Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:26, 08 Желтоқсан 2023

«Жүрегімді тыншытсам болды»: бельгиялықтар асырап алған қазақ баласы өз анасын іздеуде

Бельгия
Фото: из открытых источников

Белгиялық отбасы 20 жыл бұрын Арқалық қаласынан қазақ баласын асырап алған. Баланың есімі - Жәнібек. Ол қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Бүгінде ол өз отбасын белсенді түрде іздеп жатыр, деп жазады Zhasalash.kz.

Бұл туралы «Отандастар қорының» вице-президенті Олжас Беркінбаев facebook парақшасында мәлімдеді.

«Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтар күні Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғыз басты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол», - деп жазды вице-министр.

Оның айтуынша, Жәнібек қазақ тілін білмесе де, ағылшын, испан тілдерін жетік меңгерген. Қазір Астанада, өзінің туған ата-анасын іздеп жүргені мәлім болды. 

«Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой...» - деді О. Беркінбаев.

Жас жігіт бірнеше апталардан соң Испанияға қайтпақ. Бүгінде оның бар үміті отандастарында. Беркінбаев жігіттің өз ата-анасын көруге деген құштарлығын, сондай-ақ қаншалықты асық екенін айтты.

«20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен... Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!» - деді О. Беркінбаев.