Жау келгенде – төрде, жау кеткен соң – босағада болатын Байсуфинов
Тамыз айының басында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Бұл қызметті енді нидерландылық маман Джон ван ’т Шкип атқарады. Қазақстан футбол федерациясы жаңа жаттықтырушының мақтауын асырып, еңбек жолына өте жоғары баға беріп отыр.
«Джон ван ’т Шкип футболшы ретінде өз елінің «Аякс» клубы мен италиялық «Дженоада» өнер көрсетті. Нидерланд құрамасы сапында 1988 жылы Еуропа чемпионы атанды. Бапкерлік жолын «Аякстың» жүйесінде бастап, кейін команданың бас бапкері болды. Сондай-ақ «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларының тізгінін ұстаған. 2016 жылы «Мельбурн Сити» клубымен бірге Аустралия кубогын жеңіп алды. Халықаралық деңгейде ол Грекия және Армения құрамаларының бас бапкері қызметін атқарды», – деп жазды ҚФФ.
Бірақ нидерландылық маманның соңғы жұмыс орнындағы нәтижесі мәз емес. Ол құрамы тәп-тәуір Армения құрамасын бастап, 4 матчтың бірде-бірінде жеңіске жете алмады. Қатарынан 3 ойында жеңілді. Тіпті Грузиядан екі кездесуде 9:1 есебімен ұтылды. Нәтиже сүреңсіз болғандықтан, Арменияда жарты жыл ғана жұмыс істеді.
Бірақ дәл қазір жанкүйер көңіліндегі басты сұрақ – кім келгені емес, кім кеткені болып тұр. Өйткені бұған дейін құраманы жаттықтырған отандық маман Талғат Байсуфинов маусым айында аяқ астынан қызметінен кеткен болатын.
Жалпы Талғат Маруаұлы құрама тізгінін 3 рет ұстап, үшеуінде де жарты жолда жұмысынан айырылды. Біз 3 ретте де отставкаға сәтсіз ойын, сүреңсіз нәтиже емес, түсініксіз интри әсер етті деп есептейміз. Өйткені 3 кезекте де нәтижесі нашар болған жоқ. Тіпті Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі ең үздік көрсеткішін осы отандық маман тіркеген. Құрама миллиондап жалақы алатын шетелдік бапкерлер тұсында емес, Байсуфинов кезінде рейтингте үздік жүздікке енген еді. Бәрін басынан бастап айтайық.
Маруаұлы бұл қызметке алғаш рет 2016 жылдың басында тағайындалды. Сол жылы құраманы 8 матчқа бастап шықты, оның екеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең ойнады. Тағы 3 матчта жеңілді. Польша (2:2), Румыния (0:0) сияқты үздіктермен тең ойнап, ФИФА рейтингінде 132-орында тұрған құраманы 98-орынға дейін көтерген.
Бірақ не үшін екені белгісіз, сол кездегі ҚФФ басшылары Байсуфиновті орта жолда қызметінен алып, орнына Ресейден Александр Бородюк деген «бапкерді» шақырған. Федерация бұл бапкерге қалай сенім артқанын жанкүйер қауым әлі күнге дейін түсінбейді. Бородюк оған дейін алматылық «Қайратты» жаттықтырам деп ұятқа қалған еді, «Қайрат» тізгінін ұстағанына бір ай толмай жатып, қызметінен қуылған.
Бородюк Қазақстан құрамасымен бірге 7 ойында бірде-бір жеңіске жете алмай, масқара болып еліне кетті. 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы 6 матчта 1 ұпай ғана еншіледі (өз алаңымызда Армениямен тең ойнаған). Сөйтіп Қазақстан құрамасы Маруаұлы шығарған биіктен бір-ақ құлап, 2017 жылдың аяғында 137-орынға түсті.
Осыдан кейін құраманы болгариялық Станимир Стоилов пен чехиялық Михал Билек жаттықтырды. «Астана» бапкері ретінде биікті бағындырған мақтаулы Станимир Стоилов Қазақстан құрамасымен бірге үздік нәтиже көрсете алмады. 6 ресми матчқа қатысып, бір-ақ рет жеңіске жетті. Оның өзінде алақандай мемлекет Андорраны жеңген. Тіпті сол Андорраның өзімен бір мәрте тең ойнады (1:1). Жеңе алмай жүрген құрамалары – Грузия мен Латвия.
Ал Байсуфиновтің алдында құраманы екі жыл жаттықтырған Михал Билек тұсында 4 ресми ойында жеңіске жеттік: Шотландия, Литва және Сан-Марино (екі рет). Шотландияны айтпасаңыз, өзге екеуін жеңдім деп желпінудің өзі артық. Ал Билек мырза жеңілген құрамалар тізімінде Беларусь, Албания, Кипр, Литвалар бар. Бұл маман Қазақстан құрамасын 18 ойынға бастап шығып, 5 мәрте жеңіске жетті. 3 кездесуде тең ойнап, 10 матчта жеңіліске ұшырады. Стоилов пен Билек те құраманы ФИФА рейтингінде 120-орыннан жоғарылата алмады.
Шетелдіктерден пайда болмаған соң ҚФФ 2021 жылдың басында Байсуфиновті қайта шақырды. Бұл жолы Маруаұлы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Украина (екі мәрте), Босния және Герцеговина сияқты үздік құрамалармен тең ойнап, ұпай еншіледі. Әрине, Францияға қарсы сәтсіз ойын өткені анық. Бірақ әлем чемпионынан жеңілгені үшін Қазақстан құрамасының бапкерін қызметінен қуу ақылға қонбайтын әрекет еді.
Осыдан кейін құрамада тағы 4 бапкер ауысты. Соның ішінде ресейлік маман Магомед Адиевтің толағай табысын айта кеткен жөн. Бұл маманның тұсында Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионында топ жарып, Еуропа чемпионатының іріктеуінде өте сәтті өнер көрсетті. Бірақ одан кейін команда тізгінін ұстаған тағы бір ресейлік Станислав Черчесов бәрін бүлдірді. Ұлттар лигасы аясындағы 6 ойынның бесеуінде жеңіліп, еліне қайтты. Одан кейінгі отандық маман Әли Әлиев те нашар нәтиже көрсетті. 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясында 5 ойынға қатысып, 3 ұпай ғана еншіледі.
Осы сәтсіздіктерден кейін ҚФФ Байсуфиновке қайта қолқа салды. Маруаұлы 2025 жылы қазанда құрама бапкерінің міндетін уақытша атқарушы ретінде жұмысқа кірісті. Әрі әдеттегідей, тағы тәуір нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, ӘЧ іріктеу турнирінде Лихтенштейнді ойсырата ұтып (4:0), Солтүстік Македония (1:1) және азулы Бельгиямен (1:1) тең ойнады. Ал биыл көктемде Намибия (2:0) мен Комор аралдарын (1:0) ұтып, FIFA Series турнирін жеңіп алды. Бұл Қазақстан құрамасы тарихындағы алғашқы кубок болатын.
Байсуфинов бұл жолы 8 матчта екі-ақ рет жеңілді. Оның үстіне команда ойынына сән кірді. Жаңа бапкер бұрынғы 5 қорғаушы жүйесінен бас тартып, классикалық 4-3-3 тактикасына бет бұрды. Бұл қадамның оң нәтиже бергенін сырт алаңда өткен Солтүстік Македонияға қарсы матчта байқадық. Біздің жігіттер бірінші таймда жақсы шабуылдап, алаң иелерін әбден тықсырды. Тіпті жергілікті жанкүйерлер «біздің құрама Бразилиямен ойнап жатқандай қорғанды» деп таңғалды.
Сондай-ақ Талғат Маруаұлы футболшылармен жақсы тіл табысып, жастарға мүмкіндік берді. Оның «дарынды ойыншылар қосалқы құрамда отырмауы керек» деген сөзі жанкүйерлерге ұнаған болатын. Бапкер сол сөзінде тұрып, кіл жастарға сенім артып, шабуыл шебін күшейтті. Бұрынғы бапкерлердей қорғаныста жатып алмағаны жанкүйер қауымға ұнағаны анық. Бельгиямен ойында тіпті 4-2-3-1 тактикасын таңдап, алаңға төрт бірдей шабуылға бейім ойыншы шығарды. Мұның үлкен тәуекел екені айтпаса да түсінікті жағдай. Әлем футболындағы алпауыт құрамаға қарсы ашық ойын стилін таңдағаны үшін жанкүйер қауым дән риза.
Сондықтан жанкүйерлер мен мамандар Маруаұлына мүмкіндік беру керек екенін айтып жүрді. Көпшілік кем дегенде алдағы Ұлттар лигасы маусымы мен Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Байсуфиновке сенім артылады деп сенген. Соған қарамастан, 2026 жылғы Ұлттар лигасының басталуына небәрі 3 ай қалғанда оны қызметінен алып тастады. ҚФФ ортада екі ай үнсіз жатып, турнир басталарға бір ай ғана қалғанда жаңа бас бапкерді тағайындап отыр. Демек, күзде нәтиже сүреңсіз болса, жаңа бапкер «жақында келдім, жігіттермен танысып үлгермедім» деп ақталады.
Тағы бір айта кетерлігі, Байсуфинов құраманы 3 мәрте жаттықтырғанда да әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Ұлттар лигасы деген тең деңгейлі құрамалар арасындағы турнирде бақ сынаған жоқ. Мысалы, жоғарыда біз атаған шетелдік мамандардың бәрі Ұлттар лигасына қатысқан. Стоилов D лигасында екінші орын алса, Билек C лигасында төртінші орын алды. Черчесов В лигасында соңғы орында қалды. Әдиевке өкпе жоқ, ол С лигасында топ жарған. Ал Байсуфиновке мұндай мүмкіндік берілген жоқ. Ол құраманы бастап, толық бір іріктеу циклін аяқтап, бір мәрте Ұлттар лигасы турниріне қатысуы қажет еді.
Ең қызығы, Байсуфинов құрама тізгінін ұстаған сайын оған қысым мен ақпараттық шабуыл жасалатын. 2016 жылы сол кездегі ҚФФ басшылары «құрама Ресейдегі әлем чемпионатына баруы керек» деп, жөнсіз талап қойғанын білеміз. Ал 2021 жылы ресейлік БАҚ мақала жазып, Маруаұлын қазақша сөйлегені үшін, журналистермен ашық сөйлескені үшін айыптаған. Биыл маусым айында ақпарат құралдары оның гонорарын жариялап жіберді. Мұны да отандық маманға жасалған қысас деп қабылдауға болады.
Қысқасы, ҚФФ құрама қиын сәтте қалғанда Байсуфиновті шақырып алады да, шаруа шешілген соң қызметінен алып тастайды. Мұндайда «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның «жау келгенде – төрде, жау кеткен соң – босағада болатын басым бар» дейтін сөзі еске түседі...
Қуан Өмірхан