Саясат

Жартылай жүкті праймериз

Қасым-Жомарт ағамыздың «терең саяси реформа жасаймыз» деген сөзі түрткі болды, білем, «Нұр Отан» партиясы жер астынан жік шыққандай жаңалық тауып, «парламент пен мәслихаттарға партия атынан баратын депутаттарды партия көсемдерінің тағайындағаны дұрыс емес екен, біз демократиялық партиямыз, сондықтан енді оларды таңдауға партия мүшелері тікелей қатысады» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарды.

Жартылай жүкті праймериз

Басқасы – басқа, билік партиясынан мұндай жаңалықты ешкімнің күтпегені анық еді.

     Праймериз – саяси партия сайлауда жеңіп шығып, белгілі бір орындар алғанда сол орынға ие болып, парламентке, мәслихатқа депутат болып баратын адамдарды таңдауды партия мүшелеріне беру. Праймериз – партия ішіндегі сол үміткерлерді таңдау жарысы. Кейде осы жарысты «алдын ала сайлау» не «партия ішіндегі сайлау» деп те атайды. Әрине, әрбір саяси партияның (егер партия сайлауда жеңіп, парламенттен белгілі бір орын алатын болса) бұл мәселеге арналған өзіндік ішкі ережесі бар. Бір саяси партияларда таңдау құқығы жалпы жиналысқа (конференция не съезд) берілсе, енді бір партиялар бастарын қатырып жатпай, шешімді саяси бюроға немесе басқармаға береді. Кейбір авторитарлық партияларда кімнің депутат болатынын партия басшысы шешеді де, жиналыс бір адамдай қол көтереді. Бұларға қарағанда праймериз тәсілінің демократияға біртабан жақын екенін мойындауымыз керек. Сондықтан өркениетті елдер үшін ескі, ал біз үшін  жаңа болып табылатын технологияны Қазақ еліне алып келгені үшін «Нұр Отан» партиясына рақметтен басқа айтарым жоқ. Меніңше, парламентте отырған «Ақ жол» мен ҚХКП депутаттарының тізімін қалай жасақтағанын да ешкім біле бермейді.   

Алайда осы демократиялық технологияны қолдануда екі «әттеңнің» бар екенін ұмытпайық. Біріншісі – депутаттыққа баратын жандардың барлығын партия мүшелеріне беріп қоятын «Нұр Отан» ақымақ емес. Сондықтан «Нұр Отанның» басшылары келешек депутаттарды таңдауды өздерінің мүшелеріне жартылай ғана беріпті. Сөзіміз дәлелді болу үшін праймериз ережесінен үзінді келтірейік.

Партиялық квота – тиісті мәслихаттар мен парламент мәжілісіндегі мандаттардың санынан партиялық тізімдердегі кандидаттардың үлесі.

Партиялық квотаға партияның белсенді, танымал, партияда көпжылдық еңбек өтілі бар, партиялықтар арасында беделді және халықтың сенімі білдірілетін, кәсіби қызметінде және қоғамдық өмірінде жетістіктері бар партия мүшелерінің қатарынан кандидаттар қосылады.

Бұл – «белсенді, ...қоғамдық өмірінде жетістіктері бар» адамдар праймеризге қатысып, ішкі сайлауға түспейді, қатыспайды деген сөз. Мен үшін бұл мүлдем түсініксіз мәселе. «Халықтың сенімі білдірілетін» адамды праймериз анықтамай ма? Праймериздің басты мақсаты да осы емес пе?

Осы ережеде квоталардың келесі түрлері қолданылады:

– аудандық және қалалық партиялық квота – партия аумақтық филиалының төрағасы айқындайтын тиісті мәслихаттардағы мандаттардың санынан 30 пайыз;

– өңірлік партиялық квота – партияның облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық филиалдарының төрағалары айқындайтын тиісті мәслихаттардағы мандаттардың санынан 30 пайыз;

– орталық партиялық квота – төраға, партияның басқарушы органы айқындайтын парламент мәжілісіндегі мандаттардың санынан 50 пайыз.

Енді түсінікті болды. Оларды «төраға, партияның басқарушы органы айқындайды» екен.

      Мысалы, егер «Нұр Отанның» кенеттен жолы болып, парламенттен 10 орын ала қалса, бес орынды праймериз арқылы партия мүшелері көпшілігінің қолдауын алған партия мүшелері алады да, қалған бес орынды партияның басқа адамдары алатын сияқты. Қысқасы, праймеризден өткен адамдарға 50 пайыз ғана орын беріледі. Ал қалғаны… Осы мәліметті көргенде ғана бұл  жаңалықты «Нұр Отан» партиясы өмірге алып келді дегенге сене бастадым. Мұндай жартылай праймериз ешбір елде, ешбір партияда болмаған сияқты. Меніңше, праймериз партияның демократиялық сипатын көрсетеді, ал жартылай праймериз ше? «Жартылай демократия» деген ұғым жоқ сияқты еді. Не осы праймериз технологиясын енгізіп жатқан партия басшылары өздерінің мүшелеріне сенбейді не жартылай ғана сенеді («жартылай сенім» деген де бола ма?), немесе мұны демократияның декорациясы деп түсінуіміз керек. Меніңше, бұл сақтық. Партия мүшелері біздің сырттай белгілеп, таңдап қойған үміткерлерімізді қолдамаса, алдыңғы орындарды көпшілік көңілінен шыққан адамдар алса қайтеміз деген ой ғана.

     Екінші «әттеген-айды» праймериздің өту барысы көрсетеді деп ойлаймын. Өмір бойы барлық мәселені жоғарыдан шешетін, ішкі сайлау түгіл, республикалық сайлауларда ешқандай қиналмай, қажетті сан мен қажетті пайызды қамтамасыз ететін билік праймеризді әділетті жүргізеді дегенге сену қиын. Меніңше, партияның жоғарғы  органдары партияның ішкі сайлауын да қолдарында ұстауға күш салатыны анық.

       Енді мен үшін ең басты мәселеге келейік. Праймеризге қатысуға көптеген қоғамға танымал, сан түрлі салада өздерін жақсы жақтарымен көрсеткен, халықтың белгілі бір сеніміне ие болған азаматтар да ниет білдіріпті. Бұл феноменнің себебі неде? Әрине, бұл «Нұр Отан» партиясы үшін үлкен жетістік екені даусыз, ал билікке сыни көзқараста жүрген жандарға не береді?

     Әрине, әрбір адам өзінің таңдауын өзі жасайды. Өз басым өткен ғасырдың  91-жылдары шапандарын ауыстырып, өздерінің партияларын өздері жауып, аттарын ауыстырып, әлек болған Кеңес Одағының коммунистік номенклатурасы билікті қолдарына қайта алғаннан кейін сол билікті ұстап тұру үшін жоғарыдан құрылған «Нұр Отан» партиясын осы 30 жылдық авторитарлық жүйені ұстап тұрған саяси күш деп білемін. Мүмкін, жоғарыдағы адамдар партияға праймериз үшін ғана кіріп жатқан болар. Мен үшін бұл түсініксіз мәселе.

      Мақсатқа жету үшін, нақтырақ айтқанда парламентке, мәслихатқа бару үшін, праймеризді пайдаланып қалайық, ал барғаннан кейін өз ойымды айтамын, өзімнің көзқарасымды өзгертпеймін деушілерді де көрдім. Бірақ кез келген партияның темірдей тәртібі бар екенін ұмытпайық. Партия – қозғалыс емес, ол жерде сен өзіңнің ойыңды емес, партияның ой-пікірін айтасың, партия мақсатына ғана қызмет етесің. Праймеризге түсу үшін ғана партияға кірген жаңа мүшелер осы шындықты да білуі керек деп ойлаймын.

Тегтер: Без Тега
Дос Көшім
Дос Көшім Дос Көшім

Оқыңыз