Қоғам

Жекешелендіру тәртібі өзгерді: Енді мемлекеттік мүлікті арзан бағаға сатуға тыйым салынады

Қазақстанда мемлекеттік мүлікті жекешелендіру тетіктеріне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді.

Жоғары аудиторлық палата

Енді сауда-саттық барысында активтердің бағасын негізсіз төмендетуге жол берілмейді, ал мүлік ашық түрде сатылатын болады. Өзгерістер ҚР Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымдары негізінде қабылданған.

Бұған дейін палата 2016–2020 және 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарларының орындалуына аудит жүргізіп, бірқатар тәуекел мен заңнамалық олқылықтарды анықтаған.

Аудит барысында қайта өткізілетін сауда-саттық кезінде мүліктің бағасы тым төмендеп кетуі мүмкін екені белгілі болған. Себебі қолданыстағы ережеде ең төменгі баға шегі нақты белгіленбеген. Осыған байланысты аудиторлар үшінші және одан кейінгі аукциондарда бағаны кепілдік жарна көлемінен төмен түсірмеуді заң жүзінде бекітуді ұсынған. Бұл норма қабылданған заңға енгізілді.

Сонымен қатар мемлекет активтерін конкурссыз, тікелей стратегиялық инвесторларға сату тетігі де жойылды. Бұрын мұндай механизм жекелеген активтерді ашық саудасыз өткізуге мүмкіндік берген. Енді мемлекеттік мүлікті сату процесі толықтай ашық аукцион арқылы жүзеге асырылады.

Жоғары аудиторлық палата жаңа өзгерістер мемлекеттік активтердің әділ бағамен сатылуына, ашықтықтың артуына және барлық әлеуетті инвестор үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз