек, тіпті жараспайды.