Жеті атаға дейін үйленуге болады деген ұстаздың мәлімдемесі қоғамда дау тудырды
«Жеті атаға дейін үйленуге болады» деген медресе ұстазы Данияр Кенжеұлының басы дауға қалды.
Оның сөзінше, дінде «жеті атаға дейін бөле секілді туыстарға үйленуге рұқсат етіледі», алайда бұл міндетті норма емес. Бұл мәлімдемеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері оның бұған дейін де ескерту алғанын растады. Дегенмен, аталған пікір үшін нақты шара қолданылмайтыны айтылған. Мүфтияттың түсіндіруінше, мұндай некеге діни тұрғыда тікелей тыйым жоқ, бірақ дәстүрді ұстану маңызды.
«Қасиетті Құран Кәрімде мұсылман баласына Алла Тағала кімдермен үйленуге болмайтыны жайында нақты баяндап өткен. Сондықтан да біздің бабаларымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін барып, сол Құранның, шариғаттың негіздері мен дәстүрін ұштастыра отырып, өзіндік бір ережені қалыптастырған. Сол себепті қазақ халқы жеті атаға дейін үйленуге өз арасында тыйым салған», - дейді бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков.
Ал медицина мамандары туыстық некенің салдарына алаңдаушылық білдірді. Генетиктердің айтуынша, жақын туыстардың некесінен туған балаларда туа біткен аурулар жиі кездеседі. Алайда ұстаздың өзі бұл ақпаратты бірден теріске шығарды.
«Осыдан екі күн алдын атеистік ұстанымда жүрген Ысқақ есімді азамат менің TikTok эфиріме кіріп, провокациялық сұрақ қойды: «Сендердің діндеріңде, шариғаттарыңда жеті атаға дейін қыз алысуға рұқсат бар екен. Сен осыған діни тұрғыда қандай жауап бересің?» деді. Бұл жерде мен діни тұрғыдан және де қазақылық тұрғысынан жауап бердім. Нақты өзімнің позициямды айттым: мен жеті атаға дейін қыз алысуға қарсымын дедім. Бұл нақты эфирде сақталып тұр», - дейді ол.
Мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр.