«Жүрегіміз мәңгі бірге»: Екі баласын өлтірген әйелдің соңғы жазбасы жарияланды
Түркістан қаласындағы жалдамалы пәтерде екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелдің соңғы жазбасы жарияланды, деп хабарлады Zhasalash.kz.
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде тәрбиеші болып жұмыс іcтеген 31 жастағы әйел 6 ақпанда үйінен екі баласын алып, Түркістан қаласына кетіп қалған. Әйел ол жақта пәтер жалдап, ертесіне 7 ақпанда 2 баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген.
Артынша өзінің Instagram парақшасына 2 баласы мен өзінің қолының суретін салып, «Жүректеріміз мәңгі бірге» деп жазба қалдырған. Сондай-ақ оған Нұрмахан есімді әншінің «Бізге берілген уақыт аз ғана» деген әнін қосқан.
Әннің мәтінінде:
«Ешкімге айта алмай,
Барамын тұншығып.
Мың түрлі сынақтан,
Өте алмай жүрміз күрсініп.
Тағдырға босқа қырсығып,
Бізге берілген уақыт аз ғана», – деген сөздер бар.
Келіншектің жақындары мен достары оның тұрмысы жақсы, ақкөңіл, қонақжай, балаларын қатты жақсы көретін әйел ретінде танитынын айтты. Диспансерлік есепте болмаған. Ешкім бұндай қылмысқа барады деп ойламаған.
Қазіргі уақытта адам өлтіру фактісі бойынша барлық мән-жайларды анықтау мақсатында тергеу жүргізілуде.