Жетісудағы әлеуметтік серпін: 120 пәтер мен 70 тұрғын үй
Әлеуметтік мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды қалыптастыру. Әсіресе тұрғын үймен қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызмет көрсету, инфрақұрылымды дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту сияқты мәселелер халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты болғандықтан олардың маңызы ерекше.
Азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді, ол адамдардың баспанаға, денсаулық сақтау қызметтеріне және өмір сүруге қолайлы ортаға қол жеткізу мүмкіндігі арқылы да айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда Жетісу облысында, оның ішінде Көксу ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар мен құрылыс бағдарламалары өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Мәселен, Көксу ауданында соңғы жылдары тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 90 отбасы баспаналы болса, биыл аудан бойынша тағы 190 отбасы жаңа қонысқа ие болады. Бұл көрсеткіш облыс көлеміндегі ең жоғары нәтижелердің бірі ретінде бағаланып отыр. Аталған мәселе жөнінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аудан халқымен кездесу барысында кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, өңірде құрылыс саласының қарқыны жылдан-жылға артып келеді.
«Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Оның ішінде Көксу ауданының үлесі – 4,5 пайыз. Өткен жылы облыс бойынша 3 807 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл да 3 мыңнан астам отбасы тұрғын үй алады. Соның ішінде Көксу ауданында 120 пәтер мен 70 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, 190 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді», – деді Бейбіт Исабаев.
Тұрғын үй құрылысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі несиелік тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Бұл тұрғын үйлердің жобасы әртүрлі санаттағы отбасылардың қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген. Әр үйде бір бөлмелі және екі бөлмелі 15 пәтерден, сондай-ақ үш бөлмелі 30 пәтер қарастырылған. Мұндай құрылым тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың әртүрлі әлеуметтік топтарының сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізілуде және нысандарды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының барысы да тұрақты бақыланбақ. Мердігер ұйымның учаске бастығы Леонид Котельниковтің айтуынша, бүгінде нысандарда әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Қазір электр желілерін тарту, ішін бөлу, қасбетті әрлеу, сантехникалық жұмыстар атқарылып жатыр. Нысанда 70 адам еңбек етіп жатыр, сондай-ақ кран мен тиегіш техникасы жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Бұл мәлімет құрылыс жұмыстарының жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын және жақын уақытта тұрғын үйлердің пайдалануға берілетінін көрсетеді. Аудандағы тұрғын үй саясаты тек көпқабатты үйлердің құрылысымен шектелмесі анық. Әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсету мақсатында 70 жеке тұрғын үй мердігер ұйымдардан сатып алынды. Бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Аталған тұрғын үйлер ауданның бірнеше елді мекенінде орналасқан. Атап айтқанда, Балпық би ауылында 52 үй, Еңбекшіқазақ ауылында 3 үй және Мәмбет ауылында 15 үй алған. Мұндай тәсіл тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ауылдық аумақтардың да дамуына оң әсерін тигізеді.
Тұрғын үй құрылысының көлемі жөніндегі көрсеткіштер де ауданның бұл бағыттағы әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Жыл басынан бері Көксу ауданында 4,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 16,6 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үй құрылысының қарқыны сақталып қана қоймай, одан әрі ұлғая түсетінін білдіреді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының баспанаға деген сұранысын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік тумақ. Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласын дамыту. Бұл бағытта да Көксу ауданында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 40 медицина қызметкеріне тұрғын үй берілген. Мұндай қолдау шаралары ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға және оларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар есепті кезеңде аудан аумағында 14 жаңа нысан салынып, 2 нысан күрделі жөндеуден өткізген. Бұл денсаулық сақтау инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Өңірде дәрігер тапшылығын жою мәселесіне де ерекше көңіл бөлінбек. Соңғы жылдары медицина қызметкерлерін қолдауға арналған түрлі әлеуметтік шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде бір ғана Көксу ауданының өзіне соңғы төрт жыл ішінде 83 дәрігер келген. Бұл көрсеткіш ауданның кадрлық әлеуетін айтарлықтай күшейтіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бүгінде ауданда дәрігер тапшылығы мәселесі негізінен шешімін тапқан. Қазіргі таңда тек екі акушер-гинеколог маманына қажеттілік сақталып отыр. Медицина саласындағы оң өзгерістерді сол салада еңбек етіп жүрген мамандардың өздері де атап өткен еді. Он жылдық еңбек өтілі бар жалпы тәжірибелік дәрігер Мөлдір Шынжырбайдың айтуынша, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жақсаруы қызмет сапасының артуына тікелей ықпал етеді.
«Біз Зылиха Тамшыбаева ауылының, Кеңарал және Бесқайнар ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеміз. Біздің амбулаторияда акушер, физиотерапия, процедуралық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана бар, жедел жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Күнделікті орта есеппен 25-30 науқасты қабылдаймыз, сонымен қатар түстен кейінгі аралау да жүргізіледі. Күніне орта есеппен 8 үйге барамыз, бұл көбіне қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар және балалар. Амбулаторияға жүргізілген жөндеу жұмыстары медициналық қызмет сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Мұнда пациенттерге де, дәрігерлерге де өте қолайлы жағдай жасалған. Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан аудан дәрігерлеріне жақсы қолдау көрсетіліп отыр», – деді ол.
Жалпы алғанда, Көксу ауданында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, медицина саласын қолдау және кадр тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына негіз болмақ. Баспанамен қамтылған отбасылар санының артуы, жаңа әлеуметтік нысандардың салынуы және медициналық қызметтің қолжетімділігінің жақсаруы аудан тұрғындарының өмір сапасын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қоса бермек.
Айтақын Ақниет
Еңбекшіқазақ ауданы
Шелек ауылы
Абай атындағы қазақ орта мектебі