Алайын десем үй қымбат

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

14.12.2021, 13:20

1181

Батыс Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы қатты сезілуде. Үйлер салынып жатыр, алайда оның қарқыны сұранысты қанағаттандыруға жетпейді. Мәселен, Оралдағы Отбасы банкі клиенттері баспананың әр шаршы метрін 200 мың теңгеден алғысы келеді, бірақ құрылыс компаниялары 240-250 мың теңгеден түскілері жоқ және 30 пайыз бастапқы жарна талап етеді. Банк салымшыларының барлығында ондай қаржы қайдан болсын?

         Жуырда Отбасы банкі өкілдері мен мердігерлер және банк клиенттері өзара бас қосып, тығырықтан шығу жолдарын талқылады. Дегенмен тараптардың көңілінен шығатындай диалог өрбімеді. Бар мәселе – бағаның қымбаттығында. Оралдық Қуанышәлиевтер отбасы осыдан төрт жыл бұрын банктен депозит ашып, ақша жинай бастаған екен. Енді үш бөлмелі пәтер аламыз деп келгенде, қуаныштары су сепкендей басылыпты. «Орташа жалақы 80-100 мың теңгеден аспайтын біздің қала үшін әр шаршы метрге 250 мың теңге сұрау ақылға сыймайтын жағдай. Қарапайым адамның қалтасы көтермейтін бағаны құрылыс компаниялары қайдан алатынын түсінбеймін. Бүгінгі кездесуден түйгенім – қымбат қақпен ипотека алып, қарыздың қамытын киюге дайын емес екенмін», – дейді отағасы Асқар.    

         Осыдан бірер жыл бұрын Отбасы банктің кез келген салымшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бюджет қаржысына тұрғызылған үйлерден пәтер ала алатын. Ондағы әр шаршы метр құны 160 мың теңге болатын. 2021 жылы заңдылыққа енгізілген өзгерістер бойынша енді бұл бағаға пәтерлерді, ең алдымен жергілікті әкімдіктерде 13 санат (көпбалалы аналар, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері және т.б.) бойынша үй кезегінде тұрған азаматтар ала алады. Қалып жатса ғана Отбасы банктің қатардағы салымшыларына беріледі.   

         БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қ.Досановтың айтуынша, биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 476 пәтер берілмек. Үш көпқабатты үй Оралдағы №10 ықшамауданда салынып жатыр, Тоқпай ауылында 120 үйдің құрылысы жүруде. 

         Өз кезегінде Отбасы банкі өкілдері тек құрылысы бітіп, техникалық төлқұжаттары әзір болған пәтерлерге ғана несие рәсімдеуге құқылы. Салынып жатқан үйден салымшы пәтер ала алмайды. Егер салымшы банкте жинаған ақшасынан мердігерге алғашқы жарна ретінде 30 пайызын төлейтін болса, банк арқылы несие рәсімдеу құқынан айырылады. Енді құрылыс компаниялары қос тарапқа қолайлы шарттарды іздестіруде. Мысалы, Отбасы банкі клиенттері үйді салу барысында-ақ пәтерді сатып алу мүмкіндігіне ие болса дейді олар.

         Мәселені шешудің бір жолы – құрылысшыларға кепілдік керек. Ол банктен бола ма, жергілікті атқарушы органдардан бола ма немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясынан бола ма – мердігерге бәрібір. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында жалғыз «Болашақ Т» компаниясының осындай кепілдігі бар көрінеді.  

Тегтер: тұрғын үй пәтер үлескер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:23
Түркістандағы қайғылы оқиға бойынша сот үкімі шықты
Арайлым Еркебаева 26.01.2022, 09:25
Зейнеткерлердің зейнетақысы бес жыл бойы ұрланып келген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.01.2022, 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 20.01.2022, 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48