"Зорланбас үшін терезеден секірген": Алматылық қыздарға сот үкімі шықты (ВИДЕО)
Алматыда зорлаудан құтылу үшін терезеден секіріп кеткен 20 жастағы қызға қатысты сот үкімі шықты.
Сотта анықталғандай, өткен жылдың көктемінде сотталушылар Т. және Н. жәбірленуші С.-ны жалдамалы пәтерге алып барған. Олардың мақсаты – қорқытып, физикалық күш көрсету арқылы одан 100 мың теңге көлемінде ақша өндіру болған. Шарт: ол ақшаны екі сағаттың ішінде табуы керек.
Жәбірленуші ақшасы жоқтығын, іздеуге 2-3 күн кететінін айтқан. Содан кейін сотталушылар С.-ны ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсу арқылы ақша табуға мәжбүрлеуге шешім қабылдайды. Сондай-ақ олар өз жоспарын жүзеге асырады.
Сот хабарламасында:
“Осы кездесуді “ұйымдастырушылар” сотталушылар Т. және Н.-лар жәбірленушіні пайдалану, яғни оны еркектерге интимдік қызмет көрсетіп, тапқан ақшасын иемдену мақсатында оны жабық пәтерде ұстаған. Алайда жағдай басқаша өрбіді. Пәтердің есігінің құлыптаулы екенін көрген жәбірленуші бейтаныс адаммен жыныстық қатынасқа түскісі келмей, екінші қабаттан секіріп кеткен. Құлау салдарынан қызға орташа дәрежедегі зиян келтірілген», - делінген.
Прокурор кінәлілерді 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамады.
Сот үкімімен Т.-ға тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ Н., тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот ынтымақтаса отырып, моральдық шығынды өтеу ретінде сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына 3 миллион теңге және адвокат қызметі үшін әр адамнан 600 мың теңге өндірді.