Ахметовтің тапсырмасы Тоқаевтың жолдауын жолда қалдырды

Сайт әкімшілігі

07.01.2021, 10:16

5019

       Шығыс өңірдің қала және аудан әкімдері өткен жылдың қорытындысын облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен және тапсырмасымен аяқтап тастады. Айтқымыз келгені – әкім атаулы қазір екінің бірі ашатын әлеуметтік желілерде не істеп, не тындырғаны жөнінде елді құлағдар ету керегін білгенімен, кейде шамадан тыс шеңберден шығып кететіні туралы. Қазір басқа облыс, өңірді кім білсін, Шығыс Қазақстан облысының құрамындағы аудан, қала басшылары қит етсе «облыс әкімі Д.Ахметовтің тапсырмасымен» деп, іс барысын таныстырып өтпесе, ішкені ас болмайтын күйге жетті. Бұған дейін әкім атаулының екі сөзінің бірін елбасы жолдауында айтылғанына сүйеніп сөз бастайтынына үйренген жұрт  қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған жайлар бойынша «Қандай іс атқарылып жатыр?» деген сұраққа жауап іздегенде жер шұқитын болды.

    Тіпті мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы жолдауында айтылған: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл шын мәнісінде «Әділетті мем­лекет» құру тұжырымдамасы. Азамат­тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жә­не әділ шешім шығару қажет» дегені жай ғана елеске айнала бастағандай. Себебі әкімдер үшін «Еститін мемлекет» әлеуметтік желідегі парақшасына «Бүгін ауданымыздағы осындай адам 80 жасқа толған екен. Үйіне кіріп, құтты болсын айтып шықтым» деген сыңайдан ары аспайтын болды. Оны түстеп көрсету қажет емес, өйткені өзін меңзеп отырғанын кез келген аудан әкімі іштей жақсы түсінеді.

      Десек те, аудан, қала әкімдерінің Facebook әлеуметтік желісіне бір сәт көз жүгіртіп көрсеңіз, Шығыс Қазақстан облысы тек қана Даниал Ахметовтің арқасында ауа жұтып, «адам боп» жүргендей әсер аласыз.

Айталық, Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов жаңа жыл алдындағы көпбалалы аналарға баспана берілгені туралы ақпаратын былайша жариялады: «Күні кеше қаламыздың «Ет комбинаты» мөлтекауданындағы екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің кілттерін табыстадым. Аталған үйлер облыс әкімі Д.Кенжетайұлының бастамасымен өңірде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген болатын. Алдағы уақытта да «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы негізінде 50 екі пәтерлі 100 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Тәуелсіздік күні қарсаңында екі бесқабатты 60 пәтерлі үйдің кілттерін табыстасақ, жыл соңына қарай тағы 20 отбасы баспаналы болып отыр», – деп тебірене ой бөлісті аудан әкімі.

       Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасов өткен жылдың жаз айында Тарбағатай ауданының әкімі қызметінен ауысып келген басшы. Ахметовтің тапсырмасына алғыс айту сыңайында ол медицина көліктерінің көлденең тартылғанына ризашылығын білдіріпті. «Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Көкпекті аудандық ауруханасының автопаркі екі жаңа автомобиль-реанимобильмен толықты. Машиналарда барлық қажетті заманауи жабдықтар бар: дефибриллятор-мониторлар, электрокардиографтар, пациенттің реанимациялық-анестезиологиялық көліктік мониторлары, өкпені басқарылатын және қосалқы желдету аппараттары, портативті пульсоксиметрлер, ингаляцияға арналған жүйелер жиынтығы, портативті компрессорлық небулайзерлер, қандағы глюкоза концентрациясының экспресс-өлшегіштері және т.б. «Мұндай заманауи автокөліктер алу біздің жұмысымызда үлкен көмек болады», – деп хабарлады аудандық аурухананың бас дәрігері Әсем  Рахимбаева баспасөз қызметіне» деген жолдарды оқығанымызда, бұл әкімнің ойы ма, парақшасын жүргізетін адамның сөзі ме, түсінуді оқырман еншісіне қалдырдық.

     Сонымен қатар С.Сәдуақасов Ахметовтің мәдениетке де қатты мән беретінін көрсетуге көңіл бөлген (4.01.2021 ж): «МӘДЕНИЕТІ БАЙ ЕЛДІҢ ӨРКЕНИЕТІ ДЕ БАЙ. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауының арқасында өткен жылы мәдениет саласы бойынша ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудан бойынша барлық ауылдық мәдениет ошақтарына 2020 жылы үлкен көңіл бөлінді», – деген аудан басшысы аудандағы осы сала бойынша бірқатар даму барысымен таныстырады.

        Дегенмен әкім атаулының бәрі алдымен Даниал Кенжетайұлының атын алға тоса беруге ұялады екен. Мәселен, Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та баспана үлестіргенде мұндай іс о баста қалайша қолға алынғанын таныстыра кетуді ұмытпапты: «Бүгін жаңа жыл қарсаңында, елбасы жариялаған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, президент Қ.Тоқаевтың жолдауында айтылған тапсырмалар аясында біз өз жерлестерімізге жаңа баспана беруді жалғастырдық. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданымыздың 40 тұрғынына жаңа пәтерлердің кілттерін табыстадық, соның ішінде жетім балалар, мүгедектер, интернационал жауынгерлер және т.б. бар. Соңғы екі айда ауданымызда жаңа бесқабатты 40 пәтерлі үй мен облыс әкімі Д.Ахметовтің тікелей тапсырмасымен екі пәтерлі сегіз үй салынып берілді», – дейді Н.Сақтағанов.

        Ең қызығын және Ахметовке деген адалдығы ма, кім білсін, ғажайып мәтінді Зайсан ауданының әкімі Серік Зинабекұлы жариялапты: «Бүгін облыс әкімінің тапсырмасымен Біржан ауылында болып, қысқы маусымдық жұмыстарын және сайлау учаскесінің дайындығын көріп қайттым», – деп ағынан жарылады С.Зайнулдин. Осы тұста «Ахметовтің тапсырмасынсыз орнынан қозғалуға болмай ма екен?» деген езу тартарлық сұрақ туады.

      Жалпы, Ахметовке деген осындай қол астындағы әкімдерінің адалдығына қарап, өзге облыс әкімдерінің іші күйетін болар деген де ой келеді. Өйткені шығыстық шенеуніктер Даниал Кенжетайұлы тапсырма бермейінше, тапжылмай отыра беретін сияқты. Ал кабинетінен шығып, ел ішіне барды ма, міндетті түрде елден бұрын, облыс әкіміне жолдап, естері кетеді де жүреді. Ай соңында президент Қ.Тоқаев өткен жылғы жолдауында негізін салып берген «еститін мемлекет» деген ұғымды елеусіз қалдырып, әлеуметтік желідегі парақшаларын «дәретке барса да» есеп беретіндей деңгейге жеткізіп, бір күн ішінде бірнеше рет толтырумен әуре. Ал бір кездері жаппай ұрандатқан елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру. Болашаққа бағдар» атты мақаласы мен күні кеше ғана жариялаған Қ.Тоқаевтың «Бәрінен де тәуелсіздік қымбат» атты мақаласы осы екпіндерімен кете берсе, елеусіз, тасада қала бере ме деген еріксіз ой туады.

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.10.2021, 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 19.10.2021, 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31