Ауылдықтар ауадан интернет «аулап» жүр

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

24.12.2020, 15:23

1338

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары жергілікті биліктен сапалы байланыс пен интернет сұрап отыр. Көптеген елді мекендерде халық алыстағы ұл-қызымен, қала берді, жақын-жұрағатымен бір ауыз тілдесу үшін үйдің шатырына шығып, биік жер іздеп кетеді немесе базалық стансаның дәл түбінде сағаттап тұруға мәжбүр.  Кей ауылдарда ол да жоқ, ел сөздің тура мағынасында соқыр, мылқаудың күйін кешуде. Әсіресе онлайн оқитын оқушылардың жаны қиналып жүр.

  Рас, билік өкілдері мұның бәрі бізге белгілі деп мойындайды. Олардың дерегінше, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы екі жылда Жайық өңірінде мемлекеттік-жеке әріптестік аясында бес аудан (92 ауыл) талшықты байланыс желісімен (ВОЛС) қамтылып, 200-ден аса бюджеттік ұйым оған қосылған. Жалпы, облыстағы 428 елді мекеннің 312-сінде интернет жұмыс істеп тұр-мыс. Биыл ұялы байланыс операторларының көмегімен халқы 250 адамнан асатын 18 ауылдың 10-ына интернет барады. Алдағы жылы қалған сегізі жоспарда. Тұрғын саны 250 адамнан аз 98 елді мекен туралы ақпарат салалық министрлікке жолданған. Бұларға қатысты арнайы бағдарлама қабылданбаса болмайын деп тұр.

— Талшықты байланыс желісін тарту көп қаржыны қажет еткендіктен, біз ұялы байланыс арқылы интернетке қосуға баса мән береміз. Күні бүгін облыстың елді мекендеріне 100-ден аса байланыс мұнаралары керек. Оған қатысты бюджеттік өтінім жолдадық. Ерекше атап өтетін жағдай – бұрын әр байланыс операторы ауылға тек өзінің мұнарасын қоятын болса, енді олар өзара меморандумға қол қойып, бір мұнараға бірнеше оператордың базалық стансаларын орналастыруға келісті. Бұл халыққа өте ыңғайлы.

     «Қолжетімді әкімдік» бағдарламасы елімізде ең алғаш біздің облыста қолға алынғаны белгілі. Цифрландырудың арқасында қазіргі таңда көптеген қызмет түрлері (жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, үйге кезекке тұру және т.б.) электрондық жүйеге көшіріліп, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға зор көмегін тигізуде.

Қалада коммуналдық салаға қатысты сауалдарға жауап беретін «109» бірыңғай нөмірі жұмыс істеп тұр. Өткен жылы жедел қызмет салаларының басын біріктірген «112» нөмірі (жедел жәрдем, төтенше жағдай, полиция) іске қосылды.  Шаһарда «Қауіпсіз қала» жобасы жемісті жүзеге асырылуда. Көшелерде 40 дана жылдамдық өлшегіш құрал мен 120 бейнекамера орнатылған. 2019 жылдың қорытындысында цифрландыру қарқыны жөнінен Орал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейін үшінші орынға табан тірегені көңіл тоғайтады, – деп сайрайды атқамінерлер.

Қарап отырсақ, қағаз жүзінде біраз жұмыс жүріп жатқан сияқты. Ана шаруаны қолға алдық, мына тірлікті бітірдік деп есеп бергенде аузың ашылып, бас шұлғи бергің келеді-ақ. Бірақ халықтың «байланыс жоқ» деген жанайқайын күнделікті естігесін әсерлі сөздер мен әдемі слайдтарға күдікпен қарауды үйрендік. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар осы мәселені майшаммен қарады. Бақсақ, бұлар да сапасыз байланыстан әбден қиналып кетіпті. «Ауылдарды айтпағанда, Оралдың өзінде ұялы байланыс дұрыс істемейді. Қоңырау шалып, сөйлесе бастағанда түк естілмей қалады, ал тарифің зырылдап айналып жатыр. «Алло, алло!» деп айқайға басасың. Сосын амалсыз нөмірді қайта тересің. Әбден зықың шығады. Қашан операторлар жұмысы түзеледі?» – деп сұрады бір депутат. Оған БҚО мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Петр Лежников: «Қалада ахуал тап сіз айтқандай күрделі емес, мүмкін, «глушилка» тұрған жерден хабарласқан боларсыз. Нақты айтсаңыз, біз анықтап берейік», – деп, екіұшты жауап қайтарды. Тағы бір «көнекөз» депутат осыдан бірнеше жыл бұрын аудан-ауылдарға интернет апарамын деген «Қазақтелекомға» бюджеттен мол қаржы бөлінгенін, дегенмен оның ақыры құмға сіңген судай жоғалғанын еске алды. Оған берілген жауап та сіз бен бізге әбден түсінікті. Барлық мұрағаттар қопарылып, талдап, тексерілді. Нәтижесінде қаржы бөлінгені туралы ешқандай ресми құжат табылмады. Расында да, кеше бөлінген миллиардтардың есебі бүгін шықпай жатқан уақытта баяғыдағы миллиондарды сұрап қайтсін бүгінгілер. Айтпақшы, осы «Қазақтелекомға» да көпшіліктің қыжылы көп. Байланыс нарығында жеке-дара монополия құрып, қып-қызыл пайда тапқан сайын аудандардағы мамандарын қысқартуда. Оңтайландыруды ойыншыққа айналдырған әрекеттерінен абоненттері зардап шегіп, үйлеріне айлап интернет қойдыра алмай жүргендер жетерлік. Ол өз алдына бөлек тақырып.

Ұялы байланыс тақырыбына қайта оралсақ, ерекше күрделі жағдай Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында қалыптасқан. Соңғы қос ауданның жағдайы аз да болса түсінікті. Өйткені Оралдан шалғай, 500 шақырым қашықта орналасқан. Ал енді облыс орталығынан 150 шақырымдағы Сырымның ұялы байланысы, бейнелеп айтқанда, «ұшып» тұруы керек емес пе? Өкінішке қарай, олай емес. «Біздің Сырым ауданындағы Қызылағаш, Жамбыл, Көгеріс, Тасқұдық, Талдыбұлақ, Бұлан ауылдарында ұялы байланыс жоқ. Соңғы ауыл аудан орталығына таяқ тастам, 10 шақырым жерде тұр. Бұл мәселені 2014 жылдан бері талмай айтып келемін. Нәтижесі – нөл. Ауданға ұялы байланыс 2007 жылы сәуір айында келіп еді, 14 жылдан бері ауданның іргесінде, 10 шақырым жерде тұрсақ та, үйде көсіліп жатып еркін сөйлесу арман болды», – дейді Сырым ауданы Бұлан ауылының тұрғыны Серік Зиятов.

Осы ауданға қарасты Алғабас ауылы Орал мен Сырымның қақ ортасында, Самара–Шымкент халықаралық күре жолының бойында тұр. Мұнда да тұрғындар телефон ұстап көшеге шығып, ауадан интернет «аулап» жүр. «Тоғыз жолдың торабында орналасқан Алғабас ауылындағы «Билайн» деген байғұсқа көмек керек. Онлайн сабақ оқитын студенттерге обал. Күннің суығына қарамастан, ауылдың шетінде орналасқан «Билайн» мұнарасының қасына барып сабақ оқып жүр. Сол студенттердің бірі менің үйімде. Баламды аяймын, үйде ешкім болмай қалғанда мамасымен оқуға кетеді. Бірнеше рет отаға түскен баланың салқын жерде жүруі ақылға сыймайды», – дейді алғабастық Нұрболат Жұмағазиев ашынып.

Осы орайда, интернет пен ұялы байланыс мәселесі жақсы шешімін тапқан аудан ретінде Шыңғырлауды мысалға келтірсек жеткілікті. Аудан әкімі Әлия Мұқанбетжанованың айтуынша, ауданда байланысқа қосылмаған бір ғана ауыл қалған, оның өзі бірер аптада шешіледі, жабдығы орнатылуда. Басқаларға осындай іскери мәнерде жұмыс істеуге кім кедергі?   

Хош, сонымен, облыс аумағы қашан сапалы ұялы байланыспен және интернетпен толық қамтылады деген сауалға тағы тірелдік. «Бақсақ, бақа екен» демекші, оның нақты мерзімі әлі анықталмапты. «Талшықты желі келіп тұрған жерлер бар, бірақ олар тек мемлекеттік мекемелерге кіреді. Ал қарапайым ауыл халқына одан пайда жоқ. Телефонда 4G көрсетіп тұрады, алайда оқушылар жаппай сабақ оқыған кезде байланыс сапасы нашарлап кетеді, базалық стансаның қуаты жетпей қалады. Оның сыртында автокөлік жүретін күре жолдарды  байланыспен толық жапқан жоқпыз. Шешу жолдарын операторлармен бірлесіп қарастырудамыз. Бірінші нұсқа – интернетті талшықты желі келіп тұрған нүктеден модем арқылы тарату. Екінші нұсқа – мұнаралық антенналар құрылысын жүргізу. Осы нұсқалардың тиімділігін анықтау үшін Оралдағы Деркөл кенті аумағында және Теректі ауданының Жаңа өмір, Барбастау, Юбилейное ауылдарында сынақ өткізуді жоспарладық. Бірақ қажетті құрал-жабдықтар келмей, әзірге аздаған қиыншылықтар туындап жатыр. Облыстың елді мекендерін сапалы байланыспен қашан толық жабатынымыз әлі белгісіз. Жұмыс көп. Жұмыс жоспарын жасақтауға бір-екі ай керек», – деп отыр П.Лежников мырза. 

Қысқасы, жұмыс жоспары жасақталмаған, нақты мерзімі белгіленбеген болса, бірқатар аудан-ауылдардың тұрғындары телефондарын сандықта сақтай тұрады, бұл – интернет келмесе мемлекеттік қызметтерді онлайн алу да мүмкін емес деген сөз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 21.01.2021, 17:44
"Ұлттық ат бәйгесін ас беру деңгейінде ғана қарастыруға болмайды"
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.01.2021, 16:13
Алименттен жалтарған әкенің көлігі тәркіленді
Мариям МАҚСАТ 21.01.2021, 14:14
Павлодар атауы өзгере ме?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 20.01.2021, 09:21
Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.01.2021, 14:46
Қарағандылық қайсар ана депутаттыққа неге ілікпеді?
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 19.01.2021, 09:05
Әбдіқалықованы отставкаға жібереміз бе?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15