Алпауыттың кілті – аспанда

Қарағандылықтар  бір жылдан бері газ күтіп жүр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.10.2021, 09:05

1459

Арқаға қыс жылдағыдан  ерте келді. Алдыңғы күні ұшқындаған алғашқы қар жер жастанып қалды. Енді жердің тоңы жібитін емес. Биылғы қытымыр қыста «палеолит дәуірінің дәстүрімен қоштасып, өркениеттің  қызығын көреміз» деп қиялдаған қарағандылықтардың арманы орындалмай қалды. Ал елден бұрын үйлеріне газ құбырын өткізіп алған Талап ауылының тұрғындарына тіпті тықыр таянып қалған. Газға дәмеленген кейбір отбасылар шаңыраққа мамыражай жылу тарататын пештерінің жұрнағын да қалдырмай, бұзып тастаған көрінеді. Мұндағылардың дәмесі елден ерек-тұғын. Желпінбегенде ше?!  Қазір мұндағы 145 ауланың сыртына газ құбыры келіп тұр. Дейтұрғанмен тұрғындар біткен істің берекесін қашан көретіні беймәлім күйде.

– Газ күткелі екі жыл болды. Жазда осы маңға  келген арнайы мамандар тұрбаларды өткізіп, қазандық орнатып кетті. Одан кейін қараларын мүлдем батырды. Үміт оты жылт еткендей болып еді. Біз де үй ішіне құбыр кіргіздік. Амал жоқ, газ келмесе, пешімізді қайта соғамыз, – деді бізге өкінішін жеткізген Орынбасар Смайылова әжей.

Әр өңірдің сыры тұрғындарына аян. Кейбір талаптықтар ауылға көгілдір отын келгеннің өзінде, қыста құбыр ақшұнақ аязға ұрынып, кенеттен  істен шығуы әбден мүмкін екенін айтып отыр.

– Біздің жақтың қысы қатал. Газ қатып қалса, үйді қайтіп жылытамын? Сондықтан пешімді сақтап қалдым, – дейді Талап ауылының тұрғыны Әбдіреш Жолаев. Талаптағы  әр үйдің ішіне құбыр кіргізу үшін 500 мың теңге қаржы қажет. Мұның сыртында, қажетті қосалқы бөлшектер мен керекті материалдар  сатып алуға осыншама қаражат кетеді. Тұрғындарға қомақты соманы бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. «Тірі» ақшаға жарымай отырған қырдағы ағайынға бұл қорғасындай салмақ салары анық. Әр шаңыраққа газ тарту жұмысын кері тартып отырған тағы бір түйткіл бар.  Іс кемеліне келген шақта тең жарты тұрғындардың үй құжаты түгел болмай шыққан. Халықтың құжатқа кем-кетігін түзетіп, толықтырып беруге қазір жергілікті әкімдік сеп тигізуде. Осы іс тиянақталған соң,  газ тартушы компаниямен техникалық құжат жасалады.

– Біздің білуімізше, аймақ бойынша Қарағанды, Теміртау қалаларына газ құбырын тартудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Жезқазған мен Талап ауылында негізгі міндеттер аяқталды. Техникалық құжаттар дайын тұр. Солай бола тұра, халыққа газ беру бойынша тариф бекітілмей жатыр, – дейді Талап ауылының әкімі Талап Бапанов.

Облыс бойынша былтыр  бірінші кезекте 3000 үйді газбен жылыту басталу керек-тін. Бірақ тиісті қаржының жеткіліксіздігінен Қарағандыда бұл жұмыс бір жылға кідіріп қалды. Соның салдарынан  өңір бойынша ортақ тариф бекітілмей отыр.

– Қалалар мен елді мекендерді газбен қамту шарасына республикалық қазынадан 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Алайда былтыр елімізде пандемия басталғанда бізден 4 млрд теңгені кері қайтарып алды. Осылайша облыс орталығындағы газ құбырын тартуды аяқтауға 900 млн теңге жетпей қалды. Бірақ біз «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына қажетті құжаттарды әзірлеп бердік. Оларға дайын тұрған аумақтарға газ беру, тариф бекіту ісін жеделдетуді сұрап бірнеше рет  өтінім хат жолдадық. Соңғы жазбаша ұсынысымызды қазан айында жібердік. Алғашқы лектің газды күткеніне бір жыл, соңғысына жеті ай болды. Қожайын компания  мәселені әлі күнге дейін кері тартып келеді, – деп күйінді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.  

 Осылайша облыс шенеуніктерінің ұлт қаржысының ұясы атанған «Самұрық» компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймаққа» әмірі жүрмей отыр. Бізге алпауыт компанияның аймақтық бөлімшесінің өкілдеріне жолығу былай тұрсын, тілдесуге өкілін таппай дал болдық. Сонда, елден бұғып, ерекше есебін шығара алмай жатқан құпия мекемедегілер халық пен атқарушы  биліктен мәрт болғаны ма?

Тегтер: көгілдір отын нарық баға қымбатшылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Расул ЖҰМАЛЫ 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 19:38
Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев
Бақыт ТІЛЕГЕН 20.10.2021, 18:42
Ерікті болу еріккеннің ісі емес
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31