Жетісуда 20 жылдық еңбек өтілі бар шенеунік букмекерге бәс тіккені үшін қызметінен босатылды
Жетісу облысының Көксу ауданында екі лауазымды тұлға букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметінен босатылды.
Көксу ауданының прокуратурасы лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына қатысты талдау жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тіккені анықталды.
Олардың ойын шоттарын толықтыруға жұмсаған қаражатының жалпы сомасы 7,7 миллион теңгеден асқан.
Прокуратура мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін төмендетуі мүмкін екенін атап өтті.
Прокурорлық ден қою актісі қаралғаннан кейін тәртіптік комиссия екі лауазымды тұлғаны атқарып отырған қызметтерінен босату туралы шешім қабылдаған. Олардың бірі – еңбек өтілі 20 жылдан асатын аудандық бөлімше басшысы.
Жетісу облысының прокуратурасы мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауын және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алуды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.