Әлихан бейнесі көз тартады

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

26.08.2021, 09:40

712

Семей қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай салынған өзгеше өрнек қала төрінен орын алды. Шәкәрім даңғылындағы №15 көпқабатты үйдің қабырғасынан Әлихан Бөкейханның ерекше тұлғасы көз тартты. Ұлт перзентінің асқақ тұлғасы бейнеленген мурал Семейдегі алғашқы стирт-арт стиліндегі туынды болуымен де ерекшеленеді.

Айта кетейік, екі апталық жұмыстың нәтижесінде дүниеге келген туындының авторы – Александр Романов. Алматыдан келген сегіз жылдық тәжірибесі бар кәсіби маманның талантына семейліктер зор ризашылығын білдіріп отыр.

Erudit Group білім беру орталығының атқарушы директоры Мақсат Жәнібектің айтуынша, аталған сурет тұрғын үйге қызмет көрсетуші компаниямен,  тұрғындармен келісіп, заңды негізде жүзеге асырылған. Муралды салып шығуға 3,5 миллион теңге шамасында қаржы жұмсалыпты. Сондай-ақ 60 литр акрил бояуы қолданылған. Ұзақ уақыт сақталуы үшін қабырғаның көлеңке тұсы таңдап алынған.

       Ұлт мүддесін көздеген Алаш көсемінің есімін ардақтау идеясының себепкері Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті екенін (ректоры – Шырын Асылханқызы) айта кеткен жөн.  Аталған мекенжайдағы тұрғын үйдің кіреберісіне LED-лампалар орнатылып,  аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

       «Университет қолдауымен жүзеге асырылған мурал бүгінде қала көрінісіне  әсемдік беріп қана қоймай, Әлихан Бөкейханның тұлғасына, ел тарихына құрмет ретінде және қаламыздың көркеюіне, абаттануына үлес қосу мақсатында да орындалған ерекше мәдени насихаттаушы туынды болды», – дейді Мақсат Жәнібек.

Сырт қарағанда ұлт намысына қуат сыйлайтын көрініс екеніне шүбә жоқ. Алайда Семей қаласы Ертіс өзенінің  сол жағалауындағы бөлігінің шет аймағында орналасқан Комсомол кентіндегі Әлихан Бөкейхан көшесіне көз түскенде көңіл құлазиды. Өйткені 89 үй орналасқан, асфальті шала төселген көше Алаш көсемінің атында.

Ал аталған мурал салынған үй қала орталығындағы Шәкәрім даңғылында орналасқанын ел жақсы біледі.  Абай, Міржақып Дулатов, Шоқан Уәлиханов, Жүсіпбек Аймауытов көшелері де қатарласып жатыр.

Сайып келгенде, Әлихан Бөкейханұлына орнатылған ескерткіш те осы төңіректе тұрғанда «Семей – парадокстар қаласы» деген белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның көзқарасы да көкейге қонатындай. Күні ертең оқу ордасы алдын ала мәлімет таратқандай, Мәңгілік ел көшесіндегі Қазақ инновациялық-гуманитарлық университетіне Әлихан Бөкейханның есімі берілсе, көшенің де ұлт тұлғасының атын сұрап тұратыны анық. Ал ол кезде Мәңгілік ел көшесін «далада қалдырмай», жаңадан салынған «Қарағайлы» ықшамауданына шығарып салуға әбден болады.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 09:39
Балалар еш кедергісіз білім алуы қажет
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 08:09
Ғани Мұратбаев атындағы сыйлық табысталды
Б.СӘУЛЕБЕК 17.08.2022, 18:07
Балабақшаларды лицензиялау кімдерге ұнамайды?
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 17.08.2022, 18:02
Ұлттық жобаны игеруде озықтық керек
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 17.08.2022, 16:34
Сот жүйесі уақыт сұранысына сай бейімделуде
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 17.08.2022, 14:42
«Отбасылық сот» шаңырақты шайқалтпауды көздейді

Аңдатпа


  • Түрксіб ауданының әкімін тұрғындар мәселесі қызықтырмайды
    20:17
  • Тимур қазаққа түкірді
    08:13
  • Қазынаны қанайтын емес, жарылқайтын жобаға қашан жетеміз?
    08:12
  • Шөкеевтің өтірігін әшкереледі
    08:10
  • Теңгені теңселткен рубль
    17.08.2022, 08:22