Live

Жолы шоқалақ, бағасы қымбат. Туризм қашан түзеледі?

Жуырда әлеуметтік желіде Бурабайда демалып барған төрт қыздың түскі ас үшін төлеген ақшасының чегі жарияланып, жұрттың таңданысын тудырды. Желіде тараған видеоға қарасақ, туристер түскі асқа барып, жалпы сомасы 199 045 теңге төлеген.

Ішкі туризм

Чектегі тапсырыстар арасында қымбат деликатестер немесе элиталық сусындар болмаған. Негізінен бургерлер, жеңіл тағамдар мен сусындарға тапсырыс берген. Негізі мұндай мәзір көптеген қоғамдық тамақтану орындарында шамамен 20 мың теңге көлемінде ғана шығуы мүмкін. Алайда Бурабайдағы мейрамханада баға басқаша. Кемі бірнеше есе қымбат. Осы жағдай көпшіліктің наразылығын туғызып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түрткі болды. Пікір білдірушілердің басым бөлігі ішкі туризмнің бағасы аспандап тұрғанын айтып, Қазақстандағы демалыстың кейде шетелге шығудан да қымбатқа түсетінін жазды.

Осыдан соң туризм және спорт министрі бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Журналистер министрден отандық курорттарда қарапайым тамақтанудың өзі қазақстандықтарға өте қымбатқа түсетінін және ішкі туризм тек ауқатты адамдарға арналған демалыс түріне айналып бара жатқанын айтқанда, жағдайды жалпылама бағалауға болмайтынын алға тартып, Қазақстанның курорттық аймақтарында әртүрлі баға санатындағы қызметтер ұсынылатынын жеткізген еді. Министрдің сөзінше, әркім қаржылық мүмкіндігіне қарай демалыс орнын таңдайды-мыс. Негізі, танымал қазақстандық курорттағы баға мәселесі қоғамда алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Жыл сайын жаз айларының басында әлеуметтік желілерде халық елдегі туристік аймақтардың бағасы аспандап тұрғанын жарыса жазып, уәжін айтады. Халық арасында соңғы жылдары «ел ішінде демалғаннан гөрі Түркияға, Египетке немесе Грузияға барған тиімді» деген пікір жиі айтылады. Бір қарағанда, бұл әсірелеу секілді көрінгенімен, нақты шығындарды салыстырғанда мұндай көзқарастың қалыптасуына негіз бар екені байқалады. Кей жағдайда бір отбасының Бурабайда немесе Алакөлде бір апта демалуына кететін қаржы көлемі шетелдік турпакеттің құнымен шамалас болып шығады. Тіпті кей кездері одан асып түсетіні де өтірік емес. Бұған дейін де әлеуметтік желілерде тағы бір туристің Ақмола облысындағы демалыс құнын Италиядағы әйгілі Комо көлімен салыстырған жазбасы кеңінен тараған болатын. Ең қызығы да сол. Турист Бурабайда қарапайым катамаранмен 30 минут серуендеу үшін 6 мың теңге төлеген деседі. Ал Италиядағы Комо көлінде 20 еуроға (шамамен 10 мың теңге) екі сағат бойы үлкен жолаушылар кемесімен саяхаттауға болады екен. Мұндай құбылысқа не себеп? Бүгін біз осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаш» қойған сауалдарға туризм сарапшылары, саяхатшылар Асқар Беков, Базарбек Қамысбаев және Нұрбахыт Беріктемірқызы жауап берді.

– Бүгінде, шыны керек, елдің ішіндегі туристік орындарда демалып, саяхаттағаннан гөрі шетелде демалу әлдеқайда арзан екені жиі айтылып жүр. Ақтауға әлде Бурабайға барып демалып келгеннен гөрі Түркия әлде Вьетнамға барып демалу тиімдірек дейді-мыс. Бұл қаншалықты рас?

А.Беков: Жыл сайын жаз маусымында түрлі әлеуметтік желілерде халықтың наразылығы оқтын-оқтын айтылып жатады. Басым көпшілігі сервис жоғын, бағаның тым қымбат екенін алға тартады. Халықтың уәжі әбден орынды деп ойлаймын. Мұндай наразылыққа уәж ретінде айтатын нақты фактіміз жоқ, расында Қазақстандағы қай туристік орынды алып қарасаң да, жазда бағаның шарықтайтынын байқаймыз. Жаз мезгілінде Алакөл, Балқаш, Бурабай сынды аймақтарда демалыстың құны аспандап кетеді. Бірақ мұндай құбылысқа кәсіпкерлерді де кінәлай алмаймыз. Суық континенталды ел болғандықтан, жазғы маусым зулап өте шығады. Айналдырған екі айдың ішінде туристік кәсіпке, мейлі ол қонақүй не мейрамхана болмасын, салған ақшасын ақтап алуы керек. Шығынын өтеп, өзі де артығымен табыс табу үшін бағаны мейлінше жоғары қоюға тырысады. Әуелі жол шығындары. Туристің демалыс орнына жетуі, демалыс орындарына қажетті дүниелер мен тауарларды жеткізу де біршама қаржыны талап етеді. Айналып келгенде, мұның бәрі тұтынушының қалтасына салмақ салады. Дегенмен мұндай құбылысқа кәсіпкерді де, тұтынушыны да кінәлай алмайсың. Кінә кімде десек, мемлекет тарапынан қажетті шаралар қабылданбай жатқаны шығар. Мемлекеттің жыл сайын «жол салып жатырмыз», «аэропорт салып жатырмыз», «жаңа теміржол бағыттарын шығарып жатырмыз» деген есебін тыңдағанымызбен мәселе шешілген емес. Тіпті жыл өткен сайын ушығып бара жатқан сияқты. Мүмкін туристік аймақтардағы кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырған жөн шығар. Сол арқылы баға да түсер, баға қолжетімді болса, ішкі туризмді қолдайтын халық пен тұтынушы саны да артар.

Ал қаржыны қаншалықты игеру адамның өзіне тікелей байланысты. Адам қаржысын үнемдеймін десе, Ақтау мен Бурабайда да үнемдей алады. Сіз атап отырған Вьетнам мен Түркия Қазақстаннан арзан деген пікір біржақты пайымнан туған. Бесжұлдызды қонақүйде жатқысы келетін адам үшін шетел де, Бурабай мен Ақтау да қымбат. «Шетелде бәрі арзан» деген – миф қана. Шын саяхатшылар ғана арзан маршруттарды тауып, саяхаттай алады. Дегенмен көп жағдайда құн екі жақта бірдей түсіп жатады. Иә, бәлкім, маусымнан тыс уақыты өткелі жатқан last-minute турлар арзанға шығар.

Асқар Беков
Фото: Асқар Беков/facebook.com

Б.Қамысбаев: Ең әуелі, біздің елдегі туризм мен шетелге саяхатты салыстырудың өзі жаңсақ түсінік. Себебі, әдетте, біздегі туристер әлде саяхатшылар дейінші, Бурабайдағы немесе Ақтауда орналасқан Rixos қонақүйлеріндегі бағаны көріп алады да, шетелдік қонақүйлермен, демалыс орындарымен салыстырып жатады. Мұндай пайым «Қазақстанда бәрі қымбат» деген қате ұғымды қалыптастырады. Салыстыруға келмейтін факторлар көп бұл жерде. Кейде елде демалғаннан гөрі шетелдегі демалыс арзан сияқты көрінетіні рас. Дегенмен шетелге ұшып бару, виза мәселесі айтарлықтай шығын екенін ұмытып кетеміз. Бізде көп орындарда шетелдегідей all inclusive форматтағы демалыс жоқтың қасы. Яғни ұшып баруың мен келуің, тамағың, толық тур пакет кіретін турлар өте аз. Тіпті таба алмайсың. Себебі бізде әдетте жағажай туризмі маусымдық туризмге жатады. Тек 2-3 ай ғана жұмыс істейді де, күн салқындағанда туроператорларға ел ішінде all inclusive турлар ұйымдастыру тиімсіз, сұраныс та болмайды. Сондықтан Түркия мен Вьетнамға барып демалу елдің ішінде саяхаттағаннан гөрі арзан деген түсінік түбегейлі қате. Оның үстіне бұл жерде көп мәселе әртүрлі сегменттерге байланысты қалыптасады. Ақтау мен Бурабайдағы Rixos пен шетелдік қарапайым қонақүйді салыстыруға келмейді. Бірдей деңгейдегі сегменттерді, қонақүйлерді салыстыру керек. Ақтаудағы үш жұлдызды қонақүй мен Вьетнамдағы үш жұлдызды салыстырсақ, мәселе басқада. Екі жаққа ұшу билеттері, тамақты қатар қойып, салыстырғанда ғана мәселе толығымен ашыла түседі.

Оған қоса, тағы бір жайтқа басты назар аударғанымыз жөн. Біздің елдің жер көлемі шетелдерге қарағанда әлдеқайда үлкен. Кейде көршілес мемлекеттерге барған тиімдірек көрінетіні рас. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғындары Өскеменге барғанша, Өзбекстанға барған арзан әрі оңтайлы. Әрі жақын, машина, автобуспен оңай жетесің. Ал Шымкентте тұрып Ақтауға бару үшін амалсыз ұшақ не пойызға билет аласың. Тіпті кейде тіке теміржол, әуе билеттері болмағандықтан, ел ішінде қатынау тіпті қиындап кетеді. Сол секілді ақтаулықтарға Әзербайжан, Бакуге немесе Грузия еліндегі Тбилиси мен Кутаисиге барып демалған арзан. Арақашықтығы өте жақын, сәйкесінше, ұшақ билеттері де қымбат емес.

Н.Беріктемірқызы: Бұл пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Әсіресе отбасы болып немесе бірнеше күнге демалатын болсаңыз, кей жағдайда Түркия, Вьетнам, Тайланд сияқты бағыттар бағасы жағынан Ақтау, Бурабай немесе Алакөлмен шамалас болып шығады. Тіпті кейде тиімдірек болуы да мүмкін. Қазір мен Бали аралында тұрамын және мұндағы жағдайды Қазақстанмен жиі салыстырамын. Балиде туристер саны өте көп болғанына қарамастан, тамақтану, көлік қызметі, түрлі туристік нысандарға кіру бағасы әлдеқайда қолжетімді. Ал бізде кейбір туристік аймақтарда баға көбіне нарыққа емес, маусымдық сұранысқа қарай қалыптасатыны өтірік емес.

Мысалы, Бурабайдағы отельдер, ондағы сервис, табиғат бәрі де керемет, бірақ баға жағынан қарағанда өте қымбат. Жалпы алғанда, әлем бойынша емес, салыстырмалы түрде Азия елдеріндегі дәл сондай табиғи resort демалыстар әлдеқайда арзанырақ шығады. Вьетнамда мұхит жағасындағы жақсы сервисі бар қонақүйлер қолжетімді бағада. Балида да жағдай дәл солай. Және тағы бір айта кететін жайт, мен Малайзия мемлекетінің астанасы Куала Лумпур қаласына саяхаттар ұйымдастырамын. Әр барған сайын оны өзіміздің Астанаға ұқсатамын, әрі астана болғандықтан салыстырып, кейде армандап кетемін. Биік ғимараттардың 50-55 қабатындағы бассейні бар үйлер өте қолжетімді, тіпті Астанадағы қарапайым ескі үйлердің бағасынан да арзан. Бір жағынан, мұндай артықшылық жақсы маркетингке де ықпал етеді. Себебі кейбір туристер дәл сол бассейн үшін ғана арнайы келіп жатады. Яғни бір ғана қонақүйдің әдемі көрінісі мен қолжетімді бағасы бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуға себеп болып отыр. Мен Астана қаласындағы жақсы деген қонақүйлерде де болып көрдім. Бірақ, өкінішке қарай, орта деңгейдегі қонақүйлердің өзі ерекше бір әсер қалдыратындай айырмашылық жоқ. Себебі бізде көбіне «қандай баға ұсынсаң, соған сай тұтыну болады» деген ұстаным басымырақ сияқты.

– Жалпы біздің елдегі туристік нысандардағы баға мен қызметке көңіліңіз тола ма?

А.Беков: Менің ойымша, баға мен қызмет бір-біріне әлбетте сай емес. Баға жоғары, ал қызмет сапасы нашар. Дегенмен «таяқтың екі ұшы бар» демекші, мұндай құбылысқа басқа жағынан да баға беруге болады. Біз жас мемлекетпіз, туризм енді дамып, енді жолға түсіп жатқандықтан, әлі мемлекетте де, кәсіпкерлер мен халықта да тәжірибе аз. Меніңше, Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Алматы қаласының маңындағы туристік нысандарда ғана қызмет сапасы жақсы. Бірақ басқа өңірлердегі жағдай көңіл көншітпейді. Мәселен, Алакөл шипажайларындағы, мейлі оңтүстік не солтүстігін алып қарасақ та, Балқаш, Бурабай, Маңғыстау аймақтарындағы туристік орындарда да баға қымбат, сервис төмен. Себебі де түсінікті. Тәжірибе жоқ. Ал мұндай аймақтарға кәсіби маман апару қосымша шығын, ал өздерінен кәсіби маман шығару уақытты талап етеді. Бурабайдағы осыдан он жыл бұрынғы сервиске қарағанда бүгінгі қызмет пен сервистің сапасы әлдеқайда жоғары. Десе де, әлемдік стандарттарға жетпейді, сондықтан көңілімізден шықпайды. Дегенмен ілгерілеу бар. Тек Бурабай ғана емес, көп аймақтағы мәселе осындай. Бір жағынан, ішкі миграция да жақсы жүріп жатқаны қуантады. Мәселен, оңтүстіктегі кәсіби мамандардың елдің солтүстігі пен орталығында орналасқан туристік аймақтарда жұмыс істеп жүргенін жиі байқаймын. Менің болжауым бойынша, шамамен 5-10 жылда Қазақстандағы сапа мен баға әлемдік стандарттарға жетіп, бір-біріне сай келетін шығар.

Б.Қамысбаев: Бәрі нашар деп біржақты пікір айтқым келмейді. Осыдан он жыл бұрынғы деңгеймен салыстырсаң, туризм сапасы жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Сервис сапасына да, гидтердің деңгейіне де көңілім толады. Оның үстіне жыл сайын бірнеше жұлдыздағы санаттар бойынша жаңа қонақүйлер мен демалыс орындары ашылып жатқаны да қуантады. Қазір қонақүйдегі сервис те бірнеше уақыт бұрынғымен салыстырсаң, өте жақсы. Туризм саласында ақырын жүріп жатса да, жаңалық пен жақсылықтың барын айтуымыз керек. Ұлттық паркте визит центрлердің көбейгенін көріп жүрміз. «Біздегі туризм қымбат» дей беретіндерді өзім ұнатпаймын. Сапалы демалыс, туризм қашан да, қайда да қымбат болады. Арзан демалыстың әдетте қызмет сапасы мен деңгейі төмен екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан бір жерден бір қате ақпарат естіп алып, «бізде қымбат» деген ұғымды тарататын, соған сенетін адамдар тіпті өздері ел ішінде демалып көрмеген болуы мүмкін. Баға мен қызмет сапасы бір-біріне әбден сай деп ойлаймын.

Базарбек Қамысбаев
Фото: жеке мұрағаттан

Н.Беріктемірқызы: Қазақстандағы сервис деңгейі жалпы алғанда жаман емес. Керісінше, көптеген шетелдермен салыстырғанда тазалық, мәдениет және қызмет көрсету стандарттары біршама жоғары деп айтуға болады. Себебі бізде талап қатаң қойылады, соған сәйкес әрбір детальға ерекше мән беріледі. Бұл тұрғыдан алғанда қызмет көрсету деңгейі жақсы қалыптасқан.

Алайда негізгі мәселе бағаға келгенде байқалады. Өз елімізде жүргенде ол аса сезілмеуі мүмкін, бірақ шетелге шыққан кезде біздегі бағаның біршама жоғары екеніне көзіңіз жетеді. Турист үшін ең маңыздысы – өзін қадірлі қонақ ретінде сезіну. Кейде қарапайым ғана сервис болса да, жылы қарым-қатынас пен шынайы көңіл бөлу көптеген кемшіліктердің орнын толтырып жібереді. Өкінішке қарай, бізде керісінше жағдайлар да кездесіп жатады. Сервис деңгейі жоғары болғанымен, соған сәйкес бағаның үш есе жоғары болуы барлық тұтынушылардың мүмкіндігі мен күткеніне сай келе бермейді. Сондықтан баға мен сапа арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды.

Өзім бір күндік демалыс орындарын салыстырып көрдім. Егер біздің табиғатымыздағы әсем жерлер халықты қызықтыратындай болса, кей жерлерде бағаның 3-4 есе жоғары екенін байқауға болады. Соның салдарынан мұндай демалыс орындары қарапайым халық үшін қолжетімсіз болып барады. Ал өзім барған кейбір елдерде табиғаты ерекше әдемі, сарқырамалары мен көркем көріністері бар кафелердің бағасы бізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Әрине, бұл Еуропа немесе Америкаға қатысты емес.

– Соңғы жылдары елдегі демалыс аймақтарындағы қонақүй, тамақтану және түрлі қызметтердің бағасы айтарлықтай өскен сияқты. Себебі неде? Мысалы, судың өзі туристік орындарда өте қымбат. Жалпы мұндай құбылысқа қалай қарайсыз? Қаншалықты дұрыс?

А.Беков: Туристік орындардың қымбат болу себебі – сол аймақтардың қала орталығынан шалғайда ірге тепкендігінде. Мәселен, Балқаш та, Алакөл де ірі қалалар мен облыс орталықтарынан әлдеқайда алыста орналасқан. Сәйкесінше, кез келген тауардың құны артатыны сөзсіз. Бұл жалпы әлемдік туризмге тән құбылыс. Тек бізде емес, шетелдерде де туристік орындарда судың да, тұтыну тауарларының да бағасы қарапайым қала дүкеніне қарағанда қымбат болады.

Б.Қамысбаев: Тек туризм емес, байқасақ, бүкіл жерде бағаның өскенін көріп жүрміз. Мұны инфляцияның салдарынан болып жатқан құбылыс десек дұрыс болар. Тек туристік орындарда ғана емес, қай жерде де қымбатшылық. Оның үстіне біздегі туризм бір маусымдық қана. Туризм бизнесі қысқа уақыт ішінде мейлінше көп пайда тапқысы келеді. Сол себепті сұранысқа байланысты қонақүй, ас-су бағасын қымбатырақ қояды. Бұл нарықтың қарапайым заңы. Яғни сұраныс көп болса, демек баға да өседі. Оның үстіне біздің нарықтық экономика. Билік бағаны толықтай қадағалай алмайды. Мәселен, күні кеше бір қыздардың төрт бургерді 200 мың теңгеге жегені туралы видео тарап, көптің талқысына түсті. Шынымды айтайын, мұндай видеолар мен ақпараттарға сене берудің қажеті жоқ. «Хайп» үшін түсірілгенін бірден түсіндім. Видеодағы қыздар төрт адам болып келіп, тек бургер жегенін айтады, ал видеода анықтап қарасаң, чек көрінеді. Скриншот жасап, чекті қарап шыққанымда, төрт бургерден бөлек, сусын, тағамдар болғанын байқадым. Төрт қыздан басқа жандарында балалар да болған сияқты. Чекте жеті адамға қытырлақ тауық етін, фри картобы мен сусындар бар екені анық көрініп тұр. Оның үстіне видео Бурабайдағы бес жұлдызды Rixos қонақүйінде түсірілген. Бұл жерде бағаның қымбат болатыны түсінікті. Баратын адамдар да тамақ тапсырыс берместен бұрын мәзірдегі бағаның осындай боларын шамамен білді. Мұндайды clickbait дейді. «Бір турдың бағасына бургер жедік» деген провокациялық тақырып қойып, хайп қуады. Ал оны кәсіби емес пабликтер іліп әкетті. Бастысы, біз сол хайпқа еріп кетпеуіміз керек.

Н.Беріктемірқызы: Әрине, инфляция, логистика, қызметкерлердің жалақысы сияқты объективті себептер бар. Бірақ туристік аймақтарда кейде бағаның өсуі тек шығындардың артуымен ғана байланыстыру жаңсақтық болар еді. Мысалы, қарапайым ауыз судың өзі туристік орындарда бірнеше есе қымбат болуы мүмкін. Бұл көбіне туристердің таңдау мүмкіндігі аз болған жағдайда пайда болатын жайт.

Туристер көп жүретін елдер де бар. Бірақ бәсекелестік жоғары болғандықтан, кәсіпкерлер бағаны шексіз көтере алмайды, себебі туристердің таңдау мүмкіндігі көп. Сондықтан нарық бағаны белгілі бір деңгейде ұстап тұрады. Ал кейбір жерлерде бәсекелестіктің аз болуының да өзіндік себептері бар…

Нұрбахыт Беріктемірқызы
Фото: из открытых источников

– Байқасақ, кейбір кәсіпкерлер туристер ағыны артқан кезде бағаны бірнеше есе көтеріп жібереді. Туристік орындардағы баға мен сапаны билік қадағалай ала ма? Мұндай құбылыс бақылаудың әлсіз болуынан туып отырған жоқ па?

А.Беков: Негізі мемлекет бағаға араласа алмайды. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінбегендіктен, кәсіпкерлер нарық заңдылығымен жұмыс істеп жатыр. Дегенмен мемлекет салық жеңілдіктерін ұсыну арқылы туристік аймақтағы кәсіпкерлерге қолдау білдіре алады.

Б.Қамысбаев: Жоғарыда атап өткенімдей, қазір көптеген демалыс орындары мен қонақүйлер, тамақтанатын орындар жекелерге тиесілі. Ал нарықтық экономикаға сәйкес, жекеменшік ұйымдар қалай пайда тапқысы келеді, солай пайда таппақ. Бұл жерде еш қай жердің бағасы аспандағы айды сұрап жатқан жоқ. Әлемдік деңгеймен салыстырсақ, елдегі қонақүй, такси, автобус, пойыз бағасы арзан.

Мемлекет толықтай бизнес ісіне араласып кетіп, бағаға әлде сапаға шектеу қойса, қадағалап, айыппұл салса, мұндай құбылыс кері эффект беруі мүмкін. Оның үстіне туризм – өзімен-өзі дамитын сала. Тек бастапқы кезде мемлекет тарапынан қолдау болуы тиіс. Туризм дегенің – мемлекетке нағыз ақша алып келетін кәсіптік сала, ал туристік бизнестің бүге-шүгесіне дейін түгел араласып, бағаны шектеу, қадағалауға тырысу жақсылыққа әкелмейді.

Н.Беріктемірқызы: Менің ойымша, мемлекет әр кәсіпкердің бағасын белгілеп беруі міндетті емес. Бірақ бәрібір ортақ стандарттар мен бақылау болуы қажет сияқты. Қазақстанда көптеген туристік қызметтер жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Сондықтан әркім өз бағасын өзі қояды. Кей жағдайда нарықтағы орташа бағамен санаспайтын жағдайлар да кездеседі. Мемлекет әр кәсіпкердің кассасын жеке бақылауға алмаса да, барлық кәсіпкерге ортақ сұранысқа қарай бір стандарт ұсынғаны халық үшін де, туризмнің дамуы үшін де әлдеқайда тиімдірек болар еді.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: туризм
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз