Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:25, 23 Сәуір 2024

Жолдама жорығы жалғасады

Олимпиада
Фото:

Әлқисса, күрес түрлерінен де Париж олимпиадасында сынға түсетін спортшылар саны нақтыланып қалды.

Өткен аптада Бішкекте Азия құрлығының іріктеу кезеңі өтіп, әр салмақта кемі екі балуанға жолдама берілді. Қазақстан құрамасы еркін күрестен – 2, грек-рим күресінен 3 лицензияға қол жеткізді. Өкінішке қарай, әйелдер ешқандай табысымен қуанта алған жоқ. 

Еркін күрес: енді үш жолдама керек

57 келі. Ерасыл Мұхтарұлы ә дегеннен үндістандық Аман Сехрауаттан таза жеңілді. Алдағы соңғы іріктеу турниріне Мейрамбек Қартбай қатысуы мүмкін. Ол былтырғы әлем чемпионатында үздік бестікке енгенмен, Париж жолдамасына қол жеткізе алмаған еді.

Қазір Реи Хигучи (Жапония, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері), Стеван Мичич (Сербия, әлем чемпионы-2023), Арсен Арутунян (Армения, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері), Зелімхан Абакаров (Албания, әлем чемпионы-2022), Заур Угуев (бейтарап атлет, Токио олимпиадасының чемпионы), Бекзат Алмасұлы (Қырғызстан), Гуломжан Абдуллаев (Өзбекстан), барлығы 13 балуанның жолдамасы бар. Соңғы үш жолдама мамыр айындағы соңғы әлемдік іріктеу кезеңінде сарапқа салынады.

65 келі. Бішкекте маңғыстаулық Майыс Әлиевке тәжірибе жетпейтіні анық байқалды. Ол ширек финалда қытайлық Юан Шаохуаны 4 ұпай артқа тастап тұрып, есе жіберіп қойды. Соңғы секундтардағы челлендж де еш көмектесе алған жоқ. Алдағы соңғы іріктеуге осы Әлиев, Санжар Мұхтар, Әділ Оспанов үштігінің бірі таңдалуы мүмкін.

Исмаил Мусукаев (Венгрия, әлем чемпионы-2023), Рахман Әмузад Иран, әлем чемпионы-2022), Себастьян Ривера (Пуэрто-Рико), Шәміл Мәмедов (бейтарап атлет) сияқты балуандар өткен жылғы әлемдік додада жолдама алса, Котаро Кияко (Жапония) мен Ерназар Ақматәлиев (Қырғызстан) осы жолы Бішкекте лицензияға қол жеткізді.

74 келі. Нұрқожа Қайпанов қырғыз кілемінде алғашқы екі қарсыласын шыр айналдырғанмен, ирандық Жүніс Емамиге қарсы еш айла істей алған жоқ. Бір секірсе, Париж төбесі де көрінер еді.

Соңғы іріктеуге бапкерлер құрамы Қайпанов пен Талғат Сырбаздың бірін салып көруі керек. Негізгі қарсыластардың барлығы дерлік (Зауырбек Сидаков, Кайл Дейк, Хетаг Цаболов, Даичи Такатани, Георгиос Кугиомцидис, Бекзат Әбдурахманов, Жүніс Емами, Тұран Байрамов, Джеандри Гарзон) жолдама алып, Парижге дайындығын пысықтап жатыр. Соңғы үш жолдамаға мамырда ілікпесек болмайды.

86 келіде Азамат Дәулетбеков жолдама мәселесін өткен жылғы әлем чемпионатында шешіп қойды. Ол қазір әлемдік рейтингте де көш бастап тұр.

97 келі. Әлішер Ерғали Бішкекте кілем иесі Андрей Ароновты айқын басымдықпен жеңген соң, Қытайдағы қандасымыз Қабила Әбусайманға көп күш жұмсады. Еңбегі ақталып, жеңісті жұлып әкетті. Енді ол Париж кілемінде Ахмет Тәжудинов (Бахрейн), Магомед Магомедов (Әзербайжан), Кайл Снейдер (АҚШ), Гиви Матчарашвили (Грузия), Ибрагим Чифтчи (Түркия), Әмір Әли Азарпира (Иран), Луис Мигел Перес (Доминикан), т.б. мықтылармен жүлдеге таласады.

125 келі. Юсуп Батырмырзаев жарыстан бір күн бұрын қатты қызуы көтеріліп ауырыпты. Дәрігерлер аз уақыт ішінде тік тұрғызуға тырысқанмен, бәрібір Юсуп ауыр күресті. Екі қарсыласын жылдам жеңгенмен (арасында жергілікті балуан Аайал Лазарев те бар), шешуші белдесуде Бруней атынан күрескен Шәміл Шәріповті тұқырту үшін барын салды.

Париж төрінде Батырмырзаев Әмір Хоссейн Заре (Иран), Гено Петрашвили (Грузия), Таха Ақгүл (Түркия), Мейсон Паррис (АҚШ), Әштон Мутува (Нигерия), т. б. мықты балуандар қарсылас болады.

Айтып өтетін жайт, күрес түрлерінен жолдамалар атаулы емес. Жолдама алған балуандар да ауыстырылуы мүмкін.

Әйелдер күресі: арман асуы аласармады

Өткен жылғы әлем чемпионатында да, Бішкектегі іріктеу турнирінде де бұрымды балуандарымыздың ешбірі олимпиадаға жол сала алмады. Лаура Ғаниқызы (50 келі) сәтсіздікті тым ауыр қабылдаса да, үндістандық Винеш Пхогатқа шамасы жетпегенін мойындады. Аса тәжірибелі Жұлдыз Ешімова (53 келі) жартылай финалда солтүстіккореялық Чой Хио Гиоңға аяғын ұстатып, опық жеді. Емма Тисина (57 келі) мен Ирина Кузнецова (62 келі) алғашқы қарсыласынан сүрінді. Елена Шалыгина (68 келі) топтық сындағы үш белдеуінде де соқыр ұпай ала алған жоқ.

Жолдамаға ең жақын келгені Жәмила Бақбергенова (76 келі) еді. Жартылай финалда ол қытайлық Ваң Жуанмен тең айқасқанмен, соңғы секундтарда тәуекелге барамын деп жер соғып қалды. Челлендж де нәтиже берген жоқ.

Соңғы іріктеу турниріне әйелдер толық құраммен барады. Қанша жолдамаға қол жеткіземіз, белгісіз. Әлде мүлде болмай қала ма?

Грек-рим күресі: 67 мен 97 қалды

Бұл күрес түрінен әлем чемпионатында Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) ғана олимпиада жолдамасына ие болып еді. Бішкекте Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) сенім үдесінен шықты.

Сұлтанғалидың басты қарсыластары – Жоламан Шәршенбеков (Қырғызстан), Кеничиро Фумита (Жапония), Мехди Мохсеннежад (Иран), Виктор Чобану (Молдова), Әбделкәрім Ферхат (Алжир).

Жадыраев екінші олимпиадасына барады. Ақжол Махмұдов (Қырғызстан), Санан Сүлейманов (Әзербайжан), Малхас Амоян (Армения), Нао Кусака (Жапония), Йосванис Пенья (Куба), Бұрхан Ақбудак (Түркия), Әмин Кавианинежад (Иран) сияқты мықты балуандар да Париж кілемінде шығады.

Сыздықовқа қарсылас болуы мүмкін мықтылар: Әмин Мырзазаде (Иран), Риза Каяалып (Түркия), Әбделлатиф Мұхамед (Египет), Оскар Пиньо (Куба), Колтон Шульц (АҚШ), Йелло Крамер (Германия).

67 келіде күрескен Мейіржан Шермаханбет Бішкекте жартылай финалда сүрінді (Киотаро Согабе, Жапония – 2:11). Бұл салмақта Алматбек Аманбек бар. Ардагер балуан Алмат Кебісбаевты да санаттан шығаруға болмайды.

97 келіде Олжас Сырлыбай жапон балуанына жол беріп, жолдамадан тыс қалды. Алдағы іріктеу сынына Юсуф Матциев те қатыса алады.

Есей Жеңісұлы