Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:48, 03 Қазан 2023

Жиһаз өндірісі – табысты кәсіп

жиһаз
Фото: из открытых источников

Көксу ауданының тұрғыны Айболат Махай жиһаз жасайтын цех ашып, өндірістің толыққанды жұмысын жолға қойған. 

Балпық би ауылындағы «Айболат» ЖШС жиһаз цехы қазір өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Олар айына кемінде 10 тапсырыс орындайды. Көксулық кәсіпкер жиһаз цехының өнімін жергілікті тұрғындарға ғана емес, Талдықорған қаласына да тасымалдайды. Кәсіпкер алғашында өз қаражатына құны 18 миллион теңгеге жуық заманауи станоктар сатып алған. Кейіннен бизнесті кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы несие алып, қазір соның нәтижесін көріп отыр.

Айболат Махай Алматыда экономист-менеджер мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген. Алайда арада көп уақыт өтпей жиһаз жасаумен айналысқан әкесінің ісін жалғастырамын деп шешкен. Бүгінде оның кәсібін табысты әрі тұрақты деуге болады. Бизнес өз жолына түскен 10 жылдан астам уақыт ішінде жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасында тұрақты тұтынушылар базасы қалыптасқан. Ұжым құрамы да тұрақталған. Тәжірибелі шеберлер келген жас мамандарды оқытып, үйретіп, соның арқасында қызметкерлер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінде негізгі өндіріске төрт адам тартылған, оның екеуі шебер. «Жұмыс орнымыз, жалақымыз жақсы, орындалған тапсырыстар санына байланысты бонустар мен премиялар алып отырамыз», – дейді олар.

Цех шеберлерінің бірі Серік Сметұлы:

– Күрделілігіне байланысты бір тапсырысты орындауға жеті күнге дейін уақыт кетеді. Егер бояу қажет болса, онда одан да көп уақыт жұмсалады. Жалпы, бұл салада 2005 жылдан бері еңбек етіп келемін. Алғашында Алматыда жұмыс істедім, ол жақтан көп нәрсе үйрендім. Кейін туған жеріме оралып, жерлестеріме көмектесемін деп шештім. Осы цехта жұмыс істеп жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Ісіміз жақсы жүріп жатыр. Жергілікті жастарға да тұрақты табыс көзі деп айтуға болады. Келген талабы бар жастарды бұл іске баулуға барымды салып жүрмін, – дейді.

– Компьютермен басқарылатын арнайы қытайлық машиналар сатып алдық. Осының көмегімен қазір шеберханадағы қол еңбегі 50 пайызға дейін азайды. Бізде мұндай 4 құрылғы бар, олардың құны 2,5-8 миллион теңге аралығында. Бұл құрылғылардың көмегімен материалдарды кесеміз, тегістейміз, пленкамен қаптаймыз, әртүрлі өрнектер саламыз. Ал бояу жұмыстары қолмен атқарылады. Құрылғылардың ішіндегі ең жаңасы – биыл сатып алған триммер аппараты. Қалғандары 2013, 2015 жылдары сатып алынған. Әлбетте, мұндай құрылғыларды алуға көп қаражат керек болды. Мен «Даму» қоры арқылы 7 жылға 14 пайызбен несие алдым, оның 7 пайызын өзім төлеймін, қалғанын мемлекет субсидиялады. Бұл керемет қолдау болды. Бүгін біз шкафтардың барлық түрін, сондай-ақ үйдің ішіне арналған есіктер шығарамыз. Өндіріске арналған материалдар мен фурнитураны Алматы қаласынан сатып әкелеміз. Жиһазды әр сатып алушының қалауы мен мүмкіндіктеріне қарай, түрлі модификация мен конфигурацияға сүйене отырып жасаймыз. Көбінесе клиенттер өздерінің интерьеріне сай дизайн мен түстерді ұсынып жатады. Біз өлшем жасаудан бастап дайын өнімді жеткізуге дейін түгел бастан-аяқ атқарамыз. Және өз тауарларымыздың сапасы мен қызмет ету мерзімдеріне кепілдік береміз, – дейді жиһаз цехының директоры Айболат Махай.

«Айболат» ЖШС алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстар мен тендерлерге қатысуға ниетті. Кәсіпкер үлкен тапсырыстарды орындауға өзінің де, командасының да тәжірибесі, құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктері жететініне сенімді. Қазіргі таңда Көксу ауданында 3950 кәсіпкер бар, олар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтану, жеңіл өнеркәсіп, туризм салаларында еңбек етеді. Ал Жетісу облысы бойынша 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 59,7 мың бірлікке жеткен. Өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 133 миллиард теңгеден асқан. Тағы бір атап өтерлік жайт, Жетісу облысына 2023 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінген. Сәйкесінше, жалпы кредиттік сомасы 15 миллиард теңгеге 335 жоба мақұлданған.

Б. Мейірбек

Жетісу облысы

Тегтер: