Қоғам

«Жұмыстан тыс қызметтік көлікпен жүрген»: Пак ісі бойынша бұрынғы полиция басшысы орынбасарының жүргізушісінен жауап алынды

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот процесінде бұрынғы полиция басшысы орынбасарының жүргізушісі Ә.Ж. куәлік берді.

Пак ісі

Істе аты аталған полицей оқиға болған күні Александр Пакпен бірге мейрамханада болған куәгерлердің бірі.

Полицейдің айтуынша, оқиға болатын күні оған жұмыстан кейін Пак хабарласып, кездесуге шақырған. Ол шамамен сағат 23:00-де мейрамханаға келіп, таныстары отырған VIP-залға кірген. Онда түнгі сағат 03:20–03:25 шамасына дейін болған. Кейін жиналғандар сыртқа шығып, әрқайсысы өз көліктеріне отырып тарай бастаған.

Сотта берген жауабында куәгер жолға шыққан кезде өзінің көлігі мен айыпталушы басқарған Zeekr көлігі Достық пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы бағдаршам алдында қатар тұрғанын айтты. Алайда көп ұзамай Zeekr алға озып кетіп, көзден таса болған.

Ол Әл-Фараби даңғылымен келе жатып, апат орнына жақындағанда шаң көтерілгенін байқап, кейін жол апатын көргенін жеткізді. Көлігін тоқтатып, оқиға орнына барған куәгер бастапқыда жедел жәрдем шақырмақ болған, бірақ дәрігерлердің ол жерге үлгеріп келгенін көрген.

Сондай-ақ ол ортақ танысына хабарласып, жол апаты болғанын жеткізген. Танысы кері бұрылып келіп, екеуі оқиға орнындағы жағдайды бақылаған. Сол кезде апат орнында полиция қызметкерлері де жұмыс істеп жатқан.

Сот барысында куәгерден сол түні көлік жарысы немесе қауіпті маневрлер болған-болмағаны сұралды. Ол мұндай жағдайды көрмегенін айтып, «ешқандай жарыс болған жоқ» деп жауап берді.

Сонымен қатар ол сол күні Пактың ішімдік ішіп отырғанын көрмегенін айтты. 

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев куәгер полицейдің тергеу кезінде берген жауабын жариялады. Онда куәгердің сол күні қызметтік көлікпен жүргені көрсетілген.

Адвокаттың айтуынша, аталған куәгер бұрынғы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болып жұмыс істеген. Оқиға болған түні ол қызметтік Hyundai Palisade автокөлігімен жүрген. Тергеу кезінде берген жауабында Ә.Ж. 2026 жылғы 20 мамыр күні қызметтік міндетін атқарып, кешкі уақытта Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасарын қызметтік көлікпен үйіне жеткізгенін айтқан. Үйінде шамамен бір сағаттай болып, досы Александр Пактың шақыруымен қызметтік көлігімен шығып кеткен.

Сонымен қатар адвокат куәгердің жауабына сүйене отырып, бұл көлікке бірнеше мемлекеттік нөмірдің кезекпен пайдаланылғанын мәлімдеді. Куәгердің сөзінше, автокөліктегі нөмірлер белгілі бір уақыт аралығында ауыстырылып отырған.

Естеріңізге сала кетейік, Пак ісі бойынша куәгер деп танылған полицейдің өзіне Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қызметтік міндеттерін тиісінше орындамай, әрекетсіздік танытқан, ал бұл ауыр зардаптарға әкелген. Аталмыш іс бойынша тергеу 20 мамырда аяқталған, қазір қалалық прокуратураның қарауында. 

 

 

 

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз