Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 21 Мамыр 2024

Жетісудағы өнеркәсіп қаласы

1
Фото: ашық дереккөз

Алматыда Қытаймен шекаралас орналасқан еліміздегі 4 облыстың әкімдері, ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары, ККП ОК Саяси бюросының мүшесі Лю Гочжунмен кездесті.

 Бұдан бөлек, осы күні Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» іргелі жобасына жауапты қытайлық компания өкілдерімен бірге жиын өткізіп, жобаның жай-жапсарын талқылады.

Жетісу облысын, Алматы облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысының әкімдерінің Қытай үкіметінің ресми өкілімен кездесуінде Қазақстан мен Қытайдың екіжақты инвестициялық, сауда-экономикалық байланыстары туралы сөз болды. Әңгіме барысында екі мемлекет басшыларының өткен жылғы кездесулері қос тараптың экономиканың түрлі салаларындағы байланысына жаңа серпін бергені атап өтілді.

Кездесуде Жетісу облысының әкімі өңірдің инвестициялық потенциалына тоқталды. Мәселен, облыста қытайлық серіктестермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу және сауда салаларында 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сол сияқты облыс басшысы өңірдің транзиттік әлеуеті, соның ішінде Достық бекеті маңында және «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылған жобалар мен атқарылған жұмыстар жайында қысқаша баяндады. Бұл ретте «Қорғас» АЭА-да «Қазақстан-Қытай» халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасы, «Қорғас» ХШЫО-да сауда-экономикалық, инвестициялық серіктестік және туризмді дамыту бағыттары басымдыққа ие.

«Мемлекет басшысы алдымызға ауыл шаруашылығына стратегиялық инвесторларды тарту жөніндегі міндеттер қойды. Осы міндетті орындау мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруда ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біздің облыста бизнес пен әлеуетті инвесторлар үшін тиісті әкімшілік және экономикалық қолдаулар көрсетіледі. Біз жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз, – деді Б. Исабаев.

Жиында екі елдің президенттерінің кездесулеріндегі келісімдерді жүзеге асыру мәселелері пысықталып, екіжақты қарым-қатынасты қарқынды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мұнан соң облыс әкімі «Қорғас» АЭА аумағында қолға алынып жатқан «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасын жүзеге асыратын қытайлық компания өкілдерімен кездесті. Кездесуде облыс басшысы «Қытай-Қазақстан халықаралық өнеркәсіп қаласы» ЖШС бас директоры И Фацзюнь мырзамен жобаны іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылады. Басқосуда белгілі болғандай, өнеркәсіп қаласына қытайлық іргелі химиялық өнеркәсіп, шөптерден дәрі жасайтын биофармацевтикалық компания, тігін фабрикасы сияқты бірқатар кәсіпорындар қызығушылық танытқан. Мәселен, олар тігін фабрикасына 500-дей жұмыс орнына Қазақстаннан мамандар табуға қолдау сұрайды. Мамандарды оқытып, одан әрі жұмыспен қамтуға дайынбыз дейді қытайлық тарап.

Облыс әкімі ең алдымен геодезиялық зерттеу жұмыстарын аяқтап, инженерлік-коммуникациялық желілердің жобасын әзірлеу жұмыстарына кірісуді жылдамдатуды сұрады. Ал кәсіпорындарды қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады.

«Бұл – аса ірі жоба болғандықтан асығыстықты көтермейді. Дегенмен біз уағдаластық жасап, жобаға кіріскелі бір жылдан асты. Енді бірінші кезеңіне қарқынды кірісіп, жобалау жұмыстарын қаузауымыз керек. Геодезиялық зерттеу жұмыстарынан кейін ИКЖ жобалануы тиіс. Сіздер атап өткен кәсіпорындарға қоса, өнеркәсіп қаласына ауыл шаруашылығы техникаларын, су үнемдеу технологиясы құрылғыларын шығаратын, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін зауыттар да тартылса дейміз. Осындай бағыттарды да қарастыруларыңызды сұраймыз», – деді Б.Исабаев сөзінің қорытындысында.

Қос тарап алдағы айдың басында тағы бір кездесіп, жұмыстың барысын одан әрі пысықтаймыз деп келісті.

Еске салсақ, «Қорғас – шығыс қақпасы» АЭА-дағы «Қазақстан-Қытай өнеркәсіп қаласы» жобасы 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі – инженерлік инфрақұрылым жүргізу, екінші кезеңі – инвестор компаниялардың өнеркәсіп орындарын орналастыру. Жобаның жалпы құны 330 млрд теңге. Қазіргі кезде қытайлық тарап жобаға 6,3 млрд теңге салды.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы

Тегтер: